Home » Айдарлар » Саясат » Қазақстан белсенділері Зеленскийге елең етті

Қазақстан белсенділері Зеленскийге елең етті

Украинадағы президент сайлауында әртіс Владимир Зеленскийдің президент Петр Порошенкомен қатар екінші турға өтуі Қазақстан жұртшылығын таңырқатып, әлеуметтік желіде «Украинадағыдай болғанын қалаймыз» деушілер көбейді. Белсенділер Украинадағы демократиялық сайлаудан үлгі алуға шақырса, оппозиция алдағы президент сайлауына ортақ кандидат ұсынуға бола ма, жоқ па деген мәселені талқылап көрмекші.

Нұрсұлтан Назарбаев өкілетін аралық президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғаннан кейін алдағы президент сайлауына кімдер қатысуы мүмкін дейтін сұрақ жиі қойыла бастаған. Украинада наурыздың 31-інде өткен президент сайлауында әртіс Владимир Зеленский екінші турға шыққан соң бұл сұрақты қоюшылар көбейгенімен, қазіргі саяси жағдайда «қазақстандық зелинскийлерге орын жоқ» дейтін күдіктер те айтылды. Бірнеше белсенді мен саясаттанушы қазақстандық сайлаушылар сайлау құқығын жүзеге асыра алмай отырғаны жайлы тағы да жаза бастады.

«ӘДІЛ САЙЛАУҒА ШАҚЫРУ»

Саясаттанушы Досым Сәтпаев Facebook парақшасында «Украина, Қырғызстан немесе Грузия қателесіп жүріп те саяси даму жағынан бізден озды. «Демократияға халық дайын емес» дейтін абсурд тезистен бас тарту керек. Дайын, не дайын еместігін халықты нағыз сайлауға қатыстырмаса қайдан біледі? Бірақ бізде сайлау құқығын беруден сескенеді» деп жазды.

Ал қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан «Нұр Отан» партиясының хатшысы Мәулен Әшімбаевты сайлау туралы заңды өзгертіп, «қантөгіссіз әділ сайлау өткізуге» шақырды. Тайжан мұны Әшімбаевтың баспасөз бетінде «Нұр Отан» партиясы бәсекеден қорықпайды» деген сөзінен кейін айтқан еді. Әзірге Мәулен Әшімбаевтың қандай да бір жауабы естілген жоқ. «Нұр Отан» да, өзге саяси партиялар да президент сайлауына қалай қатысатыны жайлы нақты мәлімдеме жасамады.

Саяси болжамдарға қарағанда, келесі президент сайлауына президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы, парламент сенатының төрағасы Дариға Назарбаева, немере інісі ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш ұсынылуы мүмкін. Президенттікке бас үміткерді «Нұр Отан» партиясының төрағасы, «Елбасы» Нұрсұлтан Назарбаев анықтайды деп санайтындар да көп.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қызы Дариға Назарбаева.
Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қызы Дариға Назарбаева.

«КІМДІ ҚОЛДАЙМЫЗ?»

Қазақстан Конституциясына соңғы жылдары енгізілген өзгерістер бойынша бес жыл мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы орында жұмыс істемеген адам президенттікке кандидат бола алмайды. Жұртшылық арасында бұл талапқа сай келмейтіндерді де кандидат ретінде көргісі келетіндер бар. Украинадағы Зеленскийдің мысалын үлгі етіп, билікті сынап жүрген оппозициялық саясаткер немесе қоғамның танымал белсенділері сайлауға түсуі тиіс деген пікірлер көбейген.

Желі қолданушысы Қуаныш Еділхантегі президенттіктен үміткер ретінде әлі ешкімнің белсеніп шықпағанына таңырқайды. «Жақында Тасмағамбетов туралы жазып едім, көбі жақтырмайды екен. Жарайды, ендеше басқа кандидат табайық. Кім болса, ол болсын, тек қызы емес. Жұрт Дос Көшімді айта бастапты. Мейлі, оған да келістік. Тек тездету керек қой, ал желі болса тым-тырыс» деп жазады.

Қоғам белсендісі Халелхан Ибрайымханұлы Facebook парақшасында «Ел қамын ойлайтын президент боламын» деген адамды қолдауға әзірмін. Парламенттік республика құрамыз деушілерді де қолдаймын. Алдымен түрін көріп, бағдарламасымен танысу керек» деген пікір қалдырған. Мұндай пікірлерге қарағанда, электораттың бір бөлігі қазірден-ақ болашақ кандидатпен танысқысы келетіні байқалады. Бірақ, ондай кандидат биліктен де, билікті сынаушы оппозициядан да әзірге шыққан жоқ.

Қазақстанда оппозиция бар ма деген сұрақтың өзі даулы мәселеге айналған. «Оппозиция жоқ» деушілер өзін оппозициядағы саясаткер ретінде көрсететіндерге сенгісі келмесе, кейбірі «жүйелі оппозиция жойылғанымен жеке тұлғалар қалды» деп санайды.

«ОРТАҚ КАНДИДАТ ШЫҒАРУ»

Осыған орай Азаттық тілшісі сарапшылармен сөйлесіп көрген еді. 1998 жылы Әкежан Қажыгелдинмен бірге оппозиция қатарына өткен Әміржан Қосанов тәжірибелі саясаткерге айналған. Ол билікті сынаушылар жеке бас амбициясын қоя тұрып, президент сайлауына бірігіп қатысуы керек деп есептейді.

– Қазақстанды демократияландыратын бір тұлға шығуы керек. Билікке балама ойы барлардың арасында праймериз өткізу қажет. Осы қадамдарға кірісеміз, – дейді ол.

Әміржан Қосанов.
Әміржан Қосанов.

«Президенттікке үміткер билік тарапынан қысым көреді, оған да шыдауы тиіс» деген Әміржан Қосанов соңғы жылдары «Жаңа Қазақстан» форумының мүшесі ретінде көріне бастаған. Алайда, ол форум ресми тіркелмеген, яғни аталған форумның үміткер ұсынуға құқығы жоқ.

– Оппозицияда легитимді екі партия бар. Бірі – ЖСДП, бірі – «Азат» партиясы. Өткен парламент сайлауында орталық сайлау комиссиясының реестрінде «Азат» партиясы тұрды. Осы екі партияға да үлкен жауапкершілік жүктеледі, – дейді ол.

Әміржан Қосанов атаған «Азат» партиясы 2013 жылы саяси сахнадан төрағасы Болат Әбілевпен бірге кеткен еді. Бірақ 2015 жылы сәуірде өткен президент сайлауы кезінде сайлау комиссиясының тізімінде тұрғанына Азаттық тілшісі де куә болған.

2015 жылы «әділетсіз өтетін президент сайлауынан бас тартамыз» деп мәлімдеген ЖСДП саяси алаңда сирек көрінетін партиялардың ұйымдардың біріне айналған. Ал Әміржан Қосанов бір кездері ЖСДП төрағасының орынбасары болып, партия басшылығымен келісе алмай тарқасқан.

– Сыртымнан шығарып жібермесе, ЖСДП құрамынан шыққам жоқ. Басшылығымен ренішіміз болса да, партияда оппозицияның бірігуін қолдайтындар жеткілікті, – дейді ол.

1990 жылдардың ортасында премьер-министр қызметін атқарған Әкежан Қажыгелдин таяуда баспасөзге берген сұхбатында «режимге қарсы тұруға шақыратын кез-келген адамды қолдайтынын» мәлімдеген.

ЖСДП төрағасы Жармахан Тұяқбаймен сұхбаттасу мүмкін болмады. Ол бұған дейін Азаттыққа «оппозицияның тіркелген жалғыз партиясын оппозиция бірігетін күндерге сақтап жүргенін» айтқан еді. Жармахан Тұяқбайдың өзі 2005 жылы наурызда Қазақстан демократиялық күштері үйлестіру кеңесі ұсынысымен президент сайлауына «ортақ кандидат» ретінде түсіп көрген.

Ұзақ жылдар оппозициялық басылым жетекшісі болған Гүлжан Ерғалиева шынайы оппозициялық партияның жоқтығын, билікке оппонент тәуелсіз кандидатты қоғамдық бірлестіктер атынан да ұсынуға болатынын, ендігі сайлау бұрынғыдан өзгерек өтеді деп үміттенетінін білдірді.

– Тәуелсіз кандидаттың оппозициядан шығуы міндетті емес, бірақ оппозицияның қолдауын да алуы керек. Жүйелі оппозиция жойылса да, тәжірибесі, халық сенетін оппозициялық саясаткерлер қалды. Билікті сынаушы оппозиция мен азаматтық қоғам қолдаса, қаржы да табылады,-дейді ол.

Гүлжан Ерғалиева.
Гүлжан Ерғалиева.

Гүлжан Ерғалиеваның сөзінше, билік сайлау заңдылығын арттыру үшін ескі әдістерін қолданып, тәуелсіз саналатын ұйымдардан балама кандидат ұсынып, электоратты бөлуі де мүмкін.

«ЖАЛҒАН ОППОЗИЦИЯНЫ ӘШКЕРЕЛЕЙМІЗ»

1990 жылдардың бас кезінен оппозицияда келе жатқан саясаткерлердің бірі Жасарал Қуанышәлин «жалған оппозияция қандай кандидат ұсынуы мүмкін» деп таңырқайды.

– Назарбаев президенттіктен кетсе де, саяси жүйесі – сол күйі. Әділ сайлау өткізетін заң қабылдамай бәрі – әурешілік. Егер азаматтық қоғамнан белсенді біреу сайлауға түсікісі келсе, өзін дәлелдесін, біз де қолдаймыз. Ал жалған оппозиция өз арасынан біреуді ұсынса, кім екенін әшкерелейміз, – дейді ол.

Жасарал Қуанышәлин қуғындағы бизнесмен, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовтың Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстан демократиялық таңдауы» қозғалысын жақтайтынын айтады. Оның сөзінше, Қазақстанда оппозицияда жүргендерді Әблязов та қолдамайды. Қазақстанда түрлі шеру өткізуге әлеуметтік желі арқылы шақырып жүрген Мұхтар Әблязов Қазақстандағы оппозицияшыл саясаткерлерді бірнеше рет сынаған.

Жасарал Қуанышәлин.
Жасарал Қуанышәлин.

2017 жылы мамырда парламент мәжілісі Қазақстан президенттігіне үміткерлерге қосымша талаптар қоюды қарастыратын заң жобасын мақұлдаған. Бұл заң бойыншапрезиденттікке кандидаттарды қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялар ғана ұсына алады.

Азаматтардың президенттікке кандидат ретінде өзін-өзі ұсынуына тыйым салынған. Әділет министрі Марат Бекетаев мұны:

– Көрші мемлекеттерге қараңыздар, Украинада қиялдан туған кейіпкер де сайлауға түсті. Осындай оқиғалар өзін үміткер ретінде ұсынудың дұрыс еместігін көрсетті, – деп түсіндірген еді.

Заң бойынша бұған қоса кандидаттар мемлекеттік қызмет немесе сайланбалы орында кем дегенде бес жыл қызмет атқарған болуы шарт және президент міндетін атқаруына кедергі келтіретін ауруы жоқтығын растау үшін медициналық тексеруден өтуі тиіс.

“Азаттық” радиосы

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Қытай СІМ: Өзбекстан Қытайдың ұйғырларға қарсы саясатын қолдады

«Ғасырдың қара таңбасына» айналған Қытайдың ұйғырларға қарсы саясаты адам шошырлық. Себебі ұйғырларға агрессиялық сипаттағы саясат ...