Бүгін – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні

2822
Adyrna.kz Telegram

Бүгін – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. Бұл мереке 2019 жылы Үкіметтің қаулысымен бекітілді.

Бұрын Тәуелсіз Қазақстанның журналистикасы күні 10 мамырда атап өтілді. Себебі 1870 жылы дәл осы күні қазақ тіліндегі алғашқы басылым - «Түркістан уәлаяты» газетінің алғашқы саны жарық көрген еді.

1997 жылы бұл дата өзгертіліп, журналистердің кәсіби мерекесі БАҚ туралы қазақстандық алғашқы заң шыққан күн 28 маусымға белгіленді.

2011 жылдың қазанында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі кәсіби және басқа да мерекелер тізімінің жаңа редакциясын мақұлдады. Оған сәйкес, 28 маусым Байланыс және ақпарат құралдары қызметкерлері күні болып бекітілді.

Ал 2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесін бекітуге тапсырма берді. Сөйтіп 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні деп жарияланды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің 2023 жылы ақпан айында берген мәліметтеріне сүйенсек, елде есепке қойылған 5 208 БАҚ бар: мерзімді баспа басылымы – 3 686, телеарна – 191, радио – 84, шетелдік БАҚ – 279 және интернет БАҚ – 968 (оның ішінде ақпарат агенттігі – 543, желілік басылым – 425).

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамда құндылықтар жүйесін жаңғыртып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастырудың мән-мағынасы зор. Бұл бағытта еңбекқорлық пен білімпаздықты, адал азаматқа тән қасиеттерді дәріптейтін масс-медиа өкілдері айрықша рөл атқарады.

Бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық диалог жүргізудің ашық алаңына айналып, мемлекет пен қоғамның өзара байланысын нығайтуға зор үлес қосып жүр. Еліміздің журналистері озық ой мен тың идеялардың таралуына дәнекер болып, азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді көтереді. Сондай-ақ оқиғаларды жан-жақты зерделеп, популизм мен арандатушылыққа тосқауыл болады. Бұл – айрықша маңызды миссия.

Осындай жауапты қызметте әрдайым абырой биігінен көріне беріңіздер! Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке және шығармашылық табыс тілеймін!»—деді ол.

Айта кетейік, биыл «Дара» президент бастамаларының қоры атынан мемлекеттік БАҚ-та жұмыс істейтін қызметкерлерге тегін пәтерлер табысталды. Олардың арасында журналистер, режиссерлер, монтажерлар, операторлар және басқа да маман иелері бар.

Пікірлер