Мемлекет басшысы Оқу-ағарту министрін қабылдады, деп хабарлайды “Адырна”.
Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Президентке мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру салаларын дамыту мақсатында жасалынып жатқан жұмыстарды баяндады.
Министрдің мәлімдеуінше, биыл педагогтарды аттестаттау рәсімі жетілдіріліп жатыр. Енді ұстаздардың кәсіби біліктілігі өз пәнін қаншалықты жетік білетініне, ал жұмыс нәтижесі білім алушылардың оқу жетістіктері негізінде бағаланбақ. Сондай-ақ Ғани Бейсембаев бірқатар өзгерістерді тізбектеді. Білім саласында:
- Қыркүйек айынан бастап мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі педагогтардың еңбекақысы 30 пайызға өседі;
- Жыл соңына дейін балабақшаларда 81 мың орын ашу жоспарлануда;
-Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 98 мың бала тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі;
- 1 қыркүйектен бастап 1-4 сынып оқушылары толықтай тегін тамақпен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ білім беру ұйымдарын дабыл түймелерімен, лицензиясы бар күзетпен, турникеттермен және жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау жүйелерімен жабдықтау жоспарланып отыр;
- Биыл техникалық және кәсіптік білім алушы студенттердің 80 пайызы тегін оқиды. Қыркүйек айынан бастап олардың шәкіртақысы 50 пайызға, ал келесі жылы 100 пайызға артады. Кәсіпорындар колледж түлектерін міндетті түрде жұмысқа орналастыру шартымен мамандарды мақсатты даярлау ісіне алғаш рет атсалысып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруді міндеттеп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне ұдайы көңіл бөлуді тапсырды.