Жастардың 40 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді — Нұртөре Жүсіп

3271
Adyrna.kz Telegram

Парламент палаталарының бірлескен отырысында Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп жастарға ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 5,7 миллионнан астам жас бар. Былтыр Мемлекеттік жастар саясаты туралы заңға елеулі толықтырулар енгізілді. Жастар санатын 29-дан 35-ке дейін арттырдық. Соның негізінде NEET жастарының саны 223 мыңнан бір жылда 422 мыңға өсті. Салалық министрлік бірреттік гранттар беру, жастар практикаларын ұйымдастыру, бос жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізу сияқты науқандықпен шаралармен шектеліп отыр. Жастармен жанды жұмыс жүргізу керек. Елімізде азаматтарға сапалы, жоғары білім беру, техникалық және кәсіптік дағдыларды оқып-үйрету, оларды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту шаралары бүгінгі күннің талаптарына толық жауап бермей отыр»,–деді ол.

Депутат Қазақстан жастары елдегі жұмыс күшінің шамамен 40 пайызын ғана құрайтынын атап өтті.

«Жоғары білімді қазақстандық жастардың 40 пайыздан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Ал түлектердің 30 пайыздан астамы жұмыс таба алмайды. Бұлардың ішінде мемлекетттік тапсырыспен оқығандары да жеткілікті. Қазақта «Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген сөз бар. Осындай жағымсыз факторлардың кесірінен жастардың жайлы өмір іздеп, шетелге қоныс аударуы жиілеп жатқан сияқты. Биылғы 1 сәуірдегі статистикаға қарасақ, 600-ден астам жас шетелге қоныс аударған»,—деді Нұртөре Жүсіп.

Пікірлер