«Өрт сөндіргенде өшетін көліктер». Шығыстағы арнайы техниканың ахуалы

2985
Adyrna.kz Telegram

Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының өрт сөндіру қызметіндегі техникалардың тозығы жеткені айтылды. Бұл туралы «Адырна» ұлттық порталына ШҚО тұрғындары, бұрынғы өрт сөндіру қызметкерлері айтып видео жолдады. Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаменті тиісті өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіру техникасының жаңасына - 1 жыл, ескісіне 35 жыл болғанын мәлім етті.

Бұрынғы өрт сөндірушілердің айтуынша өрт сөндіру техникаларының барлығы ескі. Тіпті, қызметкерлердің өзі көлікке қажет құрылғыларды өз қалталарынан қаражат шығарып, сатып алады екен.

№37 өрт сөндіру бөлімінің бұрынғы қызметкері Азат Можанов пен №14 өрт сөндіру бөлімінің бұрынғы басшысы Бахытбек Шылай Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының өрт сөндіру қызметінің жағдайы мүшкіл екенін айтады.

«ӨЗ АҚШАМЫЗҒА АВТОЦИСТЕРНА САТЫП АЛДЫҚ»

- 2011 жылы  Катонқарағай ауылындағы №37 Өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналастым. Өрт сөндіру бөлімінде 10 жыл өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі ретінде  қызмет атқардым. Осы он жылда небір қиындықтар көрдім. Мен осы өрт сөндіруші қызметін таңдағаныма еш өкінбеймін. Алайда, соңғы жылдары осы салаға мүлдем көңіл аударылмай, әділетсіздік пен жемқорлықтың құрбаны болғандай болып көрінді. Осы орайда мен жай отыра алмадым. Өзімнің өрт сөндіру бөлімімнің материалды-техникалық жағдайы жүрегіме қатты батты. Мұндағы өрт сөндіру бөліміндегі көліктер 1977 жылы шыққан. Техниканың жағдайы өте нашар. Оның тозығының жеткені соншалықты өртке шыққанда кейде автокөліктердің бензонасосы өздігінен жұмыс істемей, қолмен жұмыс істетіп отырған кездер болды. Тіпті, өрт сөндіріп тұрып автокөлік өшіп қалатындай жағдай болған. Сол себептіКатонқарағай ауданы Ақсу ауылынан ұжым болып өз ақшамызға автоцистерна сатып алып жүрдік, - дейді Азат Можанов.

Сондай-ақ, ол автакөліктің бөлшектерін алу үшін қарызға да кіретіндерін айтты. Айтуынша, ауылдағы автобөлшек дүкендерінде арнайы қарыз дәптерлері де бар екен.

- Өрт сөндіру көліктерінің ескілігі соншалықты – кейде өртке жете алмай жеке көліктерімізбен сүйреп әкелген кездер де болған. Көліктер өздігінен су да сора алмайды. Техникалардан бөлек, өзіміздің үстімізге киетін формаларды базар аралап өзіміз сатып алып жүрдік. Бұның барлығын біреуден қорыққанан немесе басшыларға жағыну үшін істеген емеспіз.  Басшыларға біз керек емес болсақ та, біз халыққа керекпіз, ел бізге сенеді деген сеніммен жасадық. Жай үй, қора-қопсыны қойып, алда-жалда әлеуметтік маңызы бар объектілерде, яғни мектеп, бала-бақша немесе ауруханада өрт болса, біздің мына техникалық жағдайымызбен өртті өшірмек түгіл, жете аламыз ба деген күмәнмен жүрміз, - дейді Азат Можанов.

Оның айтуынша, осы жағдайдың барлығын басшылықбіледі. «Бұның барлығына сұраныстар жіберіліп отырған. Бірақ нәтижесі әлі күнге дейін жоқ. Тоқсан сайын келіп отыратын комиссияларға да бұл жағдай туралы айтылып отыратын. Дегенмен, олардың да ауызын жабады», - деді Азат Можанов.

«ЖҰМЫСТАН ШЫҒУҒА АРЫЗ ЖАЗДЫРДЫ»

Азат Можанов осы мәселелерді айтып, шағынғаннан кейін оны жұмыстан шығарып, тіпті оның үстінен арыз жазған көрінеді.

- Мұндай жағдайлар туралы видео, фотоғада түсіріп басшылыққа бірнеше мәрте жібергенмін. Осылардан кейін,маған «репрессия» басталды. Артыма түсіп, әріптестерімді маған қарсы қоюға насихаттауға дейін барды. Мен сонда ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің  инстаграмм әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында «түгел жаңа техникамен қамтылған, бәрі сақадай-сай» деген видеосындағы өтірігіне шыдамай, нақты фактілерді айтып, пікір жазған болатынмын.  Менің жазбама байланысты қызметтік тексеру жүргізілді. Жеке құраммен болған сұхбатты бейнежазбаға жазып отырды. Мен және басқа да бірнеше қызметкер өрт сөндіру бөлімінің жағдайын айттық.Осындай шындықтар айтылған кезде, келген комиссия видеоны тоқтатып, айтатын сөздерді өздеріне керегіндайындатып, қайтадан жалғастырып отырды. Ал келген осы тексерумен айналысқан комиссия басшысы мені жеке кіргізіп, «жұмыстан өз бетіңше шығып кет, әйтпесе кейін қиын болады. Еш жерге жұмысқа тұра алмайсың. Мен бұл мәселелерді өзім шешемін» деді. Сосын меннен жұмыстан шығуға арыз жаздырып алды. Яғни маған психологиялыққысым жасалды. Өзімде бар видео, фото материалдарды сол кісіге бердім. Алданып қалғанымды кейін түсіндім. Әлеуметтік желіге жазғаным үшін мені алдау әрекетімен 2021 жылдың 11 қарашасындағы №627 ж/қ бұйрығымен әділетсіз жұмыстан шығарып жіберді, - дейді Азат Можанов.

№14 өрт сөндіру бөлімінің басшысы болған Бахытбек Шылай да әділетсіздіктің құрбаны болғанын айтады. Оған жала жауып, басшылықтан алып тастаған. Қазір Риддер қаласының №1 Мемлекеттік өрт сөндіру бөлімінің (1-МӨСБ) аға иженері қызметін атқарады.

- 2019-2021 жылдар аралығанды №14 өрт сөндіру бөлімінің басшысы болдым. 2021 жылы орман жанды. Сол кезде түрлі құйтырқы әрекеттермен мені лауазымымнан түсіріп тастады.Қазіргі кезде өрт сөндіру техникасының жағдайы мәз емес. Мен білетін Риддер мен Катонқарағайдың өрт сөндіру бөлімдерінде техниканың бәрі ескі. Қазір министрлік өкілдері «400-дей техника ғана ескі, қалғанының барлығы жаңа» деп айтып жатыр ғой. Оның барлығы өтірік. Тіпті, біздің бөлімде 12 өрт сөндірушіболса, 20 литр су құйылатын, арқаға іліп алып, өртті өшіретін РЛО тек 2 қызметкерде ғана бар. Бұл – өте сорақы, ұят нәрсе. Соны алып бере алмай отырғанда, жаңа көлікті қалай күтеміз? Өрт болған жағдайда техникажетіспегендіктен, бір-бірімізді күтіп тұрамыз. Бұл  - таза өлімге итеріп жатқан жағдай! - дейді Бахытбек Шылай.

Сондай-ақ, ол облыс ойынша өрт сөндіру бөлімдерінде бірде-бір дрон жоқ екенін айтты. Айтуынша, дрон арқылы қай жерде өрт болғанын бірден біліп, қызметкерлерді сол жерге жұмылдыруға болар еді.

- 2018 жылы өрт сөндіру машинасы аударылып, Владимир Михаилович деген қызметкер қайтыс болды. Сол машинаның одан бұрын ақауы болған. Ол кезде мен №14 өрт сөндіру бөлімінде істейтінмін. Оған дейін жоғары жаққа машинаның ақауы бар, жөндеу қажет, көліктің бөлшектері керек екенін талай рет айттық. Алайда, құлақ аспады. Сөйтіп, бір қызметкер қаза тапты, бір қызметкер жазықсыздан-жазықсыз екі жарым жылға сотталып қайтты. Бұл жағдайдан сабақ алған ешкім жоқ. Әлі күнге дейін техника жақсармады, - деп ол сөзін қорытындылады.

Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті “Адырнаның” осы мәселе туралы сауалына жауап берді. 

Департаменттің айтуынша, Қатонқарағайдағы №27  бөлімдегі өрт сөндіру техникасының жаңасына - 1 жыл, ескісіне 35 жыл болған.

"Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің теңгерімінде 247 бірлік техника бар, оның 125-і негізгі, 40-ы арнайы мақсаттағы, 82-і қосалқы құрал-жабдықтар" делінген департамент жауабында.

Осы дерекке қарағанда, жыл сайын тұрақты негізде Төтенше жағдайлар министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі өрт сөндіру техникасын сатып алады. Жаңа өрт сөндіру көліктері келген кезде олар ең алдымен шекаралас аймақтарға, орман қоры бар аймақтарға, сондай-ақ өрт оқиғасы жиі  тіркелген бөлімшелерге таратылады.

Шығыс Қазақстан облыстық департаментінің "Адырнаға" жауабына қарағанда,  Катонқарағайдағы №27 өрт сөндіру бөлімінде өрт сөндіруге арналған 4 техника  бар. Техникалар мыналар: 2022 жылы шыққан Камаз, 2007 жылы шыққан Урал, 1988 жылы шыққан Газ-66, 1977 жылы шыққан ЗИЛ 131.

"Техникалар шығарылған жылына қарамастан, техникалық жарамды күйде ұсталуда. Соның нәтижесінде бүгінгі таңда облыста өткен жылмен салыстырғанда өрттің 10 пайызға төмендеуі тіркелді" делінген департамент жауабында.

Шығыс Қазақстан облысымен шектесетін Абай облысында 8 маусымда "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватында басталған алапат өрт 14 маусымда оқшауланды. Оқиға салдарынан 15 адам қаза тапты. Өрт Семей қаласынан 25 шақырым қашықтықта болған. 9 маусымда Абай облысының орман алқабындағы өрт фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің "екі және одан да көп адамның абайсызда өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу" бабы бойынша іс қозғалды. Өрт кезінде қызметтен алынған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметтік міндеттерін орындамау және немқұрайлылық тұрғысынан тексеріліп жатыр. Іс арнайы прокурорлардың қарауында.

Ал 18 маусым күні Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ұлттық табиғи саябағында да өрт шыққан. Катонқарағай ауданының Сенное ауылынан 3 шақырым жерде алдын ала аумағы 15 гектар құрғақ шөп пен бұталар өртенген. Өрт сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті орман шаруашылығынан 99 адам және 3 техника, «Авиаорманкүзетінен» 6 адам және жергілікті атқарушы органнан 7 адам жұмылдырылды.

 

Пікірлер