Қазақша білмейтін бала қазақ мектебіне кіріп, қазақша сөйлеп кетуі керек

3353
Adyrna.kz Telegram

Қазақ тілі мұғалімдеріне қатысты...
"Қанша баланы қазақша сөйлеттіңіздер?" деген сауалым біраз пікірталасқа себеп болды. Қазақ тілін оқыту мәселесі бүгінгі күні өте өзекті мәселе. Және қоғамның қазақша сөйлеп кетуіне кедергі боп тұрған факторлардың ішінде қазақ тілін оқыту мәселесі де бар деген ойдамын. Сауал осы тұрғыдан қойылды. Әріптестерді еш бір кемсіту, олардың жұмысынан мін іздеу сияқты мақсат жоқ. Керісінше, бірге отырып, ойланып, қазақ тілін қалай тиімді (эффективно!) оқытып емес үйретіп, нәтижесінде сөйлете аламыз?! Қазақша сөйлемейтін шәкірттерге қатысты сан түрлі сын мен мін тағуға болады (оларды жоққа шығарып, негізсіз дей алмаймын). Бірақ… мәселе тек шәкірттерде ме? Методикаға қатысты ұзақ-сонар әңгіме айтқым келмейді, өйткені ол жоқ. Болса, тағы да сол сұрақ неге қазақша сөйлемейді? Одан да келесі мәселелерге тоқталайық.

РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ.

Бұл тіркес қоғамда екіұдай пікір тудырғанмен, Рухани жаңғырудың өзектілі жоғары! Тіпті, ең алдымен, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері рухани жаңғыруы тиіс. Ол үшін, ең алдымен РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ идеясын дұрыс түсіну керек деген ойдамын. Біз рухани жаңғырудың тек бір жағына қарай ойысып кеттік (тарихты, дәстүрді тану, ескі күмбездерді қайта көтеру мен жаңа күмбез тұрғызу, жарысып бата беру сияқты), тура “Мәдени мұра” бағдарламасының жалғасы іспеттес. Ал, біздің алдымызға қойылған міндет - азат, нар тұлғалы, өз тарихы мен мәдениетімен өмір сүретін ҚАЗАҚты қайта жасау. Сананы жаңғырту, ұлттық сана қалыптастыру. Міне, осы ой тұрғысынан келгенде, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері аталған процестің бел ортасында жүріп, оның бірінші орындаушысы болуы тиіс.

СОВЕТТІК САНА.

Парадокс! Советтік сананың жалғастырушысы, ұраншысы мен ұрпаққа насихаттап жүргендер кім десеңіздер, ол - қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша оқулықтардың авторлары. Өйткені, бүкіл қазақ әдебиеті мәтіндері осы уақытқа шейін, социалистік реализмге, тап тартысына негізделген. Ленин мен оның идеялары қазақ балаларының ойы мен көкірегінде “әлі тірі”. Бастауыш мектеп пен орта мектеп балалары бір ауыздан сабақта отырып, бай - жаман, кедей - жақсы, қазақ қыздарын қалың малға шалдарға сатқан, қызыл әскер - ұлы әскер деген советтік аксиомаларды көздерін жұмып тұрып, сайрай жөнеледі. Неге?! Өйткені апайы солай үйреткен. Неге?! Өйткені апайы әлі сол соц реализм негізінде жазылған әңгіме мен романдармен балаларын оқытады. Қандай шығарманы талдамасын олар оны социалистік реализм тұрғысынан талдап, жіліктеп, ЖАЛҒАН образдарды көреді. Балалардың кітапты оқымауы да содан деп білем. Өйткені, олардың ТҰЛҒА ретінде қалыптасуына мектеп оқулықтарының әңгімелері әсер ете алмайды.

КАБИНЕТ.

Қазақ тілі мен әдебиеті кабинеттеріне кіріп көрдіңіздер ме? Советтік кезеңнен қалған форма әлі тұр. Кабинетке кіргенде, морфология мен лексиканың, сөйлем құрылымдарының күрделі схемалары, септіктердің таблицалары сияқты зілдей батпан көрнекі деп аталатын құралдар тұр. Ал, ағылшын тілі немесе орыс тілі кабинеттеріне кіре қалсаңыз, Биг-Бен, Тауэр қамалы, Лондонның қызыл телефон будкасының суреті, қызыл мундирлі әскерінің суреті, Британия немесе АҚШ туы, не болмаса, орыс тілінің кереметі туралы жазылған, айтылған ғұламалардың сөзі, орыс брендіне айналған заттар мен табиғат суреттері, қысқасы ол кабинетке кіргенде бала түгіл, ересектің көңілі жадырап, көзімен автоматты түрде сол елдің мәдени ортасына, жалт-жұлт еткен сұлулығына түсіп кетіп, көңлің жадырап шығады. Міне, біздердің рухани жаңғырмағанымыздың тағы да дәлелі. Қазақ тілі кабинеті жайма-шуақ, қазақы мәдениет пен тарих, ұлылардың мотивациялық қанатты сөздері тұруы керек. Сосын ту, иә қазақтың туы осы кабинеттердің қақ төрінде ілініп, балаға көрген сайын, осы елдің азаматы екенін, өз болашағын тек осы елмен байланысты екенін жүрегінің түбіне дейін енгізіп жіберу керек.

МӘРТЕБЕ.

Кеңес дәуірінде орыс тілі мен әдебиеті мұғалімдері шексіз бедел мен билікке ие болды. Олардың қызмет еткен идеологиясы белгілі. Егер мектептің жүрегі - мұғалім десек, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері мектептің жанына айналуы тиіс. Мектептің бүкіл рухани өмірін қалыптастырып, дамытатын, ендігі кезекте, қазақ тілі апайлары мен ағайлары. Директор болмаса да, директордың ең бірінші ақылшысы, идеологы . Өйткені, қазақ тілі мұғалімдері өздерін руханият майданының ұлттық сарбаздары деп қабылдауы тиіс.

ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ

- үшін күрес бүкіл қазақ тілі мұғалімдерінің не болмаса, өздерін патриотпын деп есептейтіндердің ортақ ұранына айналған. Кейде фанатизмге дейін жеткен. Сөйте тұра, қазақша біліп келген, қазақ мектебінде оқитын балалардың тілі ала-шұбар. Ойын қазақша дәл, көркем жеткізуде қиналады. Көп жағдайда, балалар қазақша сөйлегенде құлақ құрышы қанбайды, өйткені өте көп паразит сөздерді қыстырып, ыңылдап тұратыны жүректі ауыртады. Тілде көркем сөйлеу үшін талант керек, қанында болуы керек дегенге сенбеймін. Өйткені, орыстың, ағылшынның қай маман иесін алмайық өз тілдерінде судай ағып, ойын дәл ғана емес, көркем жеткізіп тұрады.
Тап-таза ұлттық тіл деген болмайды! Бұл аксиома. Сөз жоқ, қазақ тілі ең таза тіл, ұлттық болмысы мен рухын, жанын сақтаған тіл. Бірақ, соның өзінде ғалымдардың айтуынша әбден қазаққа сіңіп, қазақ боп кеткен бүгінде 3000-нан астам араб сөздері, сонымен қатар, парсы, моңғол, орыс тілдерінен кірген сансыз сөз жүр. Ол табиғи құбылыс.Орыс тілі мен ағылшын тілдерін алатын болсақ, тұнып тұрған кірме сөздер, тіпті ұғымдарға дейін тілдеріне кіріп кеткен. Одан олар қиналып жатқан жоқ, қайта тілдің өрісі кеңіп, заманның талабына жауап беруде. Біздің қазақ тілі де, заманалар бойы бойында болған қуатты қайта иемденіп, өзге тілден кірген сөздерді жұта-мұта қазақтандырып жіберу керек. Сонда, сөйлеуші де өз ойын дәл де көркем жеткізіп, нағыз өз тілінің пайдалунышысы болады.

ҮКІМШІЛДІК

тән біздің мұғалімдерге. Өздерін, қазақ тілінің хас шебері ретінде танып, біліп қазақ тіліне, дәстүріне қатысты дұрыс не болмаса, бұрыс деп үкім шығаруға құмар. Енді тілі сынып, қазақша сөйлеуге әрекет еткендердің мысын басып жібереді. Көп ата-ана өздері қазақша білмегені үшін балаларын өзге мектепке апарады. Бірен-сараны батылы мен ақылы жетіп, қалтырап-дірілдеп қазақ мектебіне әкелгенде, біздің мұғалімдер не істейді? Өй сен қазақша білмейсін, шала қазақсың деп ҮКІМ шығарып қоя береді. Сөйтіп, баланың да, ата-ананың да зәресін ұшырып, келіп тұрған баланы бауырға басудың орнына өзінің апелляцияға жатпайтын үкімімен теріс айналдырады. Мен тіпті, ойлаймын, қазақ мектептері тек қазақ балалалары үшін емес, бүкіл қазақстанда тұратын ұлт өкілдерінің балалары оқитын оқу орнына айналуы тиіс. Бұл позицияны өзге тіл мектептері әлі берген жоқ. Қазақша білмейтін бала қазақ мектебіне кіріп, қазақша сөйлеп кетуі керек. Қазақы тәрбие мен мәдениетті бойына сіңіріп, қазақстанның адал азаматына айналуы керек.
Міне, қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне қояр назым осы.
Сөздің соңында, Павлодар облысы бойынша ең заманауи, қазақтың бүкіл болмысын бойына сіңірген, көркем қазақ тілі мен әдебиеті кабинетін жасақтауға сайыс жариялаймын. Ең үздік деп танылған кабинетке өз атымнан НОУТБУК сыйлаймын. Сондай-ақ, ол кабинет үлгісі облыс бойынша таратылатын болады.
P.S. Жаман ноутбук болмайды, уайымдамаңыздар)

Дінислам Болатханұлы

Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы

Пікірлер