Түбі бір түркілер: Башқұрттар

5497
Adyrna.kz Telegram

Башқұрттар  - Ресей Федерациясының құрамындағы Башқұртстан республикасының байырғы халқы. Бүкiл әлемдiк жиынтық саны 1990 мыңдай (2009). Олардың 27 пайызы өз республикасынан тыс өлкенi мекендейдi. Қазақстанда башқұрт халқының 21 өкілі тұрады. Өздерiн башқорт дейдi. Қайсыбiр көршi халықтар оларды истәк деп атаған екен. Кейбiр зерттеушiлер башқұрт атауын татардың башқа юрт (өзге жұрт) сөзiмен байланыстырады. Қазiргi татар ұлтының құрамына кiрген тептярлер де башқұртқа жақын этнографиялық қауым. Башқұрттар көршiлес Орынбор, Челябi, Қорған, Саратов, Самара, Пермь облыстарын да мекендейдi. Олардың шағын тобы Қазақстан мен Орта Азияда бар. Антропологиялық жағынан башқұрттар бiр тектi емес. Солтүстiк-батысындағылар еуропеидтiк нәсілдiң шығыс тобына жатады. Бiр бөлiгi ауыспалы Орал нәсілiнiң субурал тобын құрайды. Оңтүстiк - шығысындағылар қазақтар секілді тұран нәсілiне жуықтайды. Мұсылман дiнiнiң суннит бұтағын тұтынады.

Башқұрт халқының тiлi мен мәдениетiнiң, этногенезiнiң бiржолата қалыптасуына VII-X ғасырлардағы әр алуан түркi тайпалары, iшiнара финно -угор тайпалары, әсіресе ХI ғасырдағы қыпшақ тайпасының ықпалы шешушi әсер еттi. Башқұрттар - ата қонысын ғасырлар бойы сыртқы жаудан қорғап келген жауынгер халық. Алайда 1229 жылдан бастап екi ғасырдан астам уақытқа созылған монғол езгiсi халықты ауыр күйзелiске ұшыратып, саяси-әлеуметтiк жағдайын құлдыратты.

1555-1557 жылдары орыс мемлекетi  башқұрт жерiн өз отарына айналдырды. Шаруашылыққа қолайлы башқұрт жерiне қоныс аударған келiмсектер жергiлiктi халықты ата қонысынан ығыстырумен болды. Ертеректе мыңдап мал айдап, үйiр-үйiр жылқы бақса, ол заман келмеске кеттi. Кеңбайтақ құтты қонысында жаз жайлауда, қүз күзекте, қыс қыстауда емiн-еркiн тiршiлiк еткен халық тығырыққа тiрелдi. Ендi жаздай масайрап, қыстай қалтырап ашығуды жағдай көтермейтiндiктен, басқа халықтардың тұрмыс-тiршiлiгiнен көп нәрсе үйрену керек болды. Қоныс тарылып, көшiп-қону мүмкiн болмай қалды. Отырықшы тұрмысқа толықтай көшiп үлгiрмегендiктен, егiншiлiк пен басқа кәсіпшiлiктi толықтай меңгерiп кетпегендiктен, қарапайым халық мыңдап өз мекенiн тастап, ағаш даярлауға, жүк тасуға, маусымдық жұмысқа жалданды, рудникте iстедi, балық аулаумен айналысты. Кемемен, қайықпен жүк тасыды. Олар аяусыз қанауға ұшырады. Бұқар жырау бабамыздың «ел менен жер егiз» деп айтқанындай, елiнен, жерiнен айыру-кiмге болса да ауыр қасiрет. 1798 жылы елдi басқарудың кантондық жүйесi енгiзiлдi. Башқұрттарды iс жүзiндегi әскери сословиеге айналдырған кантондық жүйе 1865 жылға дейiн созылды.

Орыс миссионерлерiнiң башқұрт халқын шоқындырып, сол арқылы орыстандыру әрекетi жұртшылық наразылығын одан әрi өршiттi. Қуғын-сүргiнге ұшыраған халық XVII-XVIII ғасырда ондаған рет көтерiлiс жасады. 1773-1775 жылдағы Емельян Пугачев бастаған шаруалар көтерiлiсiне башқұрттар белсене қатысты. Батырша деп атап кеткен молда Абдолла Алиев халыққа үндеу таратып, башқұрт, қазақ тағы басқа туыстас, дiндес халықтарды ынтымақтасып бiрiгуге, орыс отаршыларына қарсы дiн үшiн «қасиеттi ғазауат соғысын» ашуға шақырған. 1755 жылы мұздай қаруланған 50 мың отаршылар әскері нашар қаруланған халық жасағына қарсы шықты. Бөлiп ал да, билей бер саясатын жүргiзiп, патша өкiметi алауыздық тудырып, көршiлес туыс халықтарды башқұрттарға айдап салды, көтерiлiсшiлердiң мал-мүлкiн бөлiп бермек боп қызықтырды. Ержүрек башқұрт халқы отаршылардың отты қаруына қарсы тұра алмай, көтерiлiс жеңiлiске ұшырады. Сан мың адам құрбан болды, қуғын-сүргiнге ұшырады. Ел басына ауыр күн туып, балапан басына, тұрымтай тұсына дерлiктей қиын-қыстау кезеңде башқұрт, қазақ халықтарының бiр-бiрiне демеу, сүйенiш болған кезi аз емес. Бұл жолы да екi халықтың ержүрек ұландары жазалаушы жасаққа бiрiгiп қарсы тұрды. Жайықтан өтiп, қазақтарды паналаған башқұрт жасақшыларын ұстап беру туралы Орынбор губернаторының талабын орындаудан жергiлiктi халық бас тартты. Халықтың жаппай наразылығынан қауiптенген отаршыл өкiмет башқұрттарға атылатын қару-жарақ ұстауға, сатып алуға тыйым салды. Темiр ұстаханаларын жабу, халық жиынын өткiзбеу секiлдi қатал шаралар қолданды.

Башқұрт жерiнiң метрополияға жақын болуы, үстi-үстiне ағылып келiп жатқан қара шекпендiлердiң зорлық-зомбылығы, көп ғасырға созылған бодандық киiз туырлықты, қыл құйрықты батыр елдi, бiр кездерi арыстанша алысып, жолбарысша жұлысқан сайыпқыран жауынгер халықты бүгежектеу, жалтақтау етiп, жiгерi құм, тiлi тозған, намысы өшкен ұлысқа айналдыра жаздады  деп сипаттаушылар да болды. «Глядя на нынешних башкир, трудно представить себе, что еще так недавно они составляли сильный и воинственный народ, через каких-нибудь сто лет нельзя и узнать этого буйного и отважного народа. Между тем их можно считать людьми очень способными, они не только обладают здравым смыслом, но предусмотрительны и находчивы», - деп жазыпты ХIХ ғасырдың  орта кезiнде (Народы России, II т.,Спб., 1886. С. 105-109). 1897-1959 жылдар  аралығында Едiл жағалауындағы үш түркi халқы мен орыстар санының өсу деңгейi мынадай екен. Орыстар 55,4 миллионнан 114113,6 мыңға, татарлар 3787,1 мыңнан 4967,7 мыңға, чуваштар 842,8 мыңнан 1469,8 мыңға өскен. Бұдан көрiп отырғанымыздай, орыстар саны 62 жылда екi еседен астам өссе, чуваштар 74,4%-ке, татарлар 31,2%-ке ғана көбейген. Ал башқұрттардың саны 1449 мың адамнан 989 мыңға, демек бiр жарым еседей кемiп кетiптi.

Халық санының өз мәнiнде өсе алмауының тағы бiр себебi ассимиляцияның керi әсерiнен екенi белгiлi. Ертеректе башқұрттың жартысына жуығы татар тiлiнде сөйлеген. Кеңес өкiметi кезiнде орыс тiлдi башқұттар саны да күрт көбейдi. Дәтке қуат болар бiр нәрсе халықтың ұлттық санасының өсiп жетiлуiмен, 40-жылдардан бастап башқұрт тiлiн ана тiлiм деп танушылар пайызы баяу да болса өсiп келедi. 1959 жылы 348,7 мың башқұрт, демек халықтың бақандай 35 пайызы татар тiлiн ана тiлiм деп таныған. Әсіресе республиканың батысы мен солтүстiк өңiрiндегi башқұрттардың тұрмыс-тiршiлiгi, мәдениетi мен тiлi татарға ауып кеткен. Өз ұлтының тiлiн ана тiлiм деп танығандар 63 жылда былайша өзгерген:

 

 

  1926 1959 1970 1979 1989
Башқұрт 54% 61,9% 66,2% 67,0% 72,2%
Татар 98% 92,1% 89,2% 85,9% 83,2%
Чуваш 99% 90,8% 86,9% 81,7% 78,2%

 

Демек татар мен чуваштарда бұл көрсеткiш бiртiндеп кемiп отырса, өз халқының тiлiн ана тiлiм деп таныған башқұрт халқының пайызы өсiп отырған.

Башқұрт тiлi түркi тiлдерiнiң қыпшақ бұтағына жатады. Түркологтардың айтуынша, татар тiлiнiң сөздiк қорында башқұрт тiлiнде жоқ сөз көп емес. Басты айырмашылығы - арабизм мен фарсизм татар тiлiмен салыстырғанда башқұрт тiлiнде азырақ. Өзге қыпшақ тiлiндегi с орнына һ, з фонемалары қолданылады: сүт-үөт, алса-алүа, бас-баз, ескi-изке. Ересек башқұрттар түгелдей татар, орыс тiлдерiнде сөйлей алады. Башқұрт тiлi - орыс тiлiмен қатар Башқұртстан Республикасының мемлекеттік тiлi.

Тiлi мен мәдениетi, қоршаған ортасы татарға жақын болғанмен, башқұрт ағайындардың ұлттық психологиясында, наным-сенiмi мен тұрмыс-тiршiлiгiнде қазаққа ұқсастығы басым. Отаршылардың қуғын-сүргiнiнен көп зардап шеккен қазақ пен башқұрттың тағдыр-талайы бiр. Екі халықтың да зиялылары азаттыққа ұмтылды. Олардың бойында күрескердің қаны тулап жатты. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтағаны үшін қуғын-сүргінге ұшырады. Екi халық домбыраның қос iшегiндей егiз. Бiздiң мыңжылдықтан астам уақыт келе жатқан ортақ тiлiмiз бен дiнiмiз, салт-ғұрпымыз бен тарихымыз, өнерiмiз бен мәдениетiмiз бар. Башқұрт - аузындағысын өзгеге жырып беретiн жомарт, ақшелек халық. Өте меймандос, қонақ талғамайды, үйiне келген адамнан барын аямайды. Башқұрт пен қазақтың бiр-бiрiнiң бойындағы кеңпейiлдiк, жомарттық, қайырымдылық, қауымшылдық тәрiздi игi қасиетiн, ұқсастығын дәл танып, табысып, жарасып кететiнiн көрiп жүрмiз. Қазақтар бұрын башқұрт еліне арқасын тіреп жатқан. Оңтүстiк Оралдағы Орынбор, Челябi мен Қорған өңiрi ежелден iргесi бiр башқұрт пен қазақтың ортақ мекенi болған. Өкiнiшке орай, түп-тамыры бiр екi халықтың арасын ажыратып аталған үш облыс Ресей құрамындағы өлкеге айналып, ел тұтастықтан айрылып, барыс-келiс саябырсып қалған. Көптеген мақал-мәтел мен нақыл сөздеріміз де екі халыққа ортақ. Мысалы: Алғыс алған – аман, қарғыс алған – тәмам. Тура сөздің тоқпағы мықты. Көп сөз жалғансыз болмас. Тіл үшін бас жауап береді. Жақсы кісі жәрдемшіл. Жылан уы тісінде, адам уы ішінде. Білісіңе қарай жүрісің.

Башқұрттың тартымды да қарапайым бейнелеу өнерi, ұсталық, зергерлiк, сәндiк бұйымдары татар, қазақ тағы басқа туыс халықтардың көркем оюларына ұқсас. Қайыстан, терiден жасалған бұйымдар, ер-сайман, үй жиһазы, ыдыс-аяғы, киiз басу, кiлем мен текемет тоқу кәсiбi де қыпшақ ұлыстарының бәріне дерлiк ортақ. Ерте кезден-ақ егiншiлiк пен мал шаруашылығы қатар дамып келедi. Қой-ешкi мен сиыр көп өсiрiледi. Емдiк қасиетi мол қымызы мен етi үшiн жылқы бағылады. Қымызды терiден кең етiп тiгiлген үлкен сабада даярлайды.

Ұлттық тағамы татар мен қазақтың ұлттық тағамдарына ұқсас, ет пен сүт тағамын молынан тұтынады.  Жазда сүт тағамын басым жаратады, оған айран, қатық, құрт, iрiмшiк, сары май, қаймақ, қымыз жатады. Сонымен қатар шәйқұмар халық. Нанның йыуаса, бауырсақ, тоқаш секiлдi түрi бар. Ет тағамына бишбармақ пен құлдама (кеспе көже) жатады. Қонаққа қазы-қарта асады. Көпшiлiк арпа көже, ұн салған көже һалма, баламық, салма, чурпаря (пирожки) пiсiредi, арпадан, зығыр мен бидайдан талқан даярлайды. Орманды жерде тұрғандықтан, омартамен ежелден айналысып, бал өнімдерін тұрақты пайдаланады. Өзен, көл жағалауына жақын орналасқан елдi мекендерi татар аулына ұқсайтын. Онда киiз үй мен жерден қазылған үйден бастап, кесектен, саманнан тұрғызған, шымнан, бөренеден қаланған үйдiң түр-түрi кездеседi. Башқұрттың рулық-тайпалық бөлiнiсi ғасырлар бойы жалғасып келген. Олар құрамында юрмат, бурзян, усерган, қыпшақ, табын, қатай, миң т.б. бар 40 тайпалық одаққа бiрiккен. Шежiре тарқату-ел тарихын, байырғы  бастауларын барлап, зерделейтiн, ұлттық бiтiм-болмысымен тығыз қабысып жатқан тұтас бiр мағлұмат. Қазан төңкерісіне дейiн рулық қарым-қатынас iшiнара сақталып, бiрнеше туыс жанұясы аймақ, ара, тюба аталатын әулетке бiрiгетiн. Бес атаға дейiн қыз алыспау ғұрпы, әмеңгерлiк сақталған-ды. Башқұрт аулында, бүкiл башқұрт қауымында әйелдiң сыйы, әйелге құрмет өзгеше болатын. Ажырасу сирек. Әйел ерiнен ажырасам десе, төркiнi бұрын алған қалыңмал құнын қайтаруға мәжбүр болады. Онсыз әйел екiншi рет тұрмыс құра алмайды, балаларды да анасына қайтармайды. Байлар екi, кейде үш әйел алатын. Әйел бала көтермесе, я дiмкәс болса, кедейлер де қос қатын алатын.

Қыз 15 жастан, жiгiт 17 жастан үйлене бередi. Үйлену үш сатыдан тұрады. 1) Құда түсу ырымында қалыңмал төленедi. Оның құрамына мал, ақша, киiм-кешек түрiндегi киiт кiредi. Құда шақырыс өткiзiп, қызға жасау жасалады. 2) Қалыңдық төркiнiнде неке қию тойы өтедi. 3) Ең үлкен той, үйлену тойы, қыз төркiнiнде үш күнге созылады. Алғашқы күнi қалыңдықтың ата-анасы күйеу жағын күтедi. Келесi күнi құдалар қыз төркiнiне сый-сияпат көрсетiп, қонақ етедi. Әр алуан ұлттық ойын, ат жарысы мен балуандар күресiн ұйымдастырады. Соңғы күнi қалыңдық ұзатылар алдында сыңсу айтып, туған-туысқанын аралап, қоштасады. Барған үйге жеңiл-желпi сый-таралғы ұсынады. Әр үй қызға ақша, мал т.б. сыйлық  бередi. Жаңа отауға кiрiп, ақ босағаны аттағасын, дiзерлеп үш рет ата-енеге, сосын басқа туыстарға сәлем жасайды. Ұлын үйлендiрген ене бәрін келiнiне жүктеп, өзi бар жұмыстан босайтын. Башқұрттар жыл сайын ораза мен құрбан айтын, наурыз мейрамын атап өтедi. Көктемгi егiс жұмысы тамамдалғасын сабантой мейрамы тойланады. Сабантойда ұлттық ойын түрлерiнен жарыс өткiзiледi. Балуандар күресi, ат жарысы өтедi.

Башқұрттың көп жанрлы ауыз әдебиетi қазақ фольклорымен сарындас. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Еділ - жайық», «Ер Тарғын», «Алпамыс» сынды эпостық, лиро-эпостық жырларымыз да ортақ. Ежелде біздің халықтардың арасында шекара да болмаған. Біз қыз алысып, қыз беріскен халықпыз. Сыйластығымызға ешқашан сызат түскен емес. Тұрмыс-салт ертегiлерiнiң басты кейiпкерi таза тапқырлығымен, ақыл-парасатымен озбырлыққа қарсы тұрып жеңiп шығады. Туып-өскен мекенiн, ата-салтын, ел-жұртын мадақтайтын қазақтың әлеуметтiк сарындағы толғауына ұқсас кең тараған ерекше жетiлген жыр қобайыр аталады. Оны Сәсен аталатын жыршы орындайды. Әр алуан әуезбен, сырлы да шерлi әнмен айтылатын «Салауат», «Азамат», «Урал» тәрiздi тарихи жырлар, көпшiлiк қыпшақ ұлыстарына ортақ түрлi аңыздар ел аузынан ұрпақтан ұрпаққа тараған. Қысқа, күлдiргi-сықақ ертегiлерi көләмәс аталады. Эпостық жырды, тұрмыс-салт пен махаббат жырларын музыка аспабы сүйемелiмен жыршылар әндетiп орындайды.

Ән салу өнерi дамыған. Ол екi түрлi: 1) Озон (ұзақ) көй-жай ырғақпен созылып айтылатын ән, бұған көнеден жеткен лиро-эпикалық әндер де жатады. 2) Қысқа көй - шаттық динамикаға негiзделген, жылдам екпiнмен айтылады. Бұл - биге арналған ән. Сондай-ақ, әзiл-сықақ пен тұрмыстық әндер бар. Қазақша термеге ұқсас тақпақ аталатын күлдiргi сықақ әнi де жиi айтылады. Мұңды ырғақпен орындалатын башқұрттың кейбiр әндерiнен халықтың ауыр тағдырын, арман-мүддесiн сеземiз. Мысалы, Урал, Тевкелев, Буранбай, Бииш-отарлық езгiге қарсы шығарылған әндер. Мұңға толы махаббат әндерiне Таштуғай, Ашқадар, Зульхиза жатады. Әндi жеке дауыспен де, қосылып та, хормен де орындайды. Кең тараған музыка аспабына сыбызғыға ұқсас мұңды үндi құрай мен қазақтың шаңқобызына ұқсас қобыз аталатын аспап жатады. Ертеректегi ең кең тараған музыка аспабы домбыра болған екен. Би өнерi де бiршама дамыған. Топталып та, жеке орындаушылар да билейдi. Халық тiршiлiгiмен, тарихымен байланысты тұрмыс-салт билерi, лирикалық би, «Зульхизя», «Гюльназира» секiлдi махаббат биi, әзiл-сықақ биi «Үш батыр» Башқұрттың би ансамблiнiң орындауында кеңiнен танымал. Кеңес өкiметi тұсында опера мен балет, симфония, сюита, романс жанры дамыды. Халық театры көптеп ашылды.

Қазан төңкерісіне дейiн башқұрт әдебиетi татар тiлiнде дамып келдi. Башқұрт әдеби тiлi Кеңес өкiметi тұсында қалыптасты деп жүрмiз. Башқұрт халқының ұлттық батыры, жауынгер ақын, суырып-салма импровизатор, жыршы, талантты әскери қолбасшы, жалынды патриот, үгiтшi Салават Юлаевтың ереуiл рухы, әлеуметтiк идея мен азаматтық пафос жырланатын жалынды поэзиясы ХVIII ғасырдағы башқұрт әдебиетiнiң ең таңдаулы үлгiсiне жатады. Ағартушылық бағыттағы шығармасымен мәлiм көп қырлы ақын Ақмолла туысқан башқұрт, қазақ, татар халықтары поэзиясында бiрдей iз қалдырған. Талантты ақын әрi қоғам қайраткерi, ғалым әрi педагог, тiлшi әрi аудармашы, этнограф әрi тарихшы М.Үмбетбаевтың «Жәдiгер» атты жинағы 1897 жылы жарық көрдi. Зәки Уәли – башқұрт халқының бағына біткен адам. Оның аты 1990 жылдан бастап қана бұқараға мәлім бола бастады. Оған дейін Уәлидің есімін атауға, еңбектерін оқуға тыйым салынды. Зәки Уәлиди – дүниежүзілік деңгейдегі ірі тұлға. Ол араб, парсы, ежелгі түрік, орыс, ағылшын, неміс тілдерін еркін меңгерген жан. Қазан төңкерісінен кейiн көп жанрлы башқұрт жазба әдебиетi дамып, көптеген тiлге аударылды.

Бүгiнгi Башқұртстан - көп ұлтты республика. Жергiлiктi башқұрттар өз елiндегi халықтың төрттен бiр бөлiгiндей, демек 25 пайызына жуық. Республикадағы татарлар сан жағынан башқұртпен тең түседi. Орыстар бүкiл халықтың 44 пайызын құрайды. Жүздеген мың чуваш, мари, мордва т.б. халық өкiлдерi мекендейдi. Басқа халықтар мұнда біржола орнығып қалды. Ұлтаралық тiл-орыс тiлi. Мұндай демографиялық ахуалда башқұрт ағайындар үшiн ана тiлiн мемлекеттiк мәртебеге ие етуден ауыр да зәру мәселе болмай отыр. 1959 жылы 750 ұлттық мектепте башқұрт балаларының жарым-жартысына жуығы ғана бiлiм алды. Республикадағы 70 газеттiң 12 ғана башқұрт тiлiнде жарық көрген. Ұлттық сезім – барып тұрған шетін де нәзік мәселенің бірі. Өсер буынның ана тiлiнiң уызына жарып, туған тiлдiң тұнығына мейiр қандыруы башқұрт халқының тарихи танымының уық-керегесiн тiкейтiп, салт-дәстүрiнiң iргесiн бекiтуi үшiн керек-ақ. Ана тiлiнде жетiк сөйлей алмайтын адамдардың көбейе түскенiн өкiнiшпен еске ала отырып, башқұрттың халық ақыны Мұстай Кәрiм былай дейдi: «Ана тiлi балаға от басынан дариды, оның бесiктегi жөргекте жатқан кезiнен құлағына сiңедi. Сәл кешiктiң-ақ, балаға өз ана тiлiн үйретуде, бейне бiр шет тiлiн үйреткендегiдей қиындықтарға душар боласыз. Балаға от басында, жанұяда ана тiлiн үйрету, оның өз халқының рухани қазыналарынан сусындауын қамтамасыз ету - жоғары адамгершiлiкке сай қасиеттi парыз». Ұрпақ алдындағы осындай парызды ескерусiз қалдыру орны толмас өкiнiшке ұрындырмақ. Өз ұлтын рухани жағынан түлетудi мақсат тұтқан зиялы қауымның бастауымен 90-жылдардан кейiн башқұрт тiлiн оқытып үйретуде бiраз тындырылған шаруа бар. Ел мен халықтың даналығы өзiнiң ұлттық мүддесiн дұрыс түсiнуге қабiлеттiгiнде деп түсiнедi башқұрт зиялылары. Демек, әр азаматтың адамдық қасиетi өз халқын құрметтеуiмен, өз ана тiлiн еркiн меңгеруiмен, ұлтжандылығымен өлшенбек.

Елдiң елдiгiне, ердiң ерлiгiне елеулi сын болатын күрделi жағдайдың туатын кезi бар. Башқұртстанда өзiнiң тарихи тағдыры жағынан көп ғасыр бойы алуан түрлi, көп тiлдi халық құрылымы пайда болды. Ұлттық iзгiлiк, ұлтаралық қатынастағы тұрақтылықты сақтау, әсіресе орыс халқымен дәйектi қатынасты орнату, қайшылық пен түсiнiспеушiлiктiң дер кезiнде алдын алу башқұрт халқының қайта өрлеуi үшiн ауадай қажет. Башқұрт жерiнiң асты-үстi тұнған байлық, жерiнiң 40 пайызы - орман. Әр алуан шаруашылыққа қолайлы сулы-нулы, орман-тоғайлы, қара топырақты далалы. Қымызбен емдейтiн санаторий, демалыс үйi көп. Қазба байлықтың түр-түрi бар. Әсіресе мұнай мен газ ел экономикасын көтерудегi маңызды байлық көзi болып отыр. Сол байлық ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетпесiн десек, оны ұқыптылықпен халық мүддесiне жұмсай бiлуiмiз керек. Саяси тиянақтылық, территориялық тұтастық, әлеуметтiк жетiстiк пен экономикалық пәрмендiлiк жағдайында ұлттық қасиеттiң алтын арқауын сақтай бiлу мәселесi де бүгiнгi зиялы қауымды толғандыруда. Дәтке қуат болар бiр нәрсе жас түркi мемлекеттерiнiң қол-аяғын бауырына жинап, еңсесiн көтере бастаған, байрағын тiгiп бой түзей бастаған шағында демократиялық қайта құрудың арқасында Башқұрт республикасы Ресей федерациясы құрамында айрықша статусқа ие болды. Өз елiнiң халықтық сипатын, ұлттық болмысын қалыптастыруда тiл мен дiлге, рух пен өнегеге, имандылық пен адамгершiлiкке негiзделген рухани байлықты молайтуға башқұрт ағайындар зор мән беруде.

Ұрпақ тәрбиесi - бүкiл халықтық iс деген қағиданы басшылыққа алған зиялы қауым өсер ұрпақты алғыр да өнерлi, парасатты да бiлiмдi етiп тәрбиелеу мақсатымен замандар бойы ата-баба саралап жинақтаған сындарлы да салиқалы тәлiмдiк дәстүрдi халықтық педагогикамен, ел тарихымен, мәдениетiмен, дiни, рухани қазынасымен тығыз астастыру жолында маңызды қадам жасауда. Башқұрттың ұл-қыздары «қылықтың кiршiксiзi-кiшiпейiлдiк» дегендi есте тұтып, әдептi аттап, ибаны итерiп кетуден өз бойын аулақ ұстайды, абыройын берiк сақтайды. Ұзақ уақыт сыр бүгiп беймағлұм жатқан башқұрт халқының рухани тарихына қатысты ащы шындықты бүгiнгi күнi ашып айту туған халқының бүгiнi мен болашағы туралы танымдық, тағылымдық жайларды ескерiп, ел iргесiн тоздырмау үшiн керек.

Қазақ елi ағаш уықты, киiз туырлықты бiр ел болған бауырлас халыққа зор iлтипат бiлдiрiп, олардың бүгiнгi қам-қарекетiне, саяси-әлеуметтiк ахуалына көңiл бөлiп, аңсап көрiсетiн ағайынның iргесiн алыстатпай, жақындай түсуiне ден қойып, жылы сөз, игi тiлекпен рухани демеу боп отыр. Көне дәуiрден өзiнiң ақыл айтар ақсақалы бар, төрт түлiк малы өрiске толып мыңғырып жатқан башқұрт пен қазақ-тарихы ортақ, тағдырлас халықтар. Ертеректе көнекөз қариялардың екi халықтың бастан кешкен зобалаңы, жан-дүниесiн жайпап өткен шер толғауы, нәубет қасiретi, көрген қиянаты туралы күрсiне айтқан ұзақ-сонар әңгiмесi көкiрегiңдi қарс айыратындай болатын. Қазақ халқы башқұрт ағайындардың баршаға аян бауырмалдығы мен дос мiнезiн құрмет тұтады. Ынтымақтастық тұрмыс-тiршiлiгiмiздiң мәнi деп, бабаларымыздың шынайы да адал достыққа, береке-бiрлiкке үндегенiн есте тұтады. Күндiк жолға шықса, көлiк iздемеу, айлық жолға шықса, азық iздемеу-башқұрт пен қазақ халықтары бiрлiгiнiң белгiсi iспеттi. Осылармен өлшенетiн елдiң елдiгiн арымызбен, адамдық жүрегiмiзбен алып жүруге жазсын!

Сейдін Бизақов

Пікірлер