Қазақстан шекарасында Ресейге жеткізілмек болған дрондар партиясы тәркіленгені хабарланды

2078
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан билігі Қырғызстаннан Ресейге заңсыз жеткізілмек болған дрондар партиясын тәркіледі. Бұл жөнінде қазақстандық Orda.kz сайты хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

Басылымның жазуынша, жалпы құны 16 млн рубль (193 440 доллар) болатын DJI AgrasT30 маркалы 14 дрон шекара арқылы Қазақстанның Жамбыл облысына тасымалданайын деп жатқан кезде ұсталған. Дрондарды қырғызстандық "Импульс-Инвест" фирмасы Қазақстан аумағы арқылы алып өтпек болған, алайда компанияның мұндай тауар түрлерін тасымалдауға лицензиясы болмаған.

Ресми түрде дрондар ресейлік "Нова" құрылыс компаниясына жеткізілуі тиіс болған.

"Импульс-Инвест" компаниясына 76 мың теңге (шамамен 14 мың рубль) көлемінде айыппұл салынған. Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті тәркіленген дрондарды саудаға шығарған.

Еске сала кетейік,  АҚШ мемлекеттік департаменінің санкцияны үйлестіру басқармасының директоры Джим О'Брайен Қазақстанға қырын қараған еді. Ол Қазақстанды Ресейге тыйым салынған тауарларды жеткізіп отырған елдердің бірі деп атаған болатын.  Халықаралық қатынас жөніндегі Еуропа кеңесі мұндай қадамдаржы, Ресейге реэкспорты "ірі мәселе" деп атаған-тұғын.

"Азаттық" радиосы бұл жайлы былай жазады:

"Сол себепті Қазақстан, Грузия, Арменияға барамыз. Келіссөз топтары да Түркия мен БАӘ-ге кетті. Ресей жыл басында бірқатар негізгі электронды жабдықтар импортын соғысқа дейінгі деңгейге жеткізе алғанын анықтадық. Мұның жалғасқанын қаламаймыз. Дегенмен Ресейге қазір осындай жабдықтар жетпей отыр. Себебі өнімдердің басым бөлігі 2022 жылы келмеген. Бұған қоса, Ресей экономикасы қазір әскери қажеттіліктерді де өтеп жатыр және ол осындай электронды жабдықтардың көп партиясына зәру. Себебі Ресей жағы импорттағанын бір мезетте жағып жатыр" деді О'Брайен. Оның сөзінен үзіндіні Азаттықтың Армян қызметі келтіреді.

Қазақстан ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы елге құны 5 млн доллар болатын дрон импортталған. 1,23 млн доллар болатын тауар Ресейге жеткізілген.

Қазақстан Ресейге дрондар мен чиптер алуға көмектесіп жатқанын мамырдың соңында "Важные истории" басылымы жазған. Басылым Қазақстанды соғыс кезінде "делдалдық" жасады деп көрсеткен еді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер