Оралов кері қайтарады, Көлгінов не істей алады?

3496
Adyrna.kz Telegram

Киногерлердің Мәдениет министрлігіне қарасты "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының" шешіміне наразылығынан Үкімет толық хабардар болмай шықты. Хабардар болған күннің өзінде жағдайды бақылауда ұстап отырған жоқ. Премьердің орынбасары Алтай Көлгіновтің кешегі әрекеті соны көрсетті. Дегенмен ол киногерлерді қабылдауға уәде етті. Алайда Мәдениет министрі алдында ғана киногерлерді қабылдамай, қайтарып жіберген. Кейбіріне айыппұл салынған.

«ҚАБЫЛДАЙМЫН. АТЫ-ЖӨНІН БЕРІҢІЗ»

Өткен айда бір топ өнер майталмандары Алматыдан Астанаға келіп, Мәдениет министрлігінің алдына өз наразылақтарын білдірген болатын. Алайда еліміздегі ең жас министр Асхат Ораловтың өзі оларды қабылдамаған.

6 маусымдағы үкімет отырысынан кейін премьер-министр Әлихан Смайыловтың идеологияға жауапты орынбасары Алтай Көлгіновтен киногерлердің мәселесін сұрадық. Бір қызығы үкіметбасының орынбасары Алматыдан Астанаға арнайы келген азаматтардың мәселесінен аса таныс емес болып шықты.

- Бұл мәселемен министрлік айналысып жатыр. Қазір мен сізге жауап бере алмаймын. Оны министрліктен сұрау керек. Егер қажет болса, министрлік жауабын береді. Мен қазір жауап бере алмаймын. Олардың талаптары қандай екенін қарауым керек, - деп Алтай Көлгінов тірі сасқан.

Артынша «Киногерлерді қабылдайсыз ба?» деген сауалға ол «Қажет болса қабылдаймын, қабылдаймын. Аты-жөнін беріңіз,» - деп Үкімет үйі корридорында тәп-тәуір қалбалақтап қалды.

МИНИСТРЛІК ҚҰРҒАН КОМИССИЯ

Бұған дейін бір топ киногерлер "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының" шешіміне наразы болып, Алматыда митингке шыққан болатын. Кейін Азамат Шарғын,  Елзат Ескендір секілді азаматтарға «заңсыз митинг өткізді» деген желеумен айыппұл салынды.

Мәселен, Азамат Шарғын әділетті шешім шыққанша күресетінін айтады.

- Бұған дейін әлеуметтік желіде «Өтірікші Оралов па, жоқ әлде Дәуешов пе?» деген жазба жариялаған болатынмын. Мәселен, Мәдениет вице-министрі Нұрғиса Дәуешов 18 мамыр күні жариялаған жазбасында «Министр өткен және өтпеген 290 жоба қайта тексерілсін» деп тапсырма бергенін жазды. Бірақ олар Мәдениет комитетінің бұрынғы төрайымы Роза Кәріпжанованың бұйрығы арқылы тек қана өтпеген 153 жобаны қайта қарайтын болады. Біз сол кезде министрлік тарапынан құрылған комиссияға сенімсіздік білдіретінімізді айттық. Өйткені әу бастағы талабымыз бойынша комиссияның құрамында біздің тарапымыздан екі тәуелсіз заңгер және Қазыбек Иса комиссия төрағасы болсын деп айтқанбыз. Бірақ министрлік біздің бұл талабымызды орындамады. Комиссия құрамына Қазыбек Исаны кіргізді де, министрліктен 3 адам және кәсіпкерлер одағынан бір заңгерді алып, жалпы 5 адамды алып келіп отыр. Ал Қазыбек Иса пленарлық отырыстар кезінде комиссия отырысына толық қатыса алмайды екен. Ертең қандай да бір мәселе дауысқа салынса, 3/2 немесе 4/1 болып кете ме деп алаңдап отырмыз. Мысалы, министрліктен ұсынылып отырған 3 адамның позициясы арқылы шешім 3/2 дауыспен қабылданып кетеді. Мұны біз қалай тәуелсіз комиссия деп айта аламыз. Бұл тәуелді комиссия болады. Сондықтан да комиссияға сенімсіздік білдіріп отырмыз. Бірақ та комиссия заң бойынша құрылып, қазір жұмыс істеп жатыр. Біз өз тарапымыздан бірнеше талаптарды айттық. Бірақ оны министрлік орындап жатыр ма, жоқ па оны құдай біледі», – деді актер.

Азамат Шарғын «Өз басым Көлгінов бізді қабылдайды дегенге сенбеймін. Бірақ қабылдаса жақсы болар еді» дейді.

Қысқасы, Асхат Оралов кері қайтарған киногерлерді Алтай Көлгінов не істей алады, көрелік.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер