Ортағасырлық Бейбарыс мешіті қайта ашылды

3276
Adyrna.kz Telegram

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітінің ашылуына қатысып, Президент құттықтауын жеткізді, деп хабарлайды "Адырна" порталы.

Мемлекет басшысы өз құттықтауында ұлы бабамыз ержүректігімен бірге өркениеттің өрісін кеңейту жолында да өшпес із қалдырғанын жеткізді.

"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған іс-шараларға қатысушыларға өзінің жылы лебізін жолдады. Мемлекет басшысы бұл мерейтойды жоғары деңгейде атап өтуге баса мән беріп отыр. Мерейлі дата аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Бүгін күрделі жөндеуден кейін қайта ашылып отырған «Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс» мешіті Мысыр мен Қазақстан үшін ғана емес, ислам әлемі үшін де бірегей мәдени мұра екені анық", деді Мәулен Әшімбаев сөйлеген сөзінде.

Сенат Төрағасы екі елдің тығыз байланысындағы маңызды бағыттардың тағы бірі теологиялық білім екенін тілге тиек етті. Бұл ретте қазақстандық дінтанушылардың ұзақ жылдар бойы Әл-Азһар университетінде білім алып, өз біліктіліктерін арттырып келе жатқанын айтқан абзал.

Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Мысыр парламенті сенатының төрағасы Абдель Уахаб Абдель Разекпен де кездесті. Кездесуде ол Мысыр Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды және сенімді серіктесі екеніне тоқталып, алдағы уақытта біздің ел көпжақты байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді. Сенат спикері өзара ынтымақтастықты арттыру жолында парламентаралық байланыстың рөлі маңызды екенін айтты.

 

 

 

Пікірлер