Тоқаев Үндістан халқына көңіл айтты. Аймақта 288 адам қаза тапты

2253
Adyrna.kz Telegram

Үндістанның шығысында орналасқан Одиша штаты, Баласор елді мекенінде бірнеше пойыздың соқтығысты. Салдарынан қаза тапқандар саны 288 адамға дейін өсті. 900 адам түрлі жарақат алды. Бұл туралы BBC News агенттігі ақпараттандырды. Мемлекет басшысы Премьер-министр Нарендра Модидің атына жеделхат жолдады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы. 

«Шалимар-Коромандель» жүрдек пойызы жергілікті уақыт бойынша сағат 19:00 шамасында рельстен шыққан. Апат барысында оның бірнеше вагоны «Есвантпур-Хаора» экспресі жүретін басқа жолға түсіп кетті. Қарсы бағытта жүріп келе жатқан пойыз әуелі осы вагондарды соққан, кейін жолда тұрған тағы бір жүк пойызымен соқтығысқан.

Ақпараттарға сенсек, бұл - Үндістанда 1980 жылдардан бергі ең үлкен теміржол апаты. Жергілікті билік құрбан болғандардың саны артуы мүмкін екендігін айтады.

Апат болған аймаққа 200-ден астам жедел жәрдем көлігі жеткен, кезекшілікке қосымша 100-ден астам дәрігер жұмылдырылған.

Куәгерлердің айтуынша, тірі қалған жолаушылардың көпшілігі аударылған вагондарда қалған адамдарға көмекке келген. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Үндістан Премьер-Министрі Нарендра Моди қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарына көңіл айтып, апат болған жерде құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын және зардап шеккендер қажетті көмек алу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатқанын хабарлады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Нарендра Модиге және Үндістан халқына теміржол апаты салдарынан болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтып, жеделхат жолдады.

«Одиша штаты, Баласор елді мекенінде болған теміржол апаты салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдадым. Жақындарынан айырылған отбасылардың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Осындай азалы сәтте Үндістан халқымен біргеміз», – деп жазылған жеделхатта.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер