Жамыраған қой. Режиссер фото жариялағандардың ұлтаралық араздықты қоздырғанын айтты

2355
Adyrna.kz Telegram
Кинотуындыгер, режиссер Адай Абельдинов қазақ киногерлерін қойға теңеп, кекесінге толы суретке қатысты пікір білдірді. Фотосурет қазақ тілді киногерлерді айыптауға құрылған, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 
Провокацияға толы сурет жайлы режиссер Адай Абельдинов пікір білдіріп, оның астарында шовинистік әрекеттердің жатуы мүмкін екендігін айтты.
- 2023 жылдың 12 мамырында киногерлер Алматы қонақ үйінің алдында митингке шыққан болатын. Сол күні әлеуметтік желілерде митингке шыққан қазақ тілді киногерлерді ит пен қой кейпінде бейнелеген провокациялық сурет жарияланды (төмендегі сурет).
Сорақысы, қазақ киногерлерін кемсіте салған бұл суретті ”Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының” Қаржы директоры Виктория Чернова өзінің жеке парақшасында жариялаған.
Орын алған жайтты зерттей келе, суреттің авторы Иван Ардашов деген суретші екені анықталды.
Аты аталғандардың тарапынан жасалған бұл әрекетті қалай қабылдауға болады? Бұл қазақ ұлтын малға теңеп кемсіткен шовинизм бе, әлде ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған әрекет пе? Меніңше, екеуі де!
Ұлттық киноның тағдырын шешетін жауапты мемлекеттік мекеменің бүгінгі кейпі осы! Қазақ киносын қоңыздар мен доңыздар билеген заман.
“Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының” басшылары аталған мәселеге назар аударып, тексеріс жүргізуін талап етемін!!! ”ҰКҚМО” Қаржы директоры Виктория Чернова, жасаған өрескел әрекеті үшін қазақ киногерлерінің алдында ресми түрде кешірім сұрауын талап етемін! - деді режиссер. 
Орайы келгенде айта кетейік,  мамырдың 12-сі күні Алматыда Мемлекеттік кинематография орталығының байқауына фильмдер іріктеуінің әділетсіз нәтижесіне қарсы режиссерлердің митингі өтті. Олар байқаудағы фильмдердің алдын ала іріктеу нәтижелерін жоюды, Мәдениет министрімен кездесу ұйымдастыруды, сондай-ақ кино сүйемелдеу орталығының басшылығын жұмыстан босатуды және оған қатысты тергеуді бастауды талап етті.
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов кинематографистер мен Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы арасындағы дауға пікір білдіріп, министрдің тапсырмасы бойынша келіп түскен барлық өтінімдерді қайта қарайтын тәуелсіз комиссия құрылатындығын айтқан еді. 
"Адырна" ұлттық порталы 
Пікірлер