Киногерлер наразылығы. Конкурста жеңген жобалар қайта қаралатын болды

2905
Adyrna.kz Telegram
Фото: ашық дереккөзден
Фото: ашық дереккөзден

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов кинематографистер мен Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы арасындағы дауға пікір білдірді. Бұл туралы вице-министр Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

«Қазіргі уақытта мемлекет қаржысын алуға үміткер киножобалардың кезекті – бесінші конкурсы өтіп жатыр. Оның ұйымдастырушысы - Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы. Биыл электронды және қағаз форматында 290 өтінім келіп түсті. Кей кинематографистер кино орталығы (ҰКҚМО) өткізген конкурстың нәтижесімен келіспейді. Халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын басшылыққа ала отырып және келіп түскен өтініштерді ескеріп, министрдің тапсырмасы бойынша келіп түскен барлық өтінімдерді қайта қарайтын тәуелсіз комиссия құрылады»,-деп жазды Нұрғиса Дәуешов Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, бұл объективтілікті қамтамасыз ету үшін жасалып отыр.

«Сонымен қатар, отандық фильмдерді қаржыландыру туралы айтып отырғанымызды және сапалы фильмдерді шығару мен қаржыландыру басты назарда болатынын түсінуіміз маңызды»,- дейді ол

Транспаренттілікті қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстың бәрі жасалады. Питчинг комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін өткізіледі.

Айта кетейік, мамырдың 12-сі күні Алматыда Мемлекеттік кинематография орталығының байқауына фильмдер іріктеуінің әділетсіз нәтижесіне қарсы режиссерлердің митингі өтті. Олар байқаудағы фильмдердің алдын ала іріктеу нәтижелерін жоюды, Мәдениет министрімен кездесу ұйымдастыруды, сондай-ақ кино сүйемелдеу орталығының басшылығын жұмыстан босатуды және оған қатысты тергеуді бастауды талап етті.

Пікірлер