«Шымкент жастар лигасының» жеңімпаздарына шағын автобустар табыс етілді

6993
Adyrna.kz Telegram

Бүгін үш жыл қатарынан дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан «Шымкент жастар лигасы» жобасының ІІІ - кезеңі өз мәресіне жетті. Финалдық ойындар қайта жаңғырып, реконструкцияланған «Металлург» стадионында өтті. Шымкенттің талай жылдық тарихына куә болған бұл стадионда жастардың спортпен алаңсыз айналысуына барлық қолайлы жағдайлар жасалған. 

«Шымкент жастар лигасы» жобасында футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен 151 жалпы орта білім беру мектептерінен 500-ден астам команда жасақталып, 6 мыңға жуық оқушы қатысты. Жобаның финалдық кезеңіне қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, жобаның маңыздылығына тоқталды.

“Осыдан үш жыл бұрын республикада алғашқы болып «Шымкент жастар лигасы» атты бірегей жобаны бастаған болатынбыз. Бұл жоба сәтті жүзеге асып, мектеп оқушыларының, мұғалімдер мен ата-аналардың үлкен қолдауына ие болып отыр. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан бұл жарыс жастарымыздың бұқаралық спортқа қызығушылығын арттыруда.

Биыл лигаға 6 мыңнан астам оқушының қатысуы – лиганың бұқаралық сипат алғанының көрінісі” – деді қала әкімі.
Салтанатты шарада маусымның жеңімпаздары марапатталды. Әр спорт түрі бойынша чемпион командаларға демеушілердің қолдауымен алынған 20 миллион теңгенің 4 шағын автобусы табысталды.

Шахматтан - Ө.Жолдасбеков атындағы №9 ІТ лицейінің, волейболдан - А.Байтұрсынов атындағы №50 мектеп-гимназиясының, баскетболдан - М.Х.Дулати атындағы №8 гимназияның, ал, футболдан — Т.Тәжібаев атындағы №47 мектеп-гимназиясының командалары лиганың чемпионы атанды.

Пікірлер