Ресей Қырғызстандағы тіл мәселесіне қалай қарайтынын білдірді

4510
Adyrna.kz Telegram

31 мамырда Қырғыз Республикасының Парламенті «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын үшінші оқылымда қабылдаған болатын. Құжатта барлық мемлекеттік және муниципалдық қызметкерлерді мемлекеттік (қырғыз) тілін білуге ​​және тиісті емтихандарды тапсыруға міндеттелетіні жазылған. Осыған қатысты Ресей сыртқы істер министрлігі жауап берді, деп жазады "Адырна". Ресми жауап министрліктің сайтында жарияланды.

"Біздің білуімізше, «Қырғыз Республикасындағы мемлекеттік тіл туралы» заң жобасы сонау 2021 жылы талқылауға ұсынылған, содан кейін оның бастапқы нұсқасы қырғыз қоғамында, оның ішінде орыстілді тұрғындар тарапынан да сыни пікірлерге ұласты. Кейіннен құжат пысықталып, оған бұрын жетіспейтін нормалар, мысалы, барлық этностарға ана тілін сақтау мен дамыту кепілдігі туралы ережелер енгізілді. Сонымен бірге, заң жобасында мемлекеттік тілді білмеу негізінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қол сұғуға жол бермеу туралы норма енгізілмеген.

Заң қазіргі түрінде республиканың қырғыз тілін білмейтін азаматтары үшін белгілі бір қиындықтар туғызуы мүмкін. Біз қырғыз азаматтарының назарын заңның қабылдануы титулдық емес халықтың, оның ішінде біздің отандастарымыздың құқықтарына қатысты жағдайға жағымсыз әсер етуі мүмкін екеніне бірнеше рет ескерту жасадық.

Әріптестер заң жобасы орыс тілін жоюды мақсат етпейтініне сендірді. Осыған байланысты Қырғыз Республикасының басшылығы одақтастық қарым-қатынастар негізінде қырғыз тілін дамытуға да, конституциялық мәртебеге ие орыс тілін қолдауға және Қырғызстандағы ресми тіл және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы кеңістігіндегі ұлтаралық қатынас тілін насихаттауға бағытталған теңгерімді тіл саясатын жүргізеді деп күтеміз" делінген Ресей СІМ ресми жауабында.

Пікірлер