Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай еліміздің барлық өңірінен келген 70-ке жуық оқушыға «Ақорда» резиденциясында экскурсия ұйымдастырылды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Резиденцияға кірген балалар арасында халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары, оқу үздіктері бар. Соның ішінде Астана қаласының тұрғыны, 1-сынып оқушысы Асылтас Саяділ Ақорданы аралап көргісі келетінін айтып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына хат жазған болатын.
Аталған іс-шара аясында оқушылар резиденцияның бірінші қабатындағы Орталық салтанатты холл мен ресми қабылдаулар өткізуге арналған «Салтанат» залын, түрлі жиындар өтетін «Шығыс», «Мрамор», «Алтын» «Доғал» және басқа да келіссөздер залдарын тамашалады, сондай-ақ кітапхананы аралап көрді. Оқушылар ғимарат туралы қызықты деректермен танысты.