Төленнің кейбір айтып отырған сөздері жалған – Бекболат Ғафуұлы

4310
Adyrna.kz Telegram

Моңғолияда тұратын қандасымыз Бекболат Ғафуұлы туысшылап Алматы қаласына келіпті. Қандастардың бір отырысында кезігіп қалдық. Содан, Бекболат мырзамен Монғолия қазақтарының жай-күйін сұрап, біраз әңгіме құрдық.

- Бекболат Ғафуұлы, еліміздегі сапарыңыз сәтті болсын. Алдымен өзіңізді қысқаша таныстыра кетсеңіз?

- Мен Моңғолияның Ұланбатыр қаласында тұрамын. Баянөлгей өлкесінде өмірге келіп, сонда орта мектеп бітірдім. Ұланбатырда Ұлттық университетінде Геология факультетін 1994-1998 жылдары тауысып геолог, тау-кен мамандығын алып, тау-кен саласында 34 жыл жұмыс жасадым.

- Моңғолияда жүз мыңнан астам қандасымыз тұрып жатыр. Қазіргі олардың тыныс-тіршілігі қалай? Бізде көптеген шетелдерде тұратын қандастардың тілі мен ділі жергілікті көпшіліктің ықпалына түсіп кете ме деген алаңдаушылық басым. Мұндай қауіп Моңғолиядағы қазақтарда байқала ма?

- Моңғолияда 140 мыңдай қазақ тұрады. Оның басым бөлігі, 100 мыңға таяуы Баянөлгей аймағында қоныстанған және олар негізінен мал шаруашылығымен, бір бөлімі егіншілікпен айналысады. Қазақ дәстүрін ұстанып, қазақ тілінде білім алады. Менің ойымша бұл жүз мың қазақ өз ана тілінен, ұлттық салт-дәстүрінен айырыла қоймайды. Қалған Ұланбатыр, Қобда, Эрдэнэт, Дархан сияқты қалаларда тұратын қазақтардың алдынан келешекте бұл мәселе шығуы әбден мүмкін. Шығып та жатыр. Өйткені олар бастауыштан бастап моңғол тілінде оқиды, моңғол азаматтарымен жиі араласады. Сондықтан солардың салтына, тіліне ауып бара жатқан жайы бар.

- Қазақ еліне алғашқы көшті бастағандардың бірі Моңғолия қазақтары еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көші-қон қарқынды жүрді. Ал қазіргі ассимиляцияну алдында тұрған қандастардың арасында көші-қон үрдістері қалай жүруде?

- 1992 жылдан бастап 2000 жылдың алғашқы он жылына дейін көші-қон өте қарқынды жүрді. Өз елім, өз жерім деп келді. Елге келіп салты мен тілін дамытқысы, ұлттық болмысын сақтап қалғысы келді. Кейін Қазақстандағы өтпелі дәуірдегі экономикалық дағдарыс және басқа да саяси және әлеуметтік себептерге байланысты көш бұрынғыдай жалғаспады, саябырсып қалды. Ал 2016 жылдан бастап Моңғолияда экономикалық даму әлсіреп, жұмыссыздық көбейе бастады. Әсіресе, короновирус пандемиясынан кейін Қазақстанға көшеміз деушілердің қарасы көбейді. Қазір көшіп келгісі келетін жастар өте көп. Әсіресе Ұланбатыр төңірегіндегі қазақтарды көшіріп алуды ойластыру қажет сияқты.

- Дәл, сол Ұланбатыр төңірегіндегі қазақтар Қазақстан туралы әңгіме ете ме? Олардың келу ойы бар ма?

- Көп әңгіме болады. Әсіресе жастар өте қызығады. Білімді жастар өте көп. Қазір Моңғолиядағы қазақ жастарының ішінде Европадан, АҚШ-тан білім алатындардың саны айтарлықтай. Сондай білімді, сана-сезімі жоғары  жастар Қазақстанға көшу туралы көп айтады. Сондай-ақ Қазақстандағы жағдайларды көп талқылайды. Мысалы биылғы Парламент сайлауында Моңғолиядан келген 3 азамат депутат болды. Бұның өзі үлкен жетістік. Моңғолиядағы қазақтары оған қатты қуанды. Бұл елге келушілерді ынталандырумен бірдей болды. Моңғолия қазақтарының жолын ашу деген сөз. Олар тіл, салт-дәстүр мәселесін көтерсе де, көші-қон мәселесін көтерсе де іштегі де, сырттағы да қазақтар үшін пайдасынан басқа зияны жоқ деп жатты. Осындай Қазақстандағы жағдайдың бәрі ол жақтағы қазақтарды қызықтырып отырады.

- Моңғолияда қандастарымыз ғана емес, қазақстандық кәсіпкерлер де жұмыс жасайды. Өткен жылдан бері көмір ұрлығы туралы айтылып, бірнеше моңғол шенеуніктері мен кәсіпкерлері айыпталды.  Жұрт арасында көмір ұрлығында Қазақстан азаматтары да айыпталған деген сөз бар? Бұл рас па?

- Жоқ. Моңғолиядағы көмір ұрлығына қазақтардың, Қазақстан азаматтарының қатысы жоқ. Ешқандай қазақ айыпталған жоқ. Көмір ұрлығы ұзақ жылдан бері жалғасқан жемқорлықтың салдары. Бұған биліктегі адамдардың қатысы болған. Бұл Моңғолия билігіндегі көмір ұрлығына қатысы бар күдікті азаматтарды анықтау мәселесі болатын.

- Тау-кен саласының маманы екенсіз, олай болса Ғалымжан Жақиянов пен Төлен Тоқтасыновты танисыз ба?

- Әрине, ол кісілерді танып қана қоймай, 2008 жылдан бері бірге жұмыс жасағанмын.

- Ол екі азаматқа қараған компанияның атауы қандай, немен айналысқан еді? Сіз қандай қызмет атқардыңыз?

- 2007 жылы Ғалымжан Жақиянов пен Төлен Тоқтасынов ALGT ltd компаниясын құрды. Геология саласында жұмыс жасайды екенсің деп компанияға келуге сол кезде ұсыныс жасады. Бұл кісілер Моңғолияда тау-кен саласымен айналысты. Увс аймағы Нарынбұлақ сұмында кішігірім темір кенін сатып алды. Мен Төкеңмен 2008 жылдан, Ғалекеңмен 2017 жылдан бастап қоян-қолтық  жұмыс жасадым.

- Осыдан бірнеше ай бұрын, (2 қаңтар күні) «Адырна» порталына Төлен Тоқтасынов сұхбат беріп өзінің бұрынғы досы Ғалымжан Жақияновқа қарсы біраз кінә тағып, ауыр сөздер айтыпты. Өз кезегінде Ғалымжан Жақиянов ақпарат құралдарына мәлімдеме жасап Төлен Тоқтасыновтын сөздері жалған деп мәлімдеді. Артынан екеуінің ортасындағы дау ұлғайып сотқа жетті-ау деймін. Сіздің өз ойыңыз қандай?

- Мен таразының басына Ғалымжан артық, Төлен артық деп тек бір жағын  қолдамаймын. Екеуін де жамандамаймын. Екеуімен де бірге жұмыс жасадым. Бірақ бұл жерде Төленнің кейбір айтып отырған сөздері  жалған.

- Осы сұхбатында Төкең Моңғолияда өзінің үстінен қылмысты іс қозғалған туралы айта келе, «Мен өзім жақын дос деп жүрген талай жыл бірге жүрген досым Ғалымжан Жақиянов осының бәрін істеп отыр» деген екен. Ғалекең болса, оған былайша қайтарған: «Төлен Тоқтасынов маған қарсы Моңғолияның сақшы орындарына арыз берді. Алайда, барлық жағдай мен құжаттарды жан-жақты тексерген соң менің тарапымнан ешқандай қылмыс не заң бұзушылық болмағаны мәлім болды. Қылмыс құрамы жоқ болғандықтан іс ашылмады. Барлық жағдай мен құжаттарды тексергеннен кейін, керісінше, Моңғолияның тергеу комитеті мен прокуратурасы ALGT ltd компаниясының бұрынғы атқарушы директор ретінде Тоқтасыновтың өзін алаяқтықпен құжаттарды қолдан жасағаны үшін жауапқа тартуға шешім қабылдады. Өзі тапсырған ақпарат және менің өтінішім негізінде Моңғолия қылмыстық кодексінің 17.3-бабына сәйкес оған өзіне қарсы қылмыстық іс қозғады. Тергеушіге берген уәдесіне қарамастан және заңды бұза отырып, Тоқтасынов 2022 жылғы 10 қазанда Моңғолиядан кетіп қалды, қазіргі уақытта оған халықаралық іздеу жарияланған». Сіздің ойыңызша, бұл жағдай қалай болған? Моңғолияның полициясына арызды бірінші берген кім?  

- Моңғолияның сақшысына алдымен арыз берген Төлен болатын. Төленнің арызы бойынша Ғалымжанды тексерді. Тексеріс барысында одан ешқандай заң бұзушылық анықталмады. Содан кейін Ғалымжан Төленге қарсы өзінін абырой беделін қорғау үшін шағым түсірді.

- Төлен Тоқтасынов Ғалымжан Жақияновты  Моңғолия билігінде отырған саясаткерлермен, ақпарат құралдарымен сыбайлас депті.   Бұл туралы не айтасыз?

- Бұның бәрі жалған. Мен білетін Ғалымжан таза жүретін адам, ешқандай заңсыздыққа бармайды.

- Алматы қаласы Медеу аудандық сотында Төлен Тоқтасынов пен Мұхамедқали Оспанов арасында азаматтық іс жүргізілген екен. Сот 200 миллион теңге қарызды Тоқтасынов қайтарсын деген шешім қабылдапты. Осы жайлы пікіріңізді айтсаңыз.

- Төленнің Мұхамедқали Оспановқа қарызы қайтарылсын деген сот шешімін  баспасөзден оқыдым.

Ол ақшаны Төлен Мұхаметқалиден жоғарғы өсіммен 2012 жылдары алған. Жеке өз мақсатына қарызға алған қаражатты компания есебінен төлемекші болған. 2020-21 жылдары, мен  ALGT ltd-дың атқарушы директоры болып тұрған кезімде, қаржылық аудит жүргізу нәтижесінде Төленнің компанияға ешқандай қаржыны кіргізбегені анықталды.  

Ол кезде Төленнің жеке басында басқа компаниялар болған. Мүмкін соларға салған шығар, басқа жеке жұмыстарына істеткен шығар. Ол жағын білмеймін.

- Сіз ALGT ltd-да қанша уақыт атқарушы директор болдыңыз?

- Төлен 2019 жылы ALGT ltd-дың атқарушы директорлығынан кетті. Сол кезден бастап 2021 жылдың маусымына дейін директор болдым.

- Сізбен әңгіме барысында ұққаным, Тоқтасыновпен басқа да іскерлік қарым-қатынасыңыз болған секілді...

- Иә, мысалы, «Баруунгео» деген компаниясының тау-кен бойынша 3 лицензиясы болған. Төлен ол жеке компаниясын 2015 жылы құрған. Ол туралы Ғалымжан білмеді. Атқарушы директоры етіп мені қойып, тиісті жалақымды беретін болған. 2019 жылы сол компанияны өз атымнан Төкеңе аударып бердім. Бірақ бастағы келіскен айлықтарымды беремін деп жүріп төлемей кетті. Осы жолғы осында келген мақсатым Төленмен жолығу болатын. Бірге жүрген азамат, қол астында жұмыс жасадым, кезігейін деп ойладым. Бірақ ол кісінің телефоны жабық. Хабарлама жазсам ватсапына жауап бермеді. Алма жеңгеміз де телефонымды көтермеді. Сонда бұл кісілермен мен де соттасыум керек деп ойландым.

- ALGT ltd-да Төлен Тоқтасыновпен 2008 жылдан, Ғалымжан Жақияновпен  2017 жылдан бастап бірге жұмыс жасадым дедіңіз. Төлен мырза сұхбатында Ғалымжан Жақиянов еңбегімді бағаламады дегендей айтыпты. Бұған не дейсіз? Компания қай кезде табысты жұмыс жасады?

- Шынын айту керек, Төленнің кезіндегі 2008 жылдан 2016 жылға дейін компания лицензия алғаныменен, ешбір жұмыс істелінбеді. Кейін ғана Ғалымжанның күшімен компания алға қозғалды. Бұл кезде Ғалекеңнің қасында бірге жүріп, бәрін өз көзіммен көрдім. Қытаймен байланыс жасады. Кең қазу және өндірісін құрдық. 650 километр жолдың мәселесін шештік. Жергілікті халық, малшылары және басшыларымен тіл табыстық. Өздеріңіз білетін боларсыз, қырда, әсіресе, Моңғолияда ондай өндіріс жұмыстарын жүргізү өте қиын. Тірі жан жоқ далада машинамыз жүрмей, қарлы боран не шаң астында қалған талай күндеріміз болды. Әйтеүір, қыруар еңбек терін төгіп нәтижеге жеттік. 2017 жылы тау-кең өнімдерімізді экспортқа шығара бастадық. Осы жерде Ғалымжанның білімін, тәжиребесін және ұйымдастыру қабылетін ерекше атап кеткен жөн болар. Мен өзім де аянбай еңбек еттім.

- Сонда Төкең не жұмыс атқарды?

- Ол кісі Ұланбатырда компанияның офисінде отырды, директор ретінде қағаздарға ие болды.

- Аталған екі әріптесіңізді кәсіби және адами тұрғыдан қалай бағалайсыз?

- Адами тұрғыда екеуі де жаман емес. Бұрын Төлен Тоқтасынов үлкен сауда істеген деп естігенбіз. Бірақ, мұндағы қимылынан нақ бизнес істеп көрмегенін байқадым. Ғалымжан Жақиянов саясатта жүрсе де бизнесті істеп үйренген адам екен. Компанияның жұмыстарын қалай алып жүрсем дегенді басты назарға алады.

Негізі Төкең  басында сотқа бермей-ақ келіспеушілігі бар жағдайда, Ғалекеңе айтып шешуге ниеттенсе болатын еді. Сол кезде Ғалымжанға жолықтыр, татуласайық десе, жолықтырып ара-ағайындық жасар едім. Келісімге келудің орнына, сақшыларға арызданды. Және ақпарат құралдарына, соның ішінде Моңғолия сайттарына жалған мәліметтер таратып жүрген Төлен деп ойлаймын.

- Осы даулы мәселеде компания ұжымы не ойлайды?

- Аудит өткізгенде Төленнің біраз былықтары шықты. Компаниядағылар ақ-қарасын біліп отыр.

- Дауды Төлен мырза бастаған болса, қырық жылдық досына неге бұлай жасады? Өзінің қаржылық жағдайын оңалтуды мақсат етті ме, әлде көлеңкедегі біреулердің тапсырмасы болуы мүмкін деп ойламайсыз ба?

- Екеуі де болуы мүмкін. Экономикалық жағдайын түзеу үшін осылай істеген шығар. Ғалымжанның саяси қарсыластары оның осында келіп саясатқа араласып кете ме деп арандатқан болуы да мүмкін.

- Өзіңізге қайта оралсақ, Қазақстанға оралу ойыңыз жоқ па?

- Әрине, атамекенге оралғымыз келеді. Жақында немерелі болдық. Алматыға келе жатқанда келінім немереңізге қазақша кітаптар ала келсеңіз деп еді. Өйткені ертең балабақшаға баратын болса, өз ана тілін ұмытып кете ме деп уайымдаймыз. Тағы да студент балам бар. Ол да қазақша әдеби кітаптар әкеліп беріңіз деп тапсырған. Балаларым шетелде оқыса да, болашағын Қазақстанмен байланыстырады. Солардың таңдауына қарай әрекет етеміз.

- Сұхбаттасқаныңызға рақмет!

Тұрдыбек Құрметхан

Пікірлер