Ресей үшін соғысқан қазақстандықтың елде де қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны айтылды

2122
Adyrna.kz Telegram

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев «Вагнер» жеке әскери компаниясының құрамында болғаны үшін Украинада сотталған Қазақстан азаматының оқиғасына ұлттық ата заң негізінде түсініктеме берді. Ресей үшін "от кешкен" қазақстандықтың елімізде де қылмыстық жауапқа тартылатынын хабарлады, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.

Бүгін Мәжілісте тілшілер министрдің орынбасарынан «Вагнер» жеке әскери компаниясы құрамында болған және Украинада сотталған Қазақстан азаматы туралы сұрады.

«Менің ойымша, аталған адамға қатысты мәселені Сыртқы істер министрлігі пысықтап жатыр. Яғни бұл тақырып сыртқы саяси ведомство құзыретінде. Басқа елдердің аумағындағы қарулы қақтығыстарға қатысқандарға Қазақстанда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған», - деді М. Қожаев.

Сонымен қатар, Ресей болында "қар құрсанып, мұз жастанған" азаматтың  таяуда ғана Украинада сотталғанын хабарлады. Оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі алдағы уақытта қаралуы мүмкін.

фото: «Вагнер» жеке әскери компаниясы құрамында болған Қазақстан азаматы

Айта кетейік, бұқаралық ақпарат құралдарында «Вагнер» жеке әскери компаниясы құрамында болған Қазақстан азаматын Украинада 9 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шыққаны хабарланды.

Бұдан бөлек, биыл сәуір айында Қазақстанның сыртқы істер министрлігі ҚР СІМ «Вагнер» құрамына өткен студент Қазақстанда қылмыстық жауапқа тартылатынын жариялады. Осындай әскери компаниялардың құрамына кіретін адамдар елімізде 5 жылдан 9 жылға дейін жазаға тартылады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер