Мәскеуге дрондар шабуылдады, екі тұрғын жарақаттанды. "Мазасы кеткен Мәскеуге" қатысты тағы қандай деректер мәлім?

2446
Adyrna.kz Telegram

Мәскеу қаласы әкімі тұрғын үйлердің "тарс төбесінен түскен" шабуылдың болғанын әлгінде ғана растады. Мұндай шабуылдар қаланың оңтүстік-батысында болған. Ресейдің Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша ұшуда ұшқышты қажет етпейтін мұндай 8 құрылғы Мәскеу аспанын бүркеген.  Мұндай хабар Киевті үш күн қатарынан атқылап жатқан кезде келіп жетті.

Естеріңізге сала кетейік, дрондар Мәскеу аспанын алғашқы рет торуылдап отырған жоқ. Мамыр айының басында дрондар Кремльге қарсы бағытталған еді. Оқиғаға қатысты өзге де деректер жайлы "Адырна" ұлттық порталы жазады. 

Ұшқышсыз ұшатын құрылғылар Мәскеу мен Мәскеу түбегіне шабуылдаған.

Фото: әлеуметтік желілерден

Мәскеу әкімі Сергей Собянин  таңсәрімен қалаға ұшқышсыз ұшақтар шабуыл жасап, бірнеше ғимаратты зақымдағанын айтты.

"Бәрі дін-аман. Қазіргі уақытта ешкім қатты зардап шеккен жоқ. Тек ресми дереккөздерге сеніңіздер. Тексерілмеген ақпаратты таратпауыңызды сұраймын", - деп жазды Собянин.

Оның айтуынша, қауіпсіздік мақсатымен екі тұрғын үйдің тұрғындары эвакуацияланды.

Сонымен қатар, Мәскеудегі Дептранс Удальцов көшесінің бір бөлігі, Ленин даңғылынан Михаил Певцов көшесіне дейінгі жолдың жабылғаны хабарланды.

Ұшақтар Мәскеудегі үш тұрғын үйге шабуыл жасады. Атап айтқанда:

  • "Кәсіподақ" көшесіндегі тоқсан сегізінші нөмірлі тұрғын үйдің 16 қабатына дрон құлады. Үйдің қабырғасы қирап, әйнектері сынған. Үйдің кіреберіс бөлігіндегі тұрғындар эвакуацияланды.
  • Ленин даңғылының бойындағы көпқабатты үйдің біріне дрон бағытталған. Baza телеграммаларының хабарлауынша, дрон 14 қабатты пәтерге ұшып жетті, бірақ жарылған жоқ.
  • Жаңа Мәскеу, Атласов көшесінің бойындағы тұрғын үйдің ішіне құрылғы кірген. Нәтижесінде, 24 қабатты үйде жарылыс болды. Бұл хақында Ресей ТЖМ-cы мәлімдеді.

фото: "24 канал" 

Сонымен қатар, Мәскеу облысының Одинцово мен Красногорск, Жаңа Рига мен Барвиха аймағында да жарылыс дауысы естілді.

  • Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің айтуынша, әуе қорғанысы аспандағы дрондарды дер кезінде анықтай алған. Олардың бірнешеуі Мәскеуге ұшып бара жатқан жерінен атып түсірілген.
  • "Baza" телеграм-каналының мәліметі бойынша, бүгін таңертең Мәскеу облысында 10-нан астам дрондар атып түсірілді, олардың көпшілігі Истра, Красногорск және Одинцов аудандарында "құрыққа түскен".

Сонымен қатар, "Baza" таңертеңгі шабуылға шыққан дрондардың саны жиырма бес болғанын жазды. Олардың бір бөлігі жер бауырлай ұшып, ағаштар мен сымдарға ілінген.

Report арнасы екі адамның медициналық көмекке жүгінгенін қоса айтты.

Ал, Мәскеу қаласының әкімі Собянин жергілікті жерлерде жедел-жәрдем қызметінің жұмыс істеп жатқандығын жеткізіп, алаңдауға негіз жоқ екендігін алға тартып отыр.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер