Home » Айдарлар » Әдебиет » БІР ӘТЕШТІҢ ТАҒДЫРЫ

БІР ӘТЕШТІҢ ТАҒДЫРЫ

Жалғанда әтеш болып дүниеге келген соң, не окарочка, не грил болмаған күнде кәуәп болып өлу деген де бақыт па деймін. Мұнда тапа-тал түсте түздегі әжетханаға құлап өлген әтештің тағдырын ешқандай құстың басына бермесін. Оқиға былай болды: Баққожа Мұқайдың “Өмірзаясын” оқып жатып маужырап кетіппін. Тапа-тал түстің дәл үш кезі еді, көршінің әтеші тереземнің тұсына келіп алып, “қақ-қақ-қақуууу” деп шақырып қоймады. Ұйқылы ояу жастықтан басымды көтердім де,- “Өзің де бір оңбайтын әтеш екенсің!” – деп міңгір еттім. Әлгі әтеш құдды бір менің сөзімді естіп қойғандай және қайтара күлді дүниені басына көтеріп “қақ-қақулап” шақырды.
-“Алжыған әтеш қазыр түс ғой, осындай уақытта әтеш деген шақыра ма”-деп тағы қайтара әтештің ақымақтығын әшкерелегендей шекем тырысып, құлағымды жастықпен тұмшалап жатып ұрса жөнелдім. Әтеш оныма да пысқырмады бар даусымен қақылдап тереземнің тұсында жағы сембей тұрып алды.
– “Бетіңе айтайын әтеш ұятсыз екенсің”- дедім амалым құрып. Ұйқым шайдай ашылды. Кітапты орталап қалғам екем, мұқабасын ақырын сыйпап көріп “Өмірзая” деген сөзге көзім түсіп кетіп, әріптерін саусағыммен термелеп шықтым -” ееее мына өмір кімге опа бергендей”- деп өзімше философиялық ойға берілдім. Тіпті әтеш екеш әтештің де бір басына жетіп артылатын проблемасы бар, мына өмірге айтар бір назы бар-ау. Бұ, жазған әтеш неге дәл үштің кезінде ширығып шақырып, жарық дүниені жаңғыртып тұр, бұныкі не күйік әкетіп бара жатқан? Әлде тауығы бар болғыр бала қораздармен ойнас жасап бейшара ыза-күйіктен дүниеге сыймай жүр ма екен, жоқ әлде, арызқой тауықтар үстінен домалақ арыз түсірді ма екен? Бейшара қайтсін ей, қырық тауықтың арасында жалғыз әтеш болып өмір сүру оңай дейсің бе? Ала тауық ақиды, қара тауық қақшиды, ақ тауығым бақшиды деп жүріп-ақ күн мен түнді шатастырып алған болдың ғой жазған. Өз ойыма өзім мырс етіп күліп жібердім. Кенет әтеш дүниеге бар назын айтып қайтадан шақырып қоя берді. Даусы тенор ма деймін. Тауықтар арасындағы кепе әртісі шығар-ау деп тағы ойладым. Жоқ мұның талантын тауықтар бағаламаған ғой сірә да, “халық әтеші, кепеге еңбек сіңірген қайраткер әтеш” деген атақтарды өзін өзі ұсынған кіл кем таланттар иеленіп кетіп, бұл жазған дымнан-дымсыз қалып қойып, соның күйігіне шыдай алмай ішіп алып көшеге шығып кеткен болды ғой деп ойлап ішегім қата күлейін. Еріккенде адамның ойын небір қиял шарпитыны бар емес пе? А, бұл әтеш жарықтық сәуегей болса қайтем.
-Мысалы, әтеш айтшы осы мен қашан тұрмысқа шығамын дедім еліріп. Сұрағыма жауап ретінде шақырсаң биыл деп түсінемін. Шақырмасаң бар ғой кәуап боласың, етіңді тұздап тұрып отқа қақтаймын, қауырсындарыңнан көпшік жасаймын деп қабағымды шыттым.
Әтеш “қақ-қақу” деп шақырып қоя берді.
-әәәә бәлем рас па-дедім екі бетім лап етіп әнтек жымиып. Мені бір желік биледі.
-әдемі жігітпа өзі былай?
-қақ-қақ….
-Қақ қақын несі рең-басы былай нәрмалный ма?
-қақ-қақ….
-ееее мейлі жігіт адамға анау айтқан түрдің де қажеті жоқ, адамгершілігі болсын де. Күйеуің сенен сұлу болып кетсе тағы пәле ғой, өмір бойы көз жанарын күзетіп өтесің…
-Еу, әтеш менің қанша балам болады осы дедім сосын.
– бір рет шақырсаң біреу, екі шақырсаң еку деп түсінейін”-дедім жатып алып. Әтеш тағы да қақ-қақ деді.
-Сосын, сосын ше біреу-ақ па не әтеш? -деп қабағымды қайта түйдім. Әнші әтешім қақ-қақу деп бар даусымен шақырып тұрып кенет орта жолдан дауысы кілт үзіліп соңы аянышты қырылға ұласып қоя берді. Орнымнан ұшып тұрып терезеден сыртқа ұмтылсам, әнші әтешім пора-порасы шығып Арланның аузында кетіп бара жатыр. Жан даусым шықты.
– Арлан таста деймін! Иии жалмауыз!
-Мама көршінің әтештін Арлан әкетіп барады деп жан дәрменім қалмай, ас бөлмесіндегі шешеме қарап “баж” ете түстім. Мамам кесе табағын тастай салып оң аяғын колошқа сұғып, сол аяғына сүйретпені іле салып қоса қабат менің соңымнан ілесті. Мен де бөлме сүйретпесімен көйлекшең үйден атып шығып Арланның соңынан қуа жөнеген бетім еді. Итпісің деген Арлан да құдай берген олжадан оңай айырыла салсын ба соңына бір қарады да, құйрығын қайқайтып, алға түсіп алып тәймаңдап барады екен.
-Оңбаған ит екенсің Арлан дедім де үйден ала шыққан көсеумен жон арқасынан салып қалдым. Арлан байқұс қапелінде мен ұрады деп ойламаса керек жота жүні кідірейіп барып “аһ” деп аянышты қыңсылады да аузындағы әтешті тастай салып құйрығын бұтына қыстырған күйі безе жөнелді. Әтеш байқұс жерге топ ете құлап, хайуанның аранынан тірі құтылғанына өзі де сенер не сенбесін білмеген күйі екі көзі атыздай айналып кәңгелектеп, есігі ашық тұрған әжетханаға барып соғылды да соңғы рет мына жарық жалғанға “қақ-қақулап” шақырып әжетханың тесігіне басын тіреп, қос қанатын жайып тұрып “гүмп” ете қалды. Қауырсыны жалп етіп жерге құлады.
-“О, сорлы!-деді шешем.
-“Оеееебууууу!”-дедім мен екі бетімді қолыммен жауып. Не адамға не итке бұйырмаған әтеш ғұмыр солай көз алдымызда зырғып ағып өте шықты. Үйге кірсек әкем терезеден бәрін тамашалап отыр екен, көршіге қоңырау соғып, әтешінің әжетханаға құлап өлгенін жеткізді. Телефон тұтқасына жабысқан әкем кенеттен қиқ-қиқ күлкіге бассын. Сөйтсе әтештің иесі:-“Қапа болмаңыз енді Нәке, обалы Арланға, әтештің арты қайырлы болсын”-деп әкемнің өзіне көңіл айтып жатыр екен. Ал менің көкейімде -“сонда менің қанша балам болады?” деген сұрақ қалып қойды.
Расында менің қанша балам болады екен?

Жәудір Нартай

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Джон Стейнбек Махаббат хақында

1958жылы Америка жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Джон Стейнбек үлкен ұлынан хат алады. Жасөспірім баласы хатында ...