Косовода жергілікті сербтер мен НATO әскері қақтығысты

2108
Adyrna.kz Telegram

Косовода этникалық сербтер мен HATO әскерлері қақтығысты. Саяси себептерге бола ушыққан оқиға дүйсенбі күні болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Дүйсенбі күні, құлқын сәріде,  Косово мен Метохияның солтүстігінде орналасқан Звечан ауданында наразылықтар басталды. Әкімшілік ғимараттарының алдына жиналған этникалық сербтер жаңадан сайланған жергілікті әкімшілік басшыларының орнын босатуын талап етті. Өйткені сәуір айында өткен сайлауды сербтердің көпшілігі мойындамаған еді.

Кешке қарай наразылық білдірушілердің қарқынын тоқтатуға Косово полициясының күштері мен НАТО (KFOR) араласып, наразыларды қыспаққа алды. Ақырында, шерулеткендерді таяқтап, көзден жас ағызатын газ қолданылды. Оқ атылғаны жайлы деректер бар. Қақтығыстар кезінде 50-ден астам адам зардап шеккен.

Оқиғаға қатысты HATO түсінік берді.

- НАТО-дан 25-ке жуық бітімгер жарақат алды. Оның ішінде Италия мен Венгрия KFOR контингентінің әскери қызметшілері бар. Олар себепсіз шабуылға ұшырады және тұтандырғыш құрылғылардың жарылуынан жарақат алды, — деп хабарлады НАТО.

Наразылық білдірушілерді таратқаннан кейін Сербия Президенті Александр Вучич үндеу жасады. Ол қақтығыстан кейін медицина мекемелерінің қызметіне 52 адам жүгінгенін, оның үшеуі ауыр жағдайда екенін хабарлады.

Сонымен қатар, Вучич НАТО-ның 41 бітімгершісі жараланғанғанын мәлімдеді.  Косово арнайы күштерінің әрекетін сынға алып, көпшілікке оқ жаудырған "жанкештілігін" айыптады.

Орайы келгенде айта кетейік, Косово арнайы күштері қақтығыс үстінде бір тұрғынды жарақаттаған еді.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер