Мемлекеттік кеңесші арнайы қатысты. V республикалық имамдар форумы

2142
Adyrna.kz Telegram

29 мамыр Астана қаласында «Имам – ізгі қоғам жаршысы» тақырыбында ұйымдастырылған V республикалық имамдар форумы өтті.

Форумға  Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Ғұламалар, Сарапшылар кеңесінің мүшелері, медресе-колледж бен қарилар орталығының директорлары, сондай-ақ еліміздің әр аймағынан келген 350 имам қатысты.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин қоғамдағы имамдардың рөлін айрықша атап өтті.

”Имам – халықты бірлікке үндейтін, қоғамды мейірімділікке шақыратын тұлға. Адамдардың көкірегіне ізгіліктің дәнін сеуіп, жұртшылықты жақсылыққа насихаттайды. Сондықтан имамдардың ел ішіндегі орны ерекше. Соған сәйкес, оларға артылатын жауапкершілік те зор.

Имам мен жамағаттың арасында өзара түсіністік, ынтымақ пен құрмет болса, онда қоғамның тұрақтылығы да беки түседі. Жұрт арасында жүргенде имамдармен жиі жолығысып жатамыз. Сол кезде «Жамағатыңыз қалай?» деген сұрақ қоямыз. Сонда байқағаным, бүгінде имамдар жамағаттары жайында айтқанда ерекше мейірленіп кетеді. Мешітке келушілердің бір-біріне көмек қолын созып жатқанын, сүрінгенді демейтін ынтымағы бар екенін айтады.

Бұл ел бірлігінде жаңа іргетас қалыптасып жатқанын көрсетеді. Халықтың бір-біріне шарапатын тигізіп, ауызбіршілікте өмір сүріп жатқанын нақтылайды. Осыған қарап, Мүфтият пен имамдардың жұмысы табысты іске асып жатқанына куә боламыз”, - деді Мемлекеттік кеңесші.

Сондай-ақ, имамдар форумының үндеуі қабылданды. Үндеуді ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров оқыды.

”Біз, дін және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы Ғұламалар кеңесінің мүшелері, «Имам – ізгі қоғам жаршысы» V Республикалық имамдар форумының қатысушылары форумда қабылданған «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының рухани (діни және ұлттық) құндылықтарды насихаттаудағы рөлі», «Имамның жамағат намазын өткізу тәртібі», «Қажының рухани келбеті» құжаттарын бірауыздан қолдаймыз.

Форумда қабылданған құжаттарды ыждаһаттылықпен ел арасында, жамағат ішінде насихаттау аса маңызды іс деп санаймыз. Діни және ұлттық құндылықтарды дәріптеуде, діни құлшылықтарды шариғат талабына сай атқару ісінде, діни рәсімдерді бірізділікпен өткізуде дін қызметкерлерінің рөлі мен жауапкершілігі аса зор деп білеміз. Осы ретте төмендегідей ұсыныстарды қолдауға үндейміз:

Біріншіден, ата-бабаларымыздан келе жатқан діни және ұлттық құндылықтарды ел арасында белсенді түрде насихаттауға.

Екіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты барлық мешіттерде бес уақыт намаз, екі айт, қасиетті жұма және тарауық намазы сынды құлшылықтарды бірізділікпен өткізуге, жамағат арасында түсініспеушілікке жол бермеуге және бабалар салған діни мектепті дамытуға.

Үшіншіден, бес парыздың бірі қажылық құлшылығын өтеп келген отандастарымызды қоғамда көркем мінезімен, өнегелі істерімен үлгі көрсетуге және қажы деген құрметке лайықты болуға шақырамыз”, делінген үндеуде.

Форумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының құттықтау хатын жолданды. Президентттің құттықтау хатын Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк кеңесшісі Ерлан Қарин оқып берді.

”Қадірлі қауым! Ардақты ағайын! Баршаңызды «Имам – ізгі қоғам жаршысы» атты имамдардың V республикалық форумының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Ислам – руханиятымыздың тірегі. Ата дініміз ізгілік пен адамгершілікке, жанашырлық пен жасампаздыққа негізделген. Осындай асыл құндылықтар қоғамда тұрақтылық пен татулықты нығайтып, елімізді өркендету ісінде айрықша рөл атқарады. Сондықтан салт-дәстүрімізбен тығыз сабақтасқан дәстүрлі исламды қадірлеу өте маңызды.

Адамзат өркениеті ғылым мен технологияның дамуымен ғана шектелмейді. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, руханият саласына баса мән беруіміз керек. Мүфтият ел тағдырына айрықша ықпал ететін осы жауапты жұмысқа белсене атсалысып келеді. Имамдарымыз халықтың діни сауатын арттыруға, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие беруге және оны жат ағымдардың әсерінен қорғауға өз үлесін қосуда.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына және барша дін қызметкерлеріне шынайы ризашылығымды білдіремін. Бүгінгі басқосуда имамдардың беделін күшейтуге, ата дініміздің қоғамдағы рөліне қатысты маңызды ой-пікірлер айтылады деп сенемін.

Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Форумның жұмысы табысты болсын!”, делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Пікірлер