Қытайда қазақ әндері әуеледі. Көрші мемлекеттің астанасы Бейжіңде 30 қазақ әні өзге тілге аударылып, жаңа жинақ жарық көрді. Оның ішінде Абай Құнанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Алтынбек Қоразбаев және Нұрғиса Тілендиевтің шығармалары бар, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Қазақстан Республикасы, Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Бейжіңде қытай тіліндегі танымал қазақ әндерінің алғашқы аударма жинағының тұсаукесері өтті. Аударманың авторы – жазушы Әкбар Мәжит. Қаламгер осыдан 2 жыл бұрын Абайдың өлеңдері мен Қара сөздерін де қытай тіліне аударған еді.
«Ал ән сөзін аудару оңай болған жоқ. Өйткені сөзді мағынасымен ритмге келтіру маңызды» дейді. Автор бұл аудармаға осыдан 40 жыл бұрын кіріскенін айтады. Ал Қытай жұрты қазақ әндерін бұрыннан сүйіп тыңдайды екен. Мәселен, «Қарлығаш» 1930 жылдардың өзінде қытай тіліне аударылған.
Бұл 30 әнді мен былтырғы жылы Қазақстан мен Қытайдың дипломатия байланыстың 30 жылдығына арнағам. Сондықтан 30 ән талданды. Бірақ былтыр індет жағдайынан уақытында шыға алмай қалды. Сондықтан биыл шығып отыр. Бұдан кейін осындай мәдениет ауыс-киіс болып жатса, екі елдің халқының көңілі тоғысып жатса, осы мәңгі іргелес елміз, екі елдің достығы, береке-бірлігі бітпей, осылай жалғаса берсе деймін, - дейді жазушы, аудармашы, II дәрежелі Достық орденінің иегері Әкбар Мәжитұлы.
Әкбар Мәжитұлы (1954 ж. туған) – қытай тілінде жазатын аз ұлттары өкілдерінен тұратын ҚХР-дың көрнекті жазушыларының бірі. 1982 ж. бастап Қытай жазушылар одағының мүшесі, ҚХР Халықтық саяси консультативтік кеңесінің депутаты болған, үш рет ҚХР Мемлекеттік сыйлығының иегері, II дәрежелі «Достық» орденінің кавалері, оннан астам кітаптың, оның ішінде Абай шығармалары аудармаларының авторы болып табылады.
Әкбар Мәжитұлының аудармалары мен шығармашылық ізденістерінің арқасында бүгінгі таңда қытайлық оқырмандар қазақ әдебиетінің көрнекті классиктері мен танымал композиторлардың шығармаларымен таныса алады.
Іс-шараға қонақ есебінде Қытайдың мемлекеттік органдары, академиялық және шығармашылық зиялылары, қазақ диаспорасының өкілдері, сондай-ақ қытайлық және қазақстандық БАҚ журналистері қатысты.
"Адырна" ұлттық порталы