Сайрагүл ісі, Серікжан, Атажұрт туралы

2574
Adyrna.kz Telegram

Баяғыда «Егемен Қазақстанда» ма, «Жас алашта» ма «Дүбірге толы дүние» айдармен жаңалықтар шығып тұратын еді. Соңғы кездегі ФБ-ы айқай-сүрең неге екенін білмеймін, есіме соны түсірді. Мен мұндағыны, «дүрбелеңге түскен фейсбук» дер едім))). Бұдан бұрында айтып жүргенімдей, ФБ-ға өте сирек кіремін, көбіне пост жазу үшін, бірақ басқалардың жазғанын қол боста болмаса, жиі оқи бермейтін маған бірқатар жанашыр достарым «Әбеке не болып кетті, әлемжелі шулап жатыр» деп, қайта-қата сілтемелер жіберіп, қоймай қойғасын бір жауап жазайын дедім. Әйтпесе, менің жазғанымды бұрмалап, айпағанымды айтқызып, өздері жиі қолданатын сөз тіркесі «есекке теріс мінгізіп жіберетін» түрлері бар))).
Әлқисса, 15 ақпанда Сайрагүл, өзінің азаматтық ісі бойынша менің адвокаттық қызметімнен бас тартты, оның нақ себебін мен білмеймін, бірақ өз шешімі емес екенін сеземін. Қалай болғанда да, түпкілікті шешімді Сайрагүлдің өзі қабылдады, енді менің адвокат ретінде оған қылар еш амалым жоқ. Тек қана өзге жұрт сияқты, сырттай тілеулес болып отырамын. Бірақ, бұдан «вселенская трагедия» жасауда қажет емес. Мен Сайрагүлді қылмыстық істен қорғап қалдым ба, қорғап қалдым. Менің кәсіби ісіме айтылар сын бар ма? Әзірге достарым жіберген, өзім қарап шыққан материалдардан айтуға тұратын бірде-бір сыни мақала, пост көргем жоқ. Ал, құр долбар мен қиялға құрылған түсініксіз айыптауларға жауап беріп жататын жәйім жоқ. Себебі, уақытым жоқ. Әйтпесе, оларға салсаң Сайрагүлдің соттан шыққан кезде Елбасына рахмет айтқанына да мен кінәлі екенмін))). Одан басқа, Сайрагүлді сөйлетпеді дейді. Оу ағайын, Сайрагүл мен кезде қорғаған кезде шартты жазасын өтеп жүрген болатын, ондай жағдайда қалай мен оған саяси мәлімдеме жаса деймін? Қала берді, наурыз айында шартты жазасы өтеліп болды, енді кім кедергі жасап жатыр Сайрагүлге? Осындай жаптым жала, жақтым күйе әңгіме кімге, неге керек екенін түсінбеймін, бастысы, Сайрагүлдің сол 15 ақпан күнгі менің ватсабыма жіберген мына жазбаларымен бөлісейін, сонымен Сайрагүл мен Абзал Құспан мәселесіне нүкте қоялық. Ал, нақты мәселе бойынша, нақты сұрақтар болып жатса, кімге болса да жауап беруге әзірмін.
Артынан Серікжан Біләшұлы «Атажұрт» атынан Қазақстандық Ұйғырлардың Қытайдағы лагерьде жатқандарға дұға етеміз деп барып, барлық Ұйғырлармен бірігіп «комунистерге, қытайларға, мүшріктерге қарсы» Жихадқа шақырғаны туралы видеосы Ютубқа шыққанын көріп, оған қарсы өз пікірімді білдірдім. Заң шығару ісімен елге белгілі ағамыз Секеңді қолдап «Түбібір түркінің бәріне, жақша ішінде Ұйғырларға, оралмандық статус берейік» -деп атышулы мәлімдеме жасады, оғанда қарсы дереу өз пікірімді осы ФБ-да жаздым. Содан басталды...
Небір фейкі бар, фейк емесі бар жан-жақтан «Абзал Құспан дұшпан, қытайшыл, сатқын» деген айыптаулар қарша борады. Олардың бірінде өшіргем жоқ, менің постымның астында тұр, тұра да береді. Қызығы, неге Қазақ-Ұйғыр мәселесі туралы менің бір ауыз ғана пікірім бұлардың шымбайына қатты батып кетті?
Артынан Серікжан Біләшұлы ұсталып, кері босапта үлгеріп жатыр. Ал мен болсам ФБ-да не боп жатыр деп өткен ленталарды ақтарып отырмын.
Бірден айтайын, «Ойбу Секең батыр еді, серке болатын тұлға еді» -деп қайбір қоғам белсенділері құсап көптің ығына жығыла кетпеймін. «Оны соттату керек» - депте білек сыбанбаймын. Серікжанмен осы желіде отырғандардың көбі, әсіресе жергілікті қазақтардан, дәл мен араласқандай тығыз араласып көргендері некен-саяқ. Кезінде, Сәуле, Нұргелді үшеуіміз Секеңе қарсы сөз айтқандарды бетке қаратпайтын едік, артынан одан көңіліміз су сепкендей басылды, 2018 тамызында «Сіз өз жөніңізбен, біз өз жөнімізбен жүрейік» деп қош айтыстық. Одан соң, оның Қазақ-Ұйғырды Жихадқа шақырған әйгілі мәлімдемесіне дейін, менде басқамыз да Серікжан туралы ләм-мим жақ ашқамыз жоқ.
Секеңді біраз танып қалған адам ретінде айтайын, ол уақытша тұлға, бүгін бар, ертең жоқ. Қазір дүрмекке ілесіп, айқайға сүрең қосып жатқандар күні ертең Секеңді естеріне түсіре алса жақсы. Сөз жоқ оның мықты жақтары бар, ол ой жүйріктігі, шешендігі, қазақша, қытайша жақсы сөйлей алатындығы, аздап орысша және тым тәуір ағылшынша білетіндігі. Бірақ ең үлкен қасиеті қулығы болатын. Қазақша айтқанда, қулығына құрық бойламайтынның өзі. Бір ғана деталь, Сайрагүл ісі кезінде бізге тіке шыққаны бар (сонау Жаңаөзен оқиғасынан бері мені танитын шетелдік журналисттер, Халықаралық құқық қорғау ұйымы өкілдері, Сәулені білетіндер т.б.), таныс журналисттер арқылы шыққаны бар, шетелдік БАҚ өкілдерін толығымен Секеңе, Секеңнің ашып қойған чатына топырлатып тіркей бердік. Ал оның админі Секең өзі болатын, тамыз айында мені, Сәулені, Нұргелдіні чаттан шығарып жіберді де, ол жерде бір өзі қалды. Дәл осындай жолмен биылғы жылдың ақпанында «Атажұрт ерікті жастар ұйымынан» Қыдыралы Оразды шығарып, орнына өзі төраға болып алды. Секең келгелі 60-тан астам жастар шығып, орнына бірен-саран кәрі-құртаң қалды. Нәтижесінде, Секең пайда болғанға дейін, (біреулер жазып жүргендей, ол құруға атсалысқандар қатарында болған емес) Атажұртпен атқарылған жұмыстың бәрін Серікжан бір өзі істеп тастағандай әсер қалдыруда.
Осы жерде ең басты сұрақ; неге бұның бәрін қазір жазып отырмын? Біріншіден, Қытайдағы қазақ мәселесін әлемдік БАҚ алдында көтеріп жатқан адамның балағынан неге тартуым керек еді? Мен әркез жеке бас мәселесінен ұлттық мақсат-мүддені жоғары қоямын. Серікжаның әлемдік БАҚ беттерінде қазақ мәселесін көтергенін қолдадым, қолдай да беретін едім. Алайда, әңгіме өзім бұрыннан білетін Ұйғыр тақырыбына ойыса бастағанда ақ, мен дабыл қақтым! Онда да Серікжанның жеке басына қатысты бір ауыз артық сөз айтпадым. Менің мақсатым – Ұйғыр проблемасын қазақ жеріне алып келу туралы идеяны болдырмау. Яғни, менің қарсылығым, Серікжанмен арадағы ырың-жырың емес, оның әу бастан айтып жүрген, Ұйғырларға тәуелсіздік алып беру туралы жарымжан идеясына қарсылық! Серікжан Ұйғыр жәйлі өз ойларынан бас тартсыншы, артынша менде оны қолдап шыға келемін, ендігі сапынан табыла қоймаспын, бірақ қолдаймын, оған осы ел алдында уәде беремін!
Желіде де, осыған қатысты «түбі бір түркі жұрты, Түркістанның әу бастан түрік жұртының бесігі екендігі» туралы әңгімелер айтылып қалуда. Ағайындар! Түрік жұрты өз бастауын Қазақ жерінен алатынын бесіктегі бала да біледі. Алайда, бүкіл түркіні қол астына жинап немесе түркінің жауына қарсы біріккен соғыс алаңын ашу үшін Қазақстанның тым құрыса Түркиядай әлеуеті болуы керек! Әзірге, өз ішінде ылығып жатқан, бірі қазақтілді, бірі орыстілді, бірі уахаб, бірі Тәңірші, ал енді бірі сопы болып бөлініп алған, саны да аз, сапасы да төмен халқы бар, экономикасы құлдырау шегінде тұрған (кешегі бес қыздың өлімін еске алыңыздар) Қазақстанға қайдағы «түркі жұртын бір ту астына жинау»?
Сосын «түбі бір түркі жұрты» деген мәймөңкенің астында Ұйғырдың басы қылтиып тұрғаны (одан басқа ешбір түркі жұрты Қазақстанға келуге ұмтылып отырған жоқ) бесенеден белгілі. Мүмкін, оралман ағайын біле бермес, алайда Қазақстанда тұрып жатқан жергілікті ұйғырмен арада қанша проблема болды десеңші? Басқасын қойып күні бүгінге дейін Ұйғыр ауданының атауын өзгертіп, басшысын қазақтан тағайындай алмай отырмыз. Одан қала берді, кешегі Юсуповың Қазақ ССР-не бірінші хатшы бола салысымен, бірнеше ай ішінде Қазақстанды бөлшектеп ыдыратып жібере жаздаған жоқ па?
Мен басында Серікжанға қарсы келгендерді бет бақтырмайтын едік деп айтып қалдым. Кейіннен, Серікжан тарапынан Ұйғыр тақырыбы тереңдей бастаған соң, сол шеттен келген қандастармен кездесіп бәрімен дерлік сөйлесіп шықтым. Олардың барлығы дерлік қазіргі кезде елге танымал интеллектуал азаматтар, олардың қатарында Серік Керей (күрделі медтехника саласында білікті маман, Жапонияда оқып, Германияда білімін жетілдірген), Аятжан Ахметжанұлы (химик, білім саласында жүр, «Казбілім» оқу орталықтарының жетекшісі), Eldes Orda(Түркияда докторантурада), бірқатар журналисттер Ұларбек Дәлейұлысияқты, жазушылар да бар т.б. Бұларды біріктіретін мәселе – Қытайда осы Серікжанның Уичат әлеуметтік желісі арқылы ұлтшылдықты ұрандатып жүріп мыңдаған қазақ ұлтшылдарын қаматып жібергені туралы деректері бар, бірақ бұларды қазір ешкім тыңдап сөздеріне құлақ асып жатқан жоқ. Сенбейін десең, бұл азаматтардың ешқайсысы қоғам белсендісі болып ел алдына шығып жүргендер қатарынан емес, яғни жеке бас мәселесі үшін Серікжанның жағасына жармасатындар қатарынан емес. Қажығұмар Шабданұлының алты томдық «Қылмыс» романын оқығандарың болса онда, дәл осы Секеңе келетін персонаж елдің бәрін ұлтшылдық ұранымен жиып алып, кейін соттатып, өзі аман қалушы еді ғой, міне соған ұқсас оқиғаларды айтады Қытайдан келгендердің бірқатары.
Бұдан басқа, 2015 жылдан Америка қорғауындағы Рәбиям Қадырдың Ұйғыр мәселесіне қазақ мәселесін қосақтауын (ол кезде қазақтар әлі қысымға ұшырамаған кез), 2016 жылы ШҰАР басшылығына Нұр Бәкір (ұлты ұйғыр) бастаған команданың келуі, сол кезден бастап Қытайдағы қазақ мәселесінің күрделенуі, яғни қамалып басталуы, сол жылдың қыркүйегінде ҰҚК төрағасы болып Кәрім Мәсімовтың тағайындалуы, 2017 басынан бастап кеше ғана Қытайды шулатқан Серікжан Біләшұлының Қазақстанда пайда болғанының бәрі өзара тығыз байланысты дейтіндер де бар. Естіген құлақа жазық жоқ, өзім ойдан шығарғанды емес (әйтпесе, Қытайдағыны мен қайдан білейін), естігенімді жазып отырмын.
Мені Серікжанға қарсы шықты деп тас кесектемей тұрып, осы ақпараттарды бір шолып, бір қорытып алыңыз қандас ағайын!
Ал содан кейін маған қарата тас атасыңдар ма, жұмыртқа лақтырасыңдар ма, ерік өздеріңде! Мен осыдан кем дегенде бір-екі күнсіз бұл фейсбукке кіре амаймын, сау болыңыздар!

P/s: көшіріп басуға, шектен шыққан боғауыз сөздерін қолданбай балағаттауға рұқсат)))

Абзал Құспан

Пікірлер