Қолжазбалар мұңы Мәжілісте де айтыла бастады

2179
Adyrna.kz Telegram

Парламент ​Сенатының депутаты​​​​​​ Алтынбек Нухұлы Үкімет басшысының орынбасары Алтай Сейдірұлына депутаттық сауал жолдап, қолжазба мұра мен сирек кітаптарды мемлекеттік деңгейде қамқорлыққа алу мәселесін көтерді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуынша, дамыған елдер көне жазба деректер баса назар аударады.

«Өркениеттің қозғаушы күші – көне қолжазбалардан бастау алып, тарих қойнауына тереңдеген сайын құны артып, ұлттық құндылықтың асыл өзегіне айнала беретіндігі белгілі. Ғасырлар қойнауынан жеткен көне мұраларды бабаларымыз бүгінгі біздерге аманат еткені де ақиқат. Дамыған елдер көне жазба деректерді көзінің қарашығындай сақтап, ұлттық рухани құндылық ретінде мемлекеттік деңгейде қамқорлыққа алған.

​Алыстағы Америка, Англиядағы ғасырлар бойы жинақталған қорлар, Батыс Еуропадағы Рим, Ватикан, Париж, Берлин сияқты ірі қалалардағы қолжазбалардың сақталуы мен жүйеленуі, ғылыми тұрғыдан зерттелу деңгейі - озық өнегенің үлгісі. ​Иран, Мысыр сияқты Шығыс елдері де өркениеттен қалған қолжазбалар қорымен, өзінің бай мәдениетімен ерекшеленеді. Сол сияқты Қытай, Жапон елдерінің қолжазба сақтау дәстүрі де өнеге.

​Бұл салада түркі тілдес елдердің алдыңғы қатарында тұрған Түркияның көне қолжазбалар мен кітаптарға деген ықыласы ерекше. Өзіміздің іргемізде отырған туысқан өзбек еліндегі жағдай да бізден көш ілгері. Ташкенттегі Шығыстану институты сирек кітаптар мен көне қолжазбалар қорын қайта жасақтау жолында жаңа зәулім ғимарат салып, іші әлемнің ең озық технологиялық құралдарымен жабдықталған. Көне мұраға әуестік танытқан шетелдік ғалымдар қазір Ташкентке ағылуда»,—деді ол.

Депутат бұл елдерде Мемлекеттік бюджеттен қыруар қаражат бөлінетінін атап өтті.

«Барлығында қолжазбалардың мемлекеттік тұрғыдағы тізімі (реестрі) жасалған және олар тарихи-мәдени ескерткіш ретінде қорғалады, тіпті біразы ЮНЕСКО тізіміне енгізіліп, халықаралық рухани мұраға айналған»,—деп сөзін толықтырды Алтынбек Нухұлы.

Ол депутаттық сауалында елімізде ескі қолжазбаларды сақтау мен зерттеуге байланысты қордаланған мәселелердің шаш етектен екенін жеткізді.

«Біздің елімізде түпнұсқалық қолжазбалардың негізгі дені - М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Орталық ғылыми кітапханада, жалпы көлемі - 3650-дей бумада қазақ, шығыс тілдеріндегі (араб, парсы, шағатай, татар, т.б.) ескі қолжазбалар жинақталған, олардың ең көнелеріне 700-800 жыл болған. Сирек кітаптар қоры – 150 мыңға жуық. Алайда, оларды сақтау мен зерттеуге байланысты қордаланған мәселелер шаш етектен.​

​Қолжазбалар мен сирек кітаптарды сақтау мен қастерлеудің әлемдік тәжірибесін ескере келіп, Түркі мемлекеттері ұйымының "Цифрлық кітапханасын" құру туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысын орындау жолында шұғыл шаралар қабылдау қажет деп санаймыз»,—деді халық қалаулысы.

Сенат депутаты мәселені шешудің бірнеше жолын ұсынды.

«БІРІНШІ. Еліміздегі Ғылым және Жоғары білім, Мәдениет және Спорт министрліктеріне қарасты бірнеше ұйымдар мен мекемелерде сақталған қолжазба мұраның мемлекеттік тізімін, яғни реестрін жасап, олардың бірегей электронды базасын құрып, ортақ жүйе жасау; толықтай цифрлық жүйеге көшіру, каталогтарын шығару, типологиялық зерттеулер жүргізу арқылы ғылыми жолға қою қажет;

​ЕКІНШІ. Аталған қорларда дүние жүзінде жоқ құнды жәдігерлер бар екенін ескере отырып, оларды алдымен кирилл қарпіндегі қазақ тіліне, сосын орыс және ағылшын тілдеріне аударып, әлемдік ғылыми айналысқа түсіру керек. Көне түркі, шағатай, арап әліпбиі (қадым, жәдит, төте) жазуларындағы таңбаларды еркін оқитын, оларды кодикологиялық тұрғыдан зерделей алатын ғалым-мамандар дайындауды Ұлттық зерттеу университеттеріне жүктеген дұрыс. Бұл жазу-графикаларын білетін елге оралған ғалым-қандастарды осы іске тартуды да ұмытпауымыз керек. Бар мамандардың біліктілігін арттыру үшін Түркия, Иран, Қытай сияқты қолжазбатану саласы дамыған елдерге тәлімгерлікке жіберу қажет;

​ҮШІНШІ. Қолжазбалар мен көне кітаптардың қорын толықтыру үшін әлемнің түкпір-түкпіріндегі біздің ежелгі тарихымызға қатысты деректерді елге барынша жинақтауды қолға алу, арнайы экспедициялар ұйымдастыруды қайтадан жандандыру қажет. Сонымен бірге, жеке азаматтардың сандықтарында жатқан кітаптар мен қолжазбаларды сатып алу мәселесін қарастыру керек;

​ТӨРТІНШІ. Қолжазбалардың құндылығын анықтайтын Сараптамалық кеңес құрып, оның заңдылық мәртебесін бекіту, қолжазба иесінің авторлық құқығы мен иелік құқығын реттейтін заңнамалық Ережелерді де бекіту жолдарын қарастыру қажет.

​Жалпы, Ұлттық құндылық деңгейіндегі өзекті мәселе болғандықтан, Мемлекеттік комиссия құрып, арнайы бағдарлама қабылданып, аталған ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайын заманауи озық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, тиісті қаражат бөлінуін қарастыру керек,—деп түйіндеді ол.

Пікірлер