Арбадағы ерекше жан Алтыншаш Мұқатаеваның жеке ән кеші өтті

2385
Adyrna.kz Telegram

Алтыншаштың сахнада жүргеніне биыл 10 жыл толды. Осыған орай Бейбітшілік және Келісім сарайында өнер жұлдыздарының қатысуымен «Самға алға» атты  мотивациялық, шығармашылық концерті өтті.

Үлкен сахнада жеке шығармашылық кешін беру әрбір өнер адамының арманы. Сол секілді мен де бала кезден армандап келдім. Мен секілді ерекше жанның мотивациялық ән кешін беруі Қазақстанда бұрын соңды болмаған. Осыдан кейін де қолдаулар, қандай да бірұсыныстар болса ары қарай халыққа мотивация беруге дайынмын, - дейді әнші.

Шығармашылық кешке ҚР Президенті, ҚР Үкіметі, Мәдениет және спорт министірлігі және Астана қаласы әкімдігінің атынан ықылас гүлі табысталды. Сонымен қатар, министрлер мен Алтыншаштың әнін өңдеген Ринат Гайсин сынды танымал композиторлар қолдау білдіріп, ән кештің көрермені болды.

Алтыншаш еңбектің адамы. Сочи қаласында өткен ән байқауынан гран при иеленсе, Жаншуақ байқауында “Аманат” премиясын ұтып алды. Бұдан бөлек Халықаралық байқауларда лауреат атанып жүрген жігерлі, рухты, батыр қыз,- деді премьер-министр орынбасары Алтай Сейдірұлы Көлгінов.

Сонымен қатар, кеш қонақтары Қанат-Светлана Айтбаевтар, Алтынай Жорабаева, Аука, Ардақ Балажанова, Мейірғат Амангелдин, Зарина Омарова, “Жастар” театры қолдау білдірді.

Алладан үміті үлкен адам. Басына қанша сынақ түссе де еш моймайтындығы ерекше таң қалдырады. Әдемілікті жақсы көретіндігі, сахналық образдары, сырт келбетіне күтіммен қарауы - көп аруларға үлгі, - дейді әнші әріптесі Алтынай Жорабаева.

Қазақ әрқашан жақсылыққа құмар ізгі ниетті халық. Сондықтан қолдауды қажет ететін жандарға мемлекет және халық тарапынан жақсылықтың ауылына қадам жасала берсе екен деген тілегім бар,- дейді Қанат Айтбаев.

Бас кезінде мүмкіндігі шектеулі жандар десе, басқаша көзбен, аяушылық сезіммен қарайтынбыз. Қазір қоғам үйренді, қабылдады. Керісінше ерекше жандар тартынбау керек. Мысалы Алтыншаш шеттетіліп қалатын жандар қатарынан емес. Керісінше біздің әріптесіміз, досымыз, қарындасымызға айналды. Бірге орындайтын әніміз де “Өкінбе сен” деп аталады. Осы ән арқылы да адамға мотивация береді. Әрдайым жан-жағындағыларға жігерлі болуды үйретіп жүреді,- дейді Мейірғат Амангелдин.

Алтыншаштың бүгінге дейін 20-ға жуық авторлық әні бар. Алға қойған мақсаттары да биік. Алдағы жоспарларының бірі үлкен сахнадағы концерттерде өнер көрсету. Өнер дейтін керуеннің көшіне өзінің ерекше қабілет, талантымен келіп қосылған қайсар жанның тыңдармандары көп болсын дейміз!

Айым Абдрашит

Пікірлер