Тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны алып тастау ұсынылды

2324
Adyrna.kz Telegram

Тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны алып тастау ұсынылды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева көпбалалы, толық емес және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды “Адырна” тілшісі.

2023 жылға “Бақытты отбасы” бағдарламасына 3176 өтінішке, “Шаңырақ” бағдарламасына 3610 өтінішке 71,9 млрд теңге бөлінді. Бұл баспана кезегінде тұрған 415 700 адамның биыл тек 6 786 өтініші мақұлданады деген сөз. Бұл ипотека бойынша баспана ала алатын мұқтаждардың жалпы санының 1,6% құрайды, - деді Танашева.

Депутат көпбалалы, толық емес және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ипотекалық несиені қолжетімді ету қажет екенін айтты.

Тұрғын үй кезегіне тұру үшін тұрақты тұрғылықты жері бойынша үш жылдан астам тіркеу болуға міндетті. Іс жүзінде халық ақылы тіркеу проблемасына тап болады: бұл сыбайлас жемқорлықты тудырады, азаматтарды осылайша заңсыздықтарға итермелейді. Сондай-ақ тұрақты, жақсы жалақы алатын жұмыс керек. Соңғы алты айдағы отбасының жиынтық табысы жоғары болуы керек. Ал ипотеканы мақұлдаудағы маңызды сәттердің бірі – жақсы несие тарихының болуы. Бірақ осы үш санаттағы отбасылар несиені өтеу мәселесіне жиі тап болады және олардың барлығында несие тарихында көрсетілген кешіктірілген төлемдер бар. Осыған байланысты олар ипотекаға пәтер сатып ала алмайды, - дейді Танашева.

Осыған байланысты ол “Бақытты отбасы” және “Шаңырақ” бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаны міндетті шарттардан алып тастауды немесе үш санатқа – көпбалалы отбасыларға, толық емес отбасыларға және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға тұрғын үй сертификатын беруді ұсынды.

Сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі ересектерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жеке кезек жасау, “Бақытты отбасы” бағдарламасына толық емес отбасыларды қосу ұсынылды.

Пікірлер