Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәскеуде Еуразиялық экономикалық форумда сөйлеген сөзінде Ресей мен Беларусь одақтық мемлекеттері туралы айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Тоқаев Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) құрамында Ресей мен Беларусь мемлекеті бар екенін, алайда бұл ұйымда Қазақстан, Қырғызстан және Армения сияқты интеграцияның басқа деңгейіндегі мемлекеттер де барын еске салды.
"Біз назарға алуымыз керек концептуалды шындық немесе ерекшелік бар - бұл Беларусь пен Ресейден тұратын Одақтың ЕАЭО-да болуы. Бұл одақтың тұжырымдамалық және идеологиялық негізі айтарлықтай салмақты. Бұл қоғам мойындаған өзара мәдени, тілдік, діни бірегейлік. Яғни бір халықтың бар екенін мойындау", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Ресей мен Беларусьтің ЕАЭО аясындағы одақтастығы әлем тарихында болмаған тәжірибені туындатып отыр.
"Әлемдік саяси тарихта бірыңғай саяси-құқықтық, валюталық, мәдени-гуманитарлық кеңістігі бар "Екі ел – бір мемлекет" формуласы бойынша мемлекет құрудың бірегей үлгісі жасалып отыр. Біртұтас одақтық үкімет, біртұтас одақ парламенті бар. Кешіріңіздер, тіпті ядролық қару да қазір екіге біреу", – деді Қазақстан президенті.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың өз ішінде интеграцияның қос моделі қалыптасқанын айтып, Қазақстан, Қырғызстан, Армения ұстанған бағытпен санасу керектігін атап өтті.
"Қазақстан, Қырғызстан және Армения ұсынатын интеграцияның тағы бір деңгейі бар. Біз бұл шындықты ескеруіміз керек. Бұл жағдайда біз қалай жұмыс істейміз? Бұл концептуалды мәселе. Менің ойымша, бұл мәселені осы экономикалық форумда талқылау керек”, – деп түйіндеді мемлекет басшысы.
Айта кету керек, Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ЕАЭО-ның негізгі қағидаттарын да еске салды.