Тоқаев Ресейге барды. Онда Қазақстан үшін Қытаймен өзара іс-қимыл құру өте маңызды екенін айтты

2676
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Еуразиялық экономикалық форумда бірқатар маңызды бағыттарға тоқталды. Еуразиялық экономикалық одақтың  өзге елдермен ынтымақтастығы жайлы сөз қозғап, ұйымға мүше мемлекеттердің нақты мақсат-міндеттерін ашып айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

«Одақтың негізгі саяси және экономикалық серіктесі – Қытай Халық Республикасымен. Қытаймен  өзара тиімді іс-қимыл құру өте маңызды. Біз үшін Қытай ең ірі жүк жөнелтуші ел және ең ірі клиент болып отыр. Өткен аптада мен осы елге мемлекеттік сапармен бардым. Біз Қытайдың Сиань құрғақ портында Қазақстанның логистикалық орталығы құрылысын іске қостық. Бұл порт Орталық Азияға, Еуропаға, Түркияға және Иранға тікелей контейнерлік пойыздарды жіберудің негізгі хабы болады деп күтеміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев «Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты Еуразиялық экономикалық форумда.

Сондай-ақ, Бақты-Аягөз аймағында ҚХР үшін жеке шекара өткелін салу мен теміржол қатынасын бастау жоспарланып отырғанын жеткізді.

Президент өз сөзінде Ресеймен де табысты ынтымақтастыққа үміт артатындығын жеткізді. Өйткені мұндай жоба Қытай үшін тек Қазақстаннан ғана емес, Батыс Сібірден де тауар жеткізу қашықтығы мен мерзімдерін едәуір қысқартады.

«Физикалық инфрақұрылымды дамытудан бөлек, жұмсақ инфрақұрылым құруға, яғни цифрландыруға, кедендік әкімшілендіруді жеңілдетуге және әкімшілік жүктемені азайтуға мән беру де өте маңызды. Жалпы, біз қазір Еуразияның бұған дейін ешқашан болмаған жаңа іргетасын қалап жатырмыз деуге болады. Егер осы мәселеге мұқият және бірлесіп қарасақ, айтарлықтай экономикалық және саяси дивидендтер ала аламыз. Осы тұрғыда толыққанды және сындарлы халықаралық ынтымақтастығымыздың қаншалықты маңызды екенін түсінеміз деп ойлаймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ерекшеліктерді ескере отырып,   Қытаймен, Үндістанмен, Вьетнаммен, Иранмен, Египетпен, Израильмен, Сербиямен және басқа серіктестермен белсенді қарым-қатынас орнату арқылы одақтың жанданатынын  мәлімдеді. Мұндай кеңауқымды қарым-қатынас Одақтың сауда-экономикалық маңызын арттыратынын баса айтты.

Еске сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін араға 15 күн салып Мәскеуге барды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер