Астанада психикалық ауытқуы бар қостанайлық келіншекті мәжбүрлі түрде тегін жұмыс істеткізген

2770
Adyrna.kz Telegram

Қостанайда  «Пешковский атындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ директорына қатысты қылмыстық іс қаралды», - деп хабарлайды  "Адырна" тілшісі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, сотталушылар 2021 жылдың желтоқсанынан 2022 жылдың сәуіріне дейінгі аралықта психикалық ауытқушылықпен ауыратын  әйелдің материалдық және өзге де тәуелділігін пайдаланып, оны жеке интернат үйіне заңсыз жеткізіп, бос жұмыс күші ретінде пайдаланған.

«Сотталушылар Ж., А. және Б. психикалық ауытқушылығы бар жәбірленуші М.-ның материалдық және өзге де тәуелділігін пайдалана отырып,  Қостанай облысы Федоров ауданы, Пешковка ауылынан Астана қаласына әкеліп, оны «Қамқорлық» жеке интернат үйінде тегін жұмыс күші ретінде пайдаланған», - деп хабарлады Қостанай сотының баспасөз қызметі.

Прокурорлар іс бойынша айыпталушыларды 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушылар өз кінәларын мойындамады.

«Сотталушылардың жеке басын, істің мән-жайын, жасалған қылмыстардың ауырлығын ескере отырып, сот Қылмыстық кодекстің 58-бабының 3-бөлігін негізге ала отырып, сотталушыларға бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті үкім шығарды: "Қостанай облысы әкімдігінің үйлестіру және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесінің бөлім басшысы - сегіз жыл мерзімге; «Пешковский арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ директоры – ҚК-нің 55-бабының 2, 6-бөліктерін қолданумен – алты жыл жеті айға өмір бойына мемлекеттік лауазымдарды атқару құқығынан айырумен қатар, қылмыстық жауапкершілікке тартты.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер