"Тұрғын үй бағдарламасына шұғыл арада өзгеріс керек" - депутат Дәулет Мұқаев

3095
Adyrna.kz Telegram

 Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, депутат Дәулет Мұқаев өз парақшасында еліміздегі әлеуметтік проблемалардың сын-cипатын айтып, маңызды жазба жариялады. Депутат өз жазбасында қабылдауына қоғамдағы проблемаларды сөз етіп, ерекше назар аударылуы тиіс бағыттарды атады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев өзінің қызметі жайында мәлімдеме жасады:

- Бүгін Мәжілістің қоғамдық қабылдауында таңнан кешке дейін 69 адамды қабылдадым. Әркімнің өз жеке сұрағы, жеке проблемасы бар. 3-4 адам болды, маған дейін 30 шақты жерге барып, 20 жыл бойы мәселесі шешілмей жатыр. Маған келгенде де онысын мен шешпейтінін түсіндім. Шындық осы.

Келген адамдардың басым бөлігі соттан әділдік сұраса, енді бір топ аналар депутаттық сауалымда көтерген баспана жырының проблемасын тізіп алып келген. Үкімет басындағылар болса, ол талаптардың бәрін орындауға әзірге ақша жоқ тек Шаңырақ пен Бақытты отбасыға 71.9 млрд. теңге бөлінгенін айтты. Бірақ, бұл сома аздық етеді. Себебі үй кезегінде тұрғандар саны 640.000 айналасында. Азайғанның орнына жыл сайын көбейіп барады. Басқасы басқа, баспана мәселесі менің ерекше назарымда. Тұрғын үй бағдарламасына шұғыл арада өзгеріс керек. Әзірге баяғы жартас - сол жартас.

Cонымен қатар, депутат өзі қабылдаған қоғам өкілдерінің сан-cалалы шағымын жіктеп өтті. Оның айтуынша, арасында мәселесі өте күрделі адамдар ғана емес, бос жүрген жандар да бар.

- Жеке қабылдауда бұдан бөлек, бірнешеуі кредит жабуды сұраса, енді бірінің арманы шетелде қыдыру болды. Кейбірі міндет қылып, дәл қазір 5 миллион теңге тауып бер деп өзіме ұрысып кетті. Тағы біраз адам алаяқтардың құрбаны болып, 15-20 жыл бұрын берген ақшаларын қайтара алмай жүр. Оның қайтуы да енді екіталай. Бір апам болса, көршісімен соттасуда. Боқтады деп сотқа берген. Тағы бір жан көршімнің салған үйі менің жерімнен 3 метр аулақ болу керек деп келді. 3 адам мүлде проблема жоқ, тіпті, не істеп жүргенін білмейді. Жай ішімдегімді сізге айтқым келді дейді, - деді депутат.

Дәулет Мұқаев

 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты 

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер