"Елімізде есірткімен күреске қарсы бағытталған нақты жоспар болған жоқ" - Қарин

2496
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин журналист, Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлының ютуб-арнасына сұхбат беріп, еліміздегі бірқатар мәселелерді сөз етті. Соның ішінде жастар арасында синтетикалық есірткі қолданысының белең алуы мен нашақорлық сынды проблемаға қатысты өзінің саяси көзқарасын білдірді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сұхбат барысында Ерлан Тынымбайұлы синтетикалық есірткінің зиянын айтып, "Жастар кеңесінің" мақсат-міндеттеріне тоқталды.

- Бұл қазіргі замандағы ең қауіпті қатерлерінің бірі. Синтетикалық есірткі біздің қоғамда ғана емес, көптеген елдерде жастарды улап жатыр. Сондықтан Президент өткен жылғы жолдауында синтетикалық есірткімен күресті мемлекеттің басты мақсаттарының бірі деп белгіледі. Құзырлы органдардың жұмысына қарамастан синтетикалық есірткі жылдан-жылға кеңінен таралып бара жатыр. Оның қауіптілігі неде? Жастарды, әсіресе балаларды да өзіне тартады. Мектеп жасындағы балалардың да мұндай есірткіні қабылдаған жағдайлары кездесіп жатады. Оны бірақ есірткі деп қабылдамайды, дәрі-дәрмектің бір формасы сияқты түсінеді... Оны көбі күш-қуат беретін дәрі-дәрмек секілді қабылдайды. Қалай деп атасақ та, бұл - улы, зиянды есірткі, - деді Ерлан Қарин.

Сонымен қатар ол зиянды әдеттерге бастайтын өнімдермен күресуге Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекет деңгейінде маңыз танытып отырғанын айтып өтті. Елімізде осы уақытқа дейін есірткімен күресуге бағытталған нақты жоспардың қолға алынбай келгенін тілге тиек етті.

- Әрине, жұмыстар атқарылып жатыр. Бірақ барлық мемлекеттік органдарды жұмылдыратындай кешенді жоспар соңғы рет 2016 жылы қабылданған болатын. Сондықтан мемлекет басшысы бізге есірткі бизнесімен күресті жүйелейтін жоспар құруға қатысты тапсырма берілді. Соның негізінде "Жастар кеңесі" құрылды. Министрлік өкілдерін жинап, "Жастар кеңесінің" алаңынында осы тақырыпты алғаш рет көтердік. Кешенді жоспардың дайындалуын қадағалауға алдық, - деді саясаткер.

Мұнымен қоса, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин "Жастар кеңесінің" жұмысы қалай жүріп жатқанын сөз етті. Синтетикалық есірткі мен нашақорлыққа қарсы құрылған кешенді жоспардың саяси тетіктері мен қоғамдық мән-маңызын талқылады.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер