2023 жылдың 17 мамырында ҚР Парламенті Мәжілісі VIII шақырылымының алғашқы Үкімет сағаты болып өтті. «Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында «Ғылымды дамыту туралы» Үкімет сағатын ҚР Мәжілісі Төрағасының орынбасары Дәния Еспаева сөз сөйлеп ашып, жүргізді. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитеті төрағасы Асхат Аймағамбетов жан-жақты қамтылған, маңызды баяндамалар жасады.
Вице-министрлер мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары және облыс әкімдері орынбасарлары қатысқан Үкімет сағаты үш сағатқа созылды.
Үкімет сағатында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке жақында дау болған Үкіметтің Тіл туралы Тұжырымдамасы жобасы туралы сұрақты төтесінен қойды.
Төменде сауалдың толық нұсқасын жариялап отырмыз.
«МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ МІНДЕТТІ» деген ПРЕЗИДЕНТ ТАЛАБЫНА ҮКІМЕТ НЕГЕ ҮНЕМІ ҚАРСЫ ШЫҒУДА?
Құрметті Саясат Нұрбекұлы мырза!
Менің айтарым, осыдан үш апта бұрын қоғамда үлкен шу болды! 2023 жылы 20 сәуірде ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі өздері жариялаған «Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдама жобасын бекіту туралы» ҚР Үкіметінің қаулы жобасынан: «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу қажет”- деген ең басты тұжырымды алып тастап, қайта жариялады! Ал бұл талапсыз Тұжырымданың мәні жоқ десе де болады.
Тіл Тұжырымдамасының алғашқы нұсқасы 2023 жылғы 11 сәуірде Ашық нормативтік құқықтық актілер порталында (Ашық НҚА порталы) жарияланған. Жалпы халықтың 10 күндік талқылауында Тұжырымдамаға қарсы, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау қажет деген талапқа қарсы ешқандай пікірлер жазылмаған. Қайта 4103 қаралымның барлығы қолдап, ешкім қарсы шықпаған. 126 пікір жазылған, олардың ешқайсысы қарсы шықпай, қолдаған.
Тұжырымдама туралы ҚР Үкіметінің қаулысы жобасында: “Тілдік, этнодемографиялық және саяси жағдайларды ескере келе, қазақстандық қоғамның бірегейлігін нығайту факторы болып табылатын «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе.
Мұндай Заң мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің мәртебесін нақты белгілеуге, оны пайдалану саласын айқындауға, қолданыс мәдениетін арттыруға зор мүмкіндіктер береді. Аталған Заңды қабылдаудың алғышарттарын қалыптастыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілетін болады.”-деп тайға таңба басқандай айқын жазылған болатын!
Осы «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң әзірлеу маңызды мәселе»-деген ең басты тұжырымды Үкімет басшыларының талабымен Ғылым және Жоғары білім министрлігі алып тастады.
Қазір Үкіметтің тілді таптаған бұл кесепат әрекетіне қарсы қоғамда наразылық өршіп тұр!
Біз, Парламент Мәжілісінің 11 депутаты: «Қазақ үкіметі тағы да қазақ тіліне қарсы шықты!» деп, ашық наразылығымызды жарияладық! Әлемге әйгілі жазушы, Еңбек Ері Дулат Исабеков, академик Марат Тоқашбаевтар бастаған белгілі Ұлт зиялылары түгел қарсы шығуда. Бұлардың бәрі «Қазақ үні», «Дат», Абай, Адырна сайттары мен газеттерінде жарияланып, әлеуметтік желілерде үлкен қолдауға ие болуда.
Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп 2020 жылы «Қазақ үні» ұлттық порталында Халық жазушылары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қабдеш Жұмәділов, академиктер Өмірзақ Айтпаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шармановтар бастаған 130 мың адам қол қойған. Ал 2022 жылы «Ақ жолдың» парламенттегі Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау туралы депутаттық сауалы әлеуметтік желілерде жалғасып, еговтағы петицияда 500 мыңнан, яғни жарты миллионнан аса адам қолдаған.
1.Бірінші. Сонда Үкімет Президент Тоқаевтың «Қазақстан азаматтары Мемлекеттік тілді білуі міндетті!», «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі – саясатымыздағы стратегиялық бағыт», «Ең бастысы - Қазақ тілі болуы керек!»,«Қазақ тілі - Ұлтаралық қатынас тілі болуы қажет»-деген нақты тұжырымдарына қарсы ма?
2.Екінші. Үкімет Тәуелсіздіктің 32 жылында мемлекеттік тіл заңы қажет деген сөзден шошып, бұл тұжырымды алып тастаған соң, тура бір аптадан кейін 27 сәуірде Қазақстан Халқы ассамблеясында Президент Тоқаев:
«Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет»-деп атап көрсетіп, нақты талап қойды.
Сонда сіздер, яғни Үкімет Президент талабына қарсы шыққан болып тұрсыздар ғой. Бұл Президент саясатына қарсы саботаж ба, Тәуелсіздік алғалы бері Мемлекеттік Тіл заңын күтіп келе жатқан қалың елдің талабына қарсылық па?
Президент дұрыс айтып жатса да, Үкімет үнемі бәрін керісінше қарсы істейді! Ел кімге сенеді сонда?
Енді Президенттің бұл Тіл туралы талабынан кейін Тіл Тұжырымдамасын қайта қарайсыздар ма, қайтесіздер?!.
ТІЛ ТУРАЛЫ ТҰЖЫРЫМДАМА ҚАБЫЛДАНҒАН ЖОҚ, ӘЛІ ТАЛҚЫЛАНАДЫ!
Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның өткір сұрағына министр Саясат Нұрбек қысқа ғана жауап берді.
- Айтып отырған Тіл туралы мәселеңіз иә, өте өзекті. Менің сізге айтарым, Тіл туралы Тұжырымдама әлі қабылданған жоқ, талқылау жүріп жатыр. Оған өзіңізді де шақырамыз, бірге талқылайық. Жақында Үкіметтевице-премьер Алтай Сейдірұлы Көлгіновтың қатысуымен кездесіп, Тұжырымдаманы кеңінен талқылауға шақырамыз. Тұжырымдама әлі талқылануда, деді ол.
Қазыбек ИСА