Алматыда Марат Бисенғалиевтің Құрманғазы оркестрімен бірлескен эксклюзивті жобасы өтті

1392
Adyrna.kz Telegram

2023 жылдың 12-13 мамыр күндері Алматы шаһарында әлемге әйгілі виртуоз-скрипкашы Марат Бисенғалиев пен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бірлескен эксклюзивті премьерасы өтті. Есімі жаһан жұртшылығына танымал өнер иесінің қазақ музыкасының асқақ шыңына айналған ұлттық оркестрмен бірлесе өткізген музыкалық жобасы еліміздің музыка мәдениетіндегі айтулы оқиға болды.

Әлемдік классикалық туындылардың шедеврлері орындалған кеште Ұлттық оркестр, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиев, жас музыкант, вундеркинд, пианист, Үндістандағы NCPA академиясының оқушысы Аяан Дэшпанде өнер көрсетті.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің бас дирижері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген ерекше кеш туралы өз ойын білдірді:

– Әрине, екі күнге созылған әлем адамының Ұлттық оркестрмен бірлесе ұйымдастырған концерті өте жоғарғы деңгейде өтті. Екі күн бойы Құрманғазы оркестрінің ғимараты өнер сүйер көрермен қауымға лық толы болды. Барша көрермендерміздің ыстық ықыласына, өнерге деген сүйіспеншілігіне алғысымызды білдіреміз. Әлемдік деңгейдегі классикалық танымал туындыларды қазақтың халық аспаптарының сүйемелдеуімен орындау, әрі оны тыңдау жүрекке қуаныш, көңілге жылу ұялатады.

Айта кетейік, Марат Бисенғалиев – әлемдік музыка мәнедиетінде өзіндік орны бар дарабоз музыкант. Ол халықаралық музыка мәдениетіне қосқан үлесі үшін алтын дискілердің және үкіметтік наградалардың иегері. Бүгінде Марат Бисенғалиевтің таңғажайып өнері туралы атақты британдық «The times» газеті «Керемет скрипка солисі», ал американдық «Fanfare» журналы «қазіргі заманғы Изаи» деп жазды. Сондай-ақ «The New York Times» өнер иесі туралы «Ол 19 ғасырдың басындағы скрипкада ойнау шеберлігінің айрықша белгісі болған ұтымды стильдерді жандандырып қайта жаңғыртушы» деп жарыса жазуда.

Пікірлер