Ердоғанның харизмасы ел ішінде оның әлі де беделі барын көрсетеді – Дос Көшім

2830
Adyrna.kz Telegram

Түркиядағы президент пен парламент сайлауы қатар өткенімен, президент сайлауында ешбір кандидат 50 пайыздан астам дауысты еңсере алмады. Алайда қазіргі президент және президенттікке кандидат Режеп Тайып Ердоған басқаратын Әділет және даму партиясы бастаған республикалық альянс жеңіске жетті. Бұл президенттік сайлаудың екінші кезеңіне әсер ете ала ма?

14 мамырда Түркияда өткен президент және парламеент сайлауынан соң Ердоғанды құттықтап жатқандар бар. Толық жеңіске жетпесе де, оның парламент сайлауы бойынша жинаған ұпайы түгел. Ал президент сайлауы енді екінші турға жалғасатын болды. Онда қазіргі президент Режеп Тайып Ердоған  мен "Халық альянсы" оппозициялық бірлестігінің ортақ кандидаты Кемал Қылышдароғлы бақ сынайды. 28 мамыр күні өтетін сайлауда қай қандидат жеңіске жетуі мүмкін? Осы және өзге де сұрақтарды саясаттанушы Дос Көшімге қойдық.

– Ердоған - 49, ал Қылышдароғлы 45 пайыз дауыс алды. Екінші турда сайлауда екінші орын алған Қылышдароғлының жеңіп кету мүмкін бе?

–  Әрине, әрине. Өйткені екеуіне берілмеген 5 пайыз дауыс таласқа түседі. Егер сол 5 пайыз оппозициялық ұстанымдағы кандидатқа берілетін болса, Кемаль Қылышдароғлы жеңіп кетуі мүмкін. Мұндай жағдай әлемдік практикада болған.

Үшінші кандидат "Ата альянсы" саяси блогының атынан сынға түскен Синан Оған 5,23 пайыз дауыс алды. Ұлтшылдық ұстанымдағы кандидаттың аз дауыс алуына не себеп болды?

Түркияда «Харекет» деген ұлтшылдардың партиясы бар. Олар Ердоғанның Әділет және даму партиясымен бірге коалиция құрған. 1960-1970 жылдары ұлтшылдар 15 пайыз дауысты еркін алып жүрген болатын. Кейін әлсірей бастаған соң коалицияның ішіне еніп кетті. Синан Оғанды елдегі барлық ұлтшылдар қолдап шыққан жоқ. Ұлтшылдардың бір тобы Ердоғанның партиясын қолдаса, қалған бөлігі өз алдына бөлек әрекет етіп жатыр.

Ердоғанды сынаушылар елде діншілдікке басымдық беріп кетті деп айыптап жатады. Ататүрік негізін қалаған партияның өкілдері өз позицияларынан қалай айырылып қалды?

– Менің ойымша, бұл барлық кезеңдегі ұлттық діни бағытты ұстанған мемлекеттердің басына түсетін жағдай. Әсіресе, Еуропа территориясында отырған уақытта бір жағы социал-демократиялық ұстанымдағы позицияны қолдайтын адамдар көбейеді. Кезінде Түркияда социал-демократиялық партиялар өте мықты болды. Екінші жағынан өздерінің діни  және ұлттық ұстанымын сақтап қалу үшін әрекет етті.

Жалпы, уақыт өткен сайын қоғамның екіге бөлінуі міндетті түрде болады екен. Бірақ екі ұстанымдағылардың қайсысы жеңіп шығаты белгісіз. Бір жағы зайырлы мемлекет болуға ұмтылса, екінші тарап ұлттық консерваторлық бағытты алып жүргісі келеді. Осы екі мәселеге келгенде екі тарапта бітіспес талас бар. Алдағы уақытта мұндай қайшылық біздің басымызға да түсетін секілді.

– Сайлауда Ердоған 49 пайыз дауыспен бірінші орын алды. 20 жыл билікте болған адамнан халықтың жалықпай, оны осынша қолдауы нені көрсетеді? Әлде гәп ол басқаратын партияда ма?

– Менің ойымша, бұл жерде мәселе ол басқаратын партияда емес, оның жеке басында болып отыр. Оның жеке басындағы саяси салмағы мен харизмасы рөл атқарып тұр. Яғни, партияның беделінен гөрі өзінің жеке қадыр-қасиеті халықтың алдында оның әлі де болса беделі бар екенін көрсетіп отыр. Ол Түркияда болсын немесе әлемдік деңгейде болсын өзін жарқын ұстайды.

– Жалпы, Ердоғанның биліктегі кезеңіне қандай баға бересіз?

Ердоғанның жақсы жағы да, үлкен кемшіліктері де бар. «Бәрекелді» дейтін тұсы, оның ұлттық діни бағыттағы пікірді батыл айта алатын президент болғандығы дер едім. Нақтырақ айтсам, мұсылман және түркі халықтарына байланысты өзекті мәселені батыл айта алатын басшы болды. Алайда оның диктаторлық ұстанымы бар екенін мойындауымыз керек. Жалпы Ердоған туралы айтқанда бір жақты пікір білдіру өте қиын.

Ердоғанның партиясы сайлауда жоғары дауыс алды. Егер екінші турда Кемаль Қылышдароғлы жеңіске жетсе, бұл оған кедергі болмай ма?

Мұндай жағдай Америкада да болып тұрады. Мысалы онда президент демократ болуы мүмкін, бірақ Конгрессте республикалық партия басым болуы мүмкін.

Егер елде президенттік басқару жүйесі болса, онда парламенттің басымдығы аса әсер ете қоймайды. Бірақ парламенттің құзырында қандай мүмкіндіктер бар екенін ескеру керек.

Әлеуметтік желіде қазақ қоғамы Түркиядағы сайлауды жіті бақылап отырғанын байқадық. Біздің кейбір азаматтардың арасында «Қандай да бір қауіп төнсе, Түркия қол ұшын созады» деген пікір бар. Бұл реалды жағдай ма, жоқ әлде азаматтардың жеке көзқарасы ма?

– Жоқ, олай емес. Тұрғыт Озал немесе Сүлеймен Демирелдің түркі мемлекеттеріне деген көзқарасы өте жақсы болды. Түркия нақты көмектесе алатынын Әзербайжан мен Армения арасындағы соғыста көрсетті. Өткен соғыста Түркия саяси экономиалық тіпті әскери жағынан бауырлас елге көмектесе алатынын аңғартты.

Жалпы тустық, түркілік бағытты Түркияның барлық деңгейдегі басшылығы ұстанып келе жатыр. Осыған байланысты біздің де Түркия мемлекетіне деген жағымды көзқарасымыз қалыптасты. Бұған таңғалуға болмайды. Бұл ешқандайда ойын емес, нақты түркі мемлекеттерінің шынайы көрінісі.

Сұхбат бергеніңізге рахмет.

Серік Жолдасбай

Пікірлер