Тәуелсіздікте түлеген "күн көсемі". ШҚО-да Ленин ескерткішін жөндеуге 1,5 миллион теңге бөлінбек

3617
Adyrna.kz Telegram

Шығыс Қазақстан облысында қоладан құйылған Ленин ескерткішінің тұғырын жөнделетін болды. Бұған қаражат аудандық бюджеттен қарастырылғаны мәлім болды. Мердігер табылса, жұмыс биыл басталады, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Massaget.kz-ке сілтеме көрсете отырып. 

Ресми мәліметке сүйенсек, ескерткіш қоладан құйылған. Жуықта аудандық мәслихат сессиясында 2023 жылға бюджетті нақтылау кезінде "күн көсемнің" монументін жөндеу жағы сөз болды. Аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімі басшысының мәліметінше, бұған 1 миллион 449 мың теңге бөлінбек. Ресми мәліметке сүйенсек, ескерткіш 1962 жылы бой көтеріпті.

"Ескере кететін жайт, монументтің өзін емес, тұғырын жөндеу жоспарланды. Уақыт өткен сайын біртіндеп тоза бастаған. Бірде аяз, бірде жылымық ауа райы әсер етпей қоймады. Плиталарын алып, оның орнына бетон құяды", – деді "Шыгыс Строй Проект" ЖШС басшысы Сергей Оградов.

Лениннің ескерткішін әспеттеген әкімдік сынға қалды. Аталған жаңалық әп-сәтте өңір тұрғындары мен желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Оған қаршы шығып, ойын ашық білдіргендер де болды.

"Үш миллион қазақты, жиырма мың зиялыны қырып тастаған қызылдардың мүсінін құлатуды емес, жөндеуді жоспарлап отырғандарыңыз қызық екен. Ендеше ұсыныс бар, Ленинді басын идіріп, тізерлетіп қойыңыздар. Мұндай мүсініне ешкім қарсы болмайды", – деді Арман Әділбек әлеуметтік желіде.

Нұрсерік Қасымжомарт "Өзге түркі халықтарынан ұят қой?" деп келте қайырды. Дегенмен аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова қаражат бөлініп қойғанын алға тартып отыр. Және оның Алтай қаласының орталық алаңын жөндеуге жұмсалатынын баса айтты.

"Иә, Ленин ескерткіші әлі тұр. Бірақ осыдан үш жыл бұрын біз аудан мен қала атын Алтай деп (Алтай ауданы, Алтай қаласы) ауыстырдық. Қаражат алаңды жөндеуге бөлінді. Болашақта осы алаңды өзгертуге үлкен жоба дайындалуда", – деді Жанна Асқарқызы.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер