АМАНГЕЛДІ КЕҢШІЛІКҰЛЫ: Мен Жазушылар одағының мүшелігінен шықпаймын. Өйткені, мен жазушылық парызды Мереке Құлкеновтің деңгейімен өлшемеймін.

3168
Adyrna.kz Telegram
Құрылтайдан келдім. Алғашқыда ұшаққа билет алғым келіп еді, кейін ол ойымнан айнып, жұрттан бөлектенгім келмей поездға отырдым. Поезда бір топ жастармен әңгімелесіп оларға әлем әдебиетінен дәріс оқығандай болдым. Қырықтан асқан және енді толып жатқан ақын-жазушылармен сөйлесіп, бір-бірімізбен сырласып, әңгімеміз жарасып рахаттанып қалдым.
Құрылтайда әдебиетке бірге келген замандастарым Маралтай., Жарастармен қауқылдасып мәре-сәре болдық. Жазушылар одағының мүшесі болмаса да әдебиетке көптеген мықты дүниелер берген, әрі жақсы көретін ағам, әрі досым Асылбек Ықсанды көріп, біраз қалжыңдастық. Өз басым бұл құрылтайға ішіп-жеу үшін емес, сағындырған достарымды, қылықтары тәтті екі алтын адайчик жиенімді көру үшін бардым.
Талантты ақын, әрі жазушы, әрі ғалым Нұржан Қуантайұлының Жазушылар Одағы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалуын біздің буынның бір жетістігі санаймын. Бізге қолдау көрсеткен ағаларыма рахмет айтамын. Қолдау көрсете алмаған ағаларыма түсіністікпен қараймын.
Адам табиғаты қандай күрделі болса, мына дүние де сондай күрделі. Дүние ақ пен қара түстен ғана тұрмайды. _Өз басым буын мен буынның арасында түсіністік болуы керек деп есептеймін. Сол үшін Мереке Құлкеновтың Төраға болуына қарсы болған жоқпын.
Халық қайта-қайта маған хабарласып жаңадан тағайындалған Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкеновтың «Жазушы оппозицияда болмауы керек» деген сөзіне байланысты пікір сұрап жатыр. Мен мұндай пікірмен келіспеймін. Осы сөзге бола бір-екі жазушы ЖО мүшелігінен шығып та кетіпті. «Сіз де шығып кетіңіз» деп мені азғырып жатқандар бар. Оларға менің беретін жауабым біреу-ақ. Мен Жазушылар одағының мүшелігінен шықпаймын. Өйткені, мен жазушылық парызды Мереке Құлкеновтің деңгейімен өлшемеймін.
Пікірлер