Түркия халқы 2023 жылдың 14 мамырында өз басшысын сайлайды. Сайлау сағаты жақындаған сайын елдегі саяси бәсекенің көркі қыза түсті. Қала көшелерін жапқан жалаушалар мен кампания көліктерінен шыққан әуендер тұтас елдің саяси болмысынан хабар беріп тұрғандай. Алыстағы ағайынның саяси бетбұрыстарға қадам басуына қазақ та бейғамдық танытпайды. Себебі қос елдің ортақ тұстары бар: Тарих, саяси-мәдени қатынастар, өткен шақ пен келешек.
Түркияда көптеген саяси партиялар 2023 жылдың 14 мамырында Түркия президентін сайлауға қатыспақ. Түркияда президент сайлауына дейін кандидаттарды іріктеудің қызу додасы жүрді.
Елдің заңнамасына сәйкес, ең кем дегенде 20 парламент депутаты «аттай қалап» ұсынған азаматтар ғана ел тізгінін ұстауға үміткер атана алады. Немесе өткен сайлауда 5%-дан астам дауыс алған партия өкілдері тікелей өз кандидаттарын ұсынады. Асылында, мұндай талаптарға сай келмейтіндер де сайлауға түсуден кенде қалмақ емес. Олар үшін 2023 жылдың 22-27 наурызы аралығында Түркия Республикасы азаматтарының кемінде 100 000 қолын жинап, сайлау аламанына қатыса алу мүмкіндігі берілді. Нәтижесінде, 18 адам Орталық сайлау комитетіне өтініш білдірді.
ҮМІТКЕРЛЕР КІМ?
2023 жылғы сайлауда президенттікке кандидаттардың тізімі төмендегідей. Елді қазір басқарып отырған президент – Режеп Тайып Ердоған, Ұлттық альянстың кандидаты – Кемел Қылыштарұлы. Саяси аламан жолында халық арасынан 100 мың қол жинаған «Мемлекет партиясының» төрағасы Мухаррем Инже мен АТА-Альянсының кандидаты Синан Оған.
Түркия сайлауы да «тосын сыйға» толы шықты. Сайлауға үш күн қалғанда «Мемлекет партиясының» төрағасы Мухаррем Инже өз кандидатурасын алып тастайтынын мәлімдеді.
РЕЖЕП ТАЙЫП ЕРДОҒАН
Сайлау аламанына «ат қосып» жатқандардың арасында қоғамға белгілі болған тұлғалар басым. Бірі – Режеп Тайып Ердоған. Ол – Әділет және даму партиясының төрағасы (Әділет және даму партиясы) мен ел басшысы. Жергілікті халық, негізінен алғанда, дәстүрлі-діни қоғам өкілдері оны «Рейс» деп атап, өзінше айдар тағады. Ердоған халыққа батыл діни ұстанымдарымен, қоғамдық құндылықтар мен Ислами мәдениетті жақтағанымен жақын. Түркияда Ердоғандың шашбауын көтерген «Ақ партия» ғана емес. Елдегі Ұлтшылдар қозғалысы партиясы (MHP) және Үлкен Одақ партиясы (BBP) Ердоғанның кандидатурасын қолдап, президенттікке қайтара ұсынды.
Орайы келгенде айта кетейік, Ердоған 2014 жылғы президенттік сайлауда 51,79 пайыз және 2018 жылғы сайлауда 52,59 пайыз дауыс жинаған еді.
КЕМЕЛ ҚЫЛЫШТАРҰЛЫ
Мемлекет-Халық партиясының жетекшісі Кемел Қылыштарұлының да атынан ат үркеді. Ұлттық альянстың кандидаты әрі Мемлекет-Халық партиясының төрағасы Кемел Қылыштарұлы алғаш рет Президент сайлауында бақ сынап отыр. Оны қолдайтын партиялардың да қарасы қалың: NRP, Игілік партиясы, ДЕКА партиясы, Бақыт партиясы, Болашақ партиясы, Демократиялық партия, Халықтық-азаттық партиясы, Түркия бетбұрыстар партиясы және Түркия Коммунистік партиясы.
Қылыштарұлының негізгі ұстанымы – Еркіндік. Кеше Түркиядағы мәшһүр «Соңғы минут» порталы үміткердің видео-үндеуін жариялады. Кандидат өз сөзінде:
«Менің негізгі ең ізгі ұстанымым – демократия, құрметті жастар. Себебі демократия мен еркіндікті ғана біз ізімізді басқан жас ұрпаққа мұра етіп қалдыра аламыз», - деп қадап айтады.
СИНАН ОҒАН
Синан Оған – әзірбайжан текті түрік саясаткері. 2011-2015 жылдары Түркиядағы Ұлттық Ұлы жиналыстың құрметті мүшесі болды. Ол ATA альянсының атынан 2023 жылғы сайлауға қатысып отыр.
Синан Оғанды Зафер (Жеңіс), «Менің елім» партиясы және «Түркия Альянсы» партиясы қолдайды. Өз құжаттарын орталық сайлау комитетіне тапсырғанда Оған екінші турда айқын басымдықпен жеңетініне сенімді екенін жеткізіп:
«Біз бұл сайлаудың екінші кезеңінде жеңеміз деп ойлаймыз», - деді.
Синан Оған сайлауға түсу үшін ел арасынан 100 мың қол жинаған саясаткер. Осылайша, ол бүгінгі президент Ердоған және саясаткерлер Кемел Қылыштарұлы, Мухаррем Инжеден кейін президенттікке үміткер болу құқығын алды. Синан Оғанның есім-cойы президенттік сайлау бюллетенінде 4-ші тұр.
Бүгін Түркияда сайлау өтеді. Қалың оқырман үміткерлердің саяси келбетін әлеуметтік желі арқылы қабылдамай, бағдарламасына, саяси потенциялы мен ел басқарудағы қарым-қабілетіне қарай бағалар деп сенеміз. Түріктер де, қазақ қоғамы да. Қоғам белсендісі Ерік Ілиясов қазақ қоғамының Түркияны қабылдауы жайында тосын ой айтады. Оны да оқырманға ұсынуа кетуді жөн көрдік:
- Түркияны бауырлас ел дейміз. Жер сілкінгенде барымызды беруге тырыстық. Тәуелсіздігімізді бірінші мойындады дейміз. Шетел деп, бірінші осында келуге асығамыз. Керемет. Бірақ бұл елдің саяси жаңалықтарына қызықпаймыз, білгіміз келмейді. Ақпаратты бір жақты қараймыз... Әңгіме былай. Осы жолы сіз бен біз үйреніп қалған Ердоған аз дауыс жинауы мүмкін. Керек десеңіз кезінде үміті әбден үзілген ататүрікшілер осы жолы жеңістен дәмелі. 2003 жылдан бері (ПМ, сосын Президент) билікте отырған АК партиясының басшысы қай жағынан болсын ұтылуға дайын көрінеді. Опозицияның (CHP) дәл осы жоғарыдағы екі дәйек бойынша уәдесі халыққа ұнауы мүмкін. Шетелдіктердің қаптап келуін азайту, осыған дейін араптар мен қытайлықтарға т.б. шетелдіктерге сатылып кеткен жерлерді қайтару, сол арқылы негізгі халықты кедейшілік пен қымбатшылықтан құтқару – деп жазды қоғам белсендісі.
...Бүгін Түркияда сайлау өтеді. Сайлауда Түркияның басшысы ғана емес, келешектегі тағдыры да шешілмек.
Дастан Қастай
Адырна ұлттық порталы