“Елтаңбаға да ауыстырсын”. Алматыдағы қар барысы муралының орнына салынған жарнамалық сурет көптің ашуын туғызды

2599
Adyrna.kz Telegram

Алматыдағы қар барысы муралының орнына жарнамалық сурет салынған. Тұрғындар мұны өзгерткеніне наразылық білдірді. Бұл туралы фотограф Вячеслав Фурсов өз Facebook-парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Жібек жолы көшесіндегі үйде бейнеленген қар барысы бар граффити Coca-Cola-ның жарнамасына ауыстырылды. Әкімдік мұның келісіммен екенін мәлімдеді.

“Қар барысы енді жоқ. Әкімдік барлығы келісілгенін және бұл арқылы олар әлдеқайда жақсы табыс табатынын хабарлайды. Әкімдікке мұнымен тоқтап қалмауды және барысты кола бөтелкесіне, тіпті елтаңбаға ауыстыруды ұсынамын. Осылайша бұдан да көп ақша табуға болатынына күмәнім жоқ”, – деп жазды фотограф.

Бұл жарнамалық муралға Coca Cola ай сайын қала бюджетіне 200 АЕК, яғни 690 мың теңге төлейді.

Coca-Cola бұған қатысты мәлімдеме жасады. 

“Біз муралға қатысты жұртшылықтың пікірін естиміз. Осы жағдайды шешу үшін шаралар қабылдайтынымызды хабарлаймыз. Нәтижелері міндетті түрде айтылады. Шыдамдылықтарыңызға рахмет”, – делінген компанияның парақшасында.

Қала орталығындағы барыстың бейнесі 2017 жылы пайда болды. Мұны "Балалар бейбітшілікті бейнелейді" қоғамдық қоры мен Алмалы аудандық әкімдігі жасаған еді. Қар барысы Алматы символы деп саналады және бұл мурал екі жыл бұрын ең үздік граффити деп аталды.

Пікірлер