Home » Жаңалықтар » Алматыда 2 пайызбен ипотека беріледі: Құжат қабылдау мерзімі аталды

Алматыда 2 пайызбен ипотека беріледі: Құжат қабылдау мерзімі аталды

Алматы әкімі Бауыржан Байбек Мемлекет басшысының “Нұр Отан” партиясының XVIII съезінде айтылған халықтың аз қамтылған тобына, оның ішінде көпбалалы аналарға қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша қалалық жоспарды таныстырды. Мегаполис басшысы ол үшін жергілікті бюджеттен 5,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінетінін атап өтті, – деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

“Мемлекет басшысы атап өткендей, әрбір қазақстандық отбасы реформа нәтижесін болашақта емес, дәл қазір сезінулері тиіс. Аз қамтылған азаматтардың табысын көтеру, баспанаға, сапалы білім мен денсаулыққа қолжеткізулері және өңірлерді дамыту үшін Президент қосымша 2 триллион теңге бөлуді тапсырды. Президент алға қойған әлеуметтік мәселелерді сапалы орындау үшін Алматыда нақтылы шаралар жоспары, оның ішінде “Бақытты отбасы” қалалық әлеуметтік бағдарламасы жасалды. Бұл – жеңілдетілген тұрғын үй ипотекасы, оқушылар мен студеттердің стипендиясы, әлеуметтік және бірреттік төлемдер, жұмыспен қамту және басқалары. Жалпы, халықтың аз қамтылған тобына, оның ішінде көпбалалы отбасыларға кешенді қолдау көрсету үшін 5,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді”, – деді Бауыржан Байбек.

Енді 11 наурыздан бастап “Бақытты отбасы” арнайы қалалық тұрғын үй бағдарламасы бойынша құжаттар қабылданады. Алғашқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызын құрайды, мөлшерлеме – 2 пайыз. Кезекте тұрған 1276 көпбалалы және толық емес отбасылардың алғашқы жарнаны төлеуге қаражаттары жоқ болғандықтан қала бюджетінен 1 миллион теңгенің тұрғын үй сертификаттары бөлінеді.

Алматының көпбалалы отбасылары үшін екінші баласынан бастап бала бақша тегін болады. 20 наурыздан бастап аз қамтылған отбасылардың 4 мыңға жуық оқушыларына алғаш рет стипендия төленеді. Мектеп оқушылары ай сайын 5 мың теңгеден, ал университеттер мен колледждер студенттері 10 мың теңгеден алады.

Қиын жағдайға душар болғандарға берілетін бірреттік төлем көлемі 25 мыңнан 50,5 мың теңгеге көбейеді. 15 наурыздан бастап жәрдемақы көлемі артып, 5 мыңға жуық адамды қамтиды. 15 наурыздан бастап аз қамтылған отбасыларға ыстық және суық су есептегіш құралдарын жеке орнатуға берілетін жәрдемақы көлемі 70 пайызға немесе 5 мыңнан 8,6 мыңға өседі. Бұлардан өзге, аз қамтылғандар тобына коммуналдық қызметке кететін шығынның орнын толтыру үшін берілетін жәрдемақы көлемі 5 пайызға дейін артады.

1 наурыздан Алматыдағы жұмыссыз аналарды оқыту және кәсіби дайындау шаралары басталды әрі оларға 16,7 мың теңге көлемінде стипендия беріледі. Қалада жастар практикасы, субсидия бөліп жұмыспен қамту, жалақысы 63 мың теңгелік әлеуметтік жұмысқа тарту шаралары ұйымдастырылуда.

Бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасайтын көпбалалы аналар Орталығында құқықтық және психологиялық кеңестер беріледі, реабилитациялық көмек көрсетіледі, орталық 1 сәуірден бастап есігін ашады. Мұнда көпбалалы аналар еңбекпен қамтылады, мини – бала бақшалар ұйымдастырылады.

Қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева мегаполисте “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша жалға берілетін, оның ішіне көпбалалы отбасылар да кіреді, 40 мыңнан астам пәтерлер құрылысы басталатынын айтты. Атаулы әлеуметтік көмек көлемін күн көріс көрсеткішінен 70 пайызға дейін көтеру барысында Алматыда оны алатындар саны 2 699 дан 4000 адамға өсті. Мүгедек балаларды тәрбиелеушілерге берілетін төлем көлемі 31,1 мыңнан 41,6 мыңға артты. Бұл шара 7 394 адамды қамтиды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматының бюджеттік саласындағы 30 мыңнан астам қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға дейін көтеру жоспарланған

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

ҚАРАШАЙ-БАЛҚАРЛАРДЫҢ ЭТНОС КҮНІ ӨТТІ

Тараз қаласының Достық үйінде «Архыз» республикалық қоғамдық бірлестігіне қарасты «Бірлік» қарашай-балкарлардың Жамбыл филиалы» этномәдени бірлестігінің ...