“Астын қазып кірген”. Ақмола облысында зергерлік дүкенді тонап кеткен күдіктілер ұсталды

1439
Adyrna.kz Telegram

Степногорск қаласындағы зергерлік дүкеннің астын қазып, тонап кеткен қос күдікті Астанада қолға түсті. Бұл туралы Polisia.kz жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

"Мамырдың 1-і күні Степногорск қаласында екі азамат зергерлік дүкеннің жертөле қабатына қазып кіріп, 180 миллион теңге болатын әшекей заттарды қолды қылған. Бұл дерекке қатысты ҚК 188 бабының 4 бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу-тексеру басталды. Полиция департаменті басшылығының ұйғарымымен Ақмола облысында және іргелес өңірлердің аумағында жедел іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды", - дейді полиция қызметкерлері. 

Нәтижесінде Астана қаласында елорданың 1977 және 1988 жылы туған тұрғындары қолға түсті. Олардан заттай айғақ ретінде телефон, құрал-саймандар мен көліктері тәркіленген.

Қылмыстық істі зерттеу әлі жалғасуда, күдіктілер қамауға алынды. Олар Степногорск қалалық базарының маңындағы зергерлік дүкенге ұрлыққа түскен. Әлеуметтік желілерде таралған бейнежазбаға қарағанда, ұрлықшылар дүкенге кіреберістегі баспалдақтың астынан ойып енген. 

"Витриналарды тып-типыл еткен. Шығын мөлшері жүздеген миллион теңге. Бұл бейресми ақпарат", - делінген әлеуметтік желідегі жазбада. 

Пікірлер