Бас прокурор Боранбаев пен Намазбаевты босату жөнінде талапқа жауап берді

2222
Adyrna.kz Telegram

Бас прокурор Берік Асылов сотталып, жазасын өтеп жатқан белсенді Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевты босату жөнінде талапқа жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Бұған дейін Парламент Мәжілісінің депутаттары Ермұрат Бапи, Ринат Заитов, Қазыбек Иса мен Абзал Құспан Марғұлан белсенділерге қиянат жасалғанын, оларға шыққан үкімді қайтадан қарау қажет екендігін айтқан еді.

«Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының 2022 жылғы 14 наурыздағы заңды күшіне енген үкімімен Боранбаев (5 жыл 2 ай бас бостандығынан айыру) ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін (ҚК-нің 174-бабы 2-бөлігі) жəне Намазбаевпен (5 жыл бас бостандығынан айыру) бір топта билікті күштеп басып алуға шақырғаны үшін (ҚК-нің 179-бабы 2-бөлігі) сотталғаны анықталды. Осы іс бойынша сіздер жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау туралы мəселе қойып отырсыздар. Сонымен бірге жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша қылмыстық іс жөнінде іс жүргізуді қайта бастау тəртібі мен негіздері Қылмыстық-процестік кодекстің (бұдан əрі – ҚПК) 53-тарауымен реттеледі. Бұл іс жүргізу қылмыстық процестің бір сатысы болып есептеледі әрі ол жерде үкім шығару кезінде сот білмеген мəн-жайлардың болуы немесе болмауы туралы мəселе шешіледі»,—деп жауап берді Бас прокурор.

Сондай-ақ ол ҚПК-нің 502-бабына сəйкес қылмыстық процестің қатысушылары (сотталған, жəбірленуші, олардың қорғаушылары немесе заңды өкілдері) ғана жаңадан ашылған мəн-жайлар бойынша іс жүргізуді қозғау туралы өтінішхатпен жүгіну құқығына ие екенін атап өтті.

«Боранбаев, Намазбаев жəне олардың қорғаушылары осы негіздермен жүгінбеген, яғни олар өздерінің іс жүргізу құқықтарын іске асырмаған. Осыған байланысты сотталғандар үкім шығару кезінде сотқа белгісіз болған мəн-жайларды көрсете отырып жəне олардың кінəсіздігі немесе онша ауыр емес қылмыстық құқық бұзушылықты жасағанын куəландыратын өтінішхатты сотқа не прокуратура органдарына дербес беруге құқылы екендігін түсіндіреміз»,—деді Берік Асылов.

Пікірлер