Отыз жылда сауатсыз, білім деңгейі төмен қоғам пайда болды - медиа сарапшы

4993
Adyrna.kz Telegram

3 мамыр - Дүниежүзілік баспасөз бостандығы күні. Қазақстандық БАҚ әлеуметтік мәселе көтерілген жаңалықтарды беруде қандай қағидаттарға сүйену керектігін біле ме? Осы туралы медиа сарапшы Ғалия Әженовадан "Адырна" тілшісі сұрап білді.

Ғалия Әженова 30 жылда қоғам біршама өзгерістерге ұшырағанын айтты.

"Резонанстық оқиғалар тек бір-бірін өлтіру, азаптау сынды жағдайлармен шектелмейді. Мәселен өз балаларын өлтірген әкенің оқиғасы резонанстық оқиға. Осы сынды оқиғаларды бәрі жарыса жариялап жатқанда, өзін салмақты БАҚ ретінде көрсеткісі келетіндер, өзінің тәуелсіз немесе мемлекеттік екеніне қарамастан қоғамдық маңызы бар жаңалықтарға назар аудару керек. Оны халыққа қалай жеткізетініміз де аса маңызды дүние" деді ол.

Бүгінгі қоғамның сипатына қатысты ол:

"Қанша жерден этиканы сақтап, жаңалықты сыпайы түрде жеткізгеніңізбен 30 жылда деңгейі төмен, сауаты ашылмаған, көкірегі ояу, көзі ашық деп айтуға келмейтін қоғам пайда болды. Айқайға бейім, шулы, өзін емес басқа біреуді кінәлағыш, жылдам ақпарат таратқыш, жұртты жамандағыш қоғам тәрбиеленді. Қарғыстың ең жаманы - өзің білме, білгеннің тілін алма дегендей, сондай қарғысқа батқан адамдар көбейіп кетті. Оларға білгеніңді үйретіп, ақылыңды айтайын десең, хабар-ошарсыз, бұрынғының адамы болып көрінесің" деп пікір білдірді.

Сондай-ақ, ол қоғамдағы резонанстық тақырыптарды тілшілердің жеткізуіне қатысты ойын былай мәлімдеді:

"Осы себептерден БАҚ тәрбиелеуші құрал ретінде әр жазылған сөзге жауапкершілікпен қарауы тиіс. Мәселен, таяуда тараған тақырып Ақтаулық әкенің өз балаларын өлтіргеніне қатысты ауыр оқиға жайлы тілшілер, "шауып тастады", "қырып тастады", "қанын сорғалатты" дегеннен гөрі, "қайғылы жағдай орын алды" деп жеткізгені абзал" деді ол.

Ғалия Әженованың этикалық сауаттылықты сақтау үшін тілшілерге айтқан кеңесі:

  • оқырманның қабылдауын, жүйкесін ойлап, "жеті рет өлшеп, бір рет кесіп", ресмилікті сақтаған дұрыс;
  • ақпараттың егжей-тегжейін баяндау үшін құзырлы органдардың ресми жауабына сүйену қажет;
  • әлеуметтік мәселелер болғандықтан психолог, психиатр, әлеуметтанушы мамандардың пікірін берген абзал;
  • статистикалық сараптамаларды зерттеп, қай облыста, қай аймақта аталған жағдайлар көбейіп жатқанын мәлімдеген дұрыс;
  • қоғам белсенділерінің, танымал педагогтардың ой-пікірін, мақаланың тақырыбына сай мамандардың сараптамасын берген жөн.

Әңгімелескен: Дина ЛИТПИН,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер