Home » Айдарлар » Ата дәстүрді жалғастырайық » Ұмытылуға жақын қазақ салты

Ұмытылуға жақын қазақ салты

Қазақ кез келген қуанышты той деп атайтындықтан «Қазақта не көп – той көп» деген сөз кездейсоқ айтылмаған.

 

Қуаныштың бәрі той

Салтанатты жиынның өзіндік аты болса да қазақ оны той деп атай береді. Мысалы, сәби дүниеге келісімен үш күн бойы тек жастар ғана жиналып тойланатын «Шілдехана», «Шілдекүзет» ұйымдастырылады. Бұл қуаныштың тағы бір аты «Шілдехана той» деп аталады.

«Тұсау кесер» де той деп саналады. Бұндай тойға туыстар, достар және көрші-қолаң мен таныстар да жиналады. Тойға жиналғандар тұсауы кесілетін бүлдіршіннің ата-анасын құттықтап түрлі сыйлықтар ұсынады.  «Баланың «Тұсаукесер тойы» құтты болсын!» деген және тағы басқа да тілектер айтылады.

Бір сөзбен айтқанда қазақ қуанышты жағдайдың бәрін той деп атап, кең дастархан жайып айдай әлемге жар салып, көп қонақ шақырып тойлауға әзір тұратын ұлт.

 

Тойды әнмен аяқтау

Ерте ме кеш пе салтанатты жиынның бәрі аяқталады. Бірақ қазақ той осымен бітті деп айту болмаған. «Кел демек бар, кет демек жоқ»деген сөз соның айғағы.

Той өзінің межесіне жеткен шақта қолына домбыра ұстаған ақын ортаға шығып өлең айтатын болған. Бұл «Той тарқар» де аталатын әнде тойдың біткені туралы ешқашан турасынан айтымайды.  Ақын өлеңімен той иелерінің атынан бата берген үлкендерге, қуанышты бөлісуге келген келген көпшілікке ризашылығын білдіреді, дастарханның кең болғаны, тамақтың мол болғаны,  тойдың жақсы өткені туралы, кімнің қандай керемет тілек айтқаны, кімнің қандай өнер көрсеткені, бәйгеде және басқа да сайыстарда жеңімпаз атанғандар туралы, туыстармен тойды өткізуге атсалысқан жұршылыққа алғыс айтады.

Қазақ ұлттық әдебиеттің білгірі, ауыз әдебиетінің үлкен жанашыр зерттеушісі Нысанбек Төреқұл былай деп жазады: «Шынында «Той бастар» жырланған жерде тұжырым бата тәрізді «Той тарқар» да айтылуы керек қой. Халық поэзиясының материалдарын қарастырғанымызда «Той тарқар» өте аз ұшырайды. Оның бұрын-соңды үлгілері жинақталмаған. …Бұдан «Той бастардың» міндетті түрде айтылып, «Той тарқардың» айтыла бермейтіні аңғарылады. Сондықтан да халық поэзиясында «Той бастардан» гөрі «Той тарқар» әлдеқайда аз, «Той тарқар» бірлі-жарым ақын  шығармаларында ғана кездеседі. Тарбағатай ауданының еңбекшілері мерекесін өткізерде Әзмұхамбет пен Қабдолла ақынды айтыстырған. Осы айтыстың соңы:

Жыр етттік туған елдің жаңарғанын,

Әйгілеп озат еңбек адамдарын,

Ақындар риза бол, халқым  саған,

Күн сайын арта берсін қадамдарың –

деген «Той тарқармен» біткен. Мұндай «Той тарқарды» елуінші жылдары Омар ақын да айтыпты.

Тек қана халық ақындары емес, жазба ақындар да ел ақындарына еліктеп «Той тарқар» жазған. 1943 жылы Алматыда өткізілген халық ақындарының республикалық айтысында Ж.Сыздықов республиканың ол шеті мен бұ шетінен келген ақын, жазушыларға жеке-жеке тоқталып, «Той тарқар» оқыған.

Шашекең мен Орынбай,

Құшақтасып, сүйісіп,

Қостанайдың Нұрханы

Көкшетаумен түйісіп,

Нартай менен Нұрлыбек

Әзілдесе тиісіп.

Кенекең мен Қуат қарт

Қаршығадай ілісіп.

Ағайынды әзілмен

Елдің жайын білісіп.

Жәкең бастап тойымды

Құйылды жыр жаңбырдай.

Қазанғап пен Маясар

Түйілді қыран алғырдай.

Омар шықты бір жақтан,

Топқа торай шалдырмай

Көшеден келген Қалия

Жыры бір жатқан дария.

Міне, осы «Той тарқардың» өзінен кіммен кімнің айтысқаны, кімнің мәслихатты бастап бергені, қай ақынның өзіндік айтқыштық шеберлігі көрінеді.

Бір Жақан емес, мұндай халық поэзия дәстүрінен жазба поэзияға ауысқан «Той тарқарды» Қалмақан да, Ғали да, Қасым да жазған болатын».

«Той тарқар» қазақ ұлтының болмысында өзіндік лайықты орны бар рухани құндылық. Оны ұмытуға болмайды.

Бердалы ОСПАН.

“Адырна” ұлттық порталы

 

 

Пікір жазу

Почта жарияланбайды. Таңдаулы өрісті толтырыңыз *

*

x

Check Also

Ән арнау – қазақтың байырғы салты

Қазақ рухани мәдениетінде өзіндік салттары бар саз өнерінің алатын орны зор. Сондай салттардың бірі — ...