Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи 18 жылға сотталған ҰҚК экс-төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның үш орынбасары туралы сөз қозғады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Қаңтарға байланысты Кәрім Мәсімов пен оның бірінші орынбасары Самат Әбіш неге жауапқа тартылмады? Осы сұрақтың астарында барлық жауап тұр деп ойлаймын. Қаңтардың бар кінәсін Мәсімов пен оның үш орынбасарына аударып, Самат Әбішті құтқарып қалды. Оперативті қызметті сол жүргізу керек. Кәрім Мәсімов орысша айтқанда «козёл отпущения» – құрбан болып бара жатыр. Әрине, оның Қаңтарға қатысы бар. Ол өзінің тікелей басшысы, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасының тапсырмасын орындады. Ол «Ескі Қазақстан» ырқында жүрді. Ол сотталуға, жауап беруге лайық тұлға. Бірақ кінәнің бәрін Мәсімовке жауып тастап, қалған кінәлілерді құтқарып қалу – арнайы жасалған амал. Қаңтар – ешқашан жабылып қалатын мәселе емес», – деді депутат.
Сонымен қатар ол Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішті неге ұсталмағанын да айтты.
«Оған іздеу жарияланған жоқ. Бұл жерде шыңдықты жабу емес, туысын құтқарып қалу. Бұл әділетсіздік барып тұрған. Егер ҰҚК-нің үлкен лауазымды тұлғалары жауапты болса, неге Самат Әбіш қалып қояды? Ол бірінші орынбасар. Ол ҰҚК-дегі оперативті барлық қызметке жауап беретін адам. Ұсталған үшеу-төртеуін соттап жіберіп, Назарбаев өз інісін алып қалады. Әділет пе? Халық көріп отыр оны», – деп түйіндеді Бәпи.