"Неғұрлым қатаң жаза". Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

2468
Adyrna.kz Telegram

Астанада Гүлмира Сатыбалдының ісі бойынша кезекті сот отырысы өтті. Істі қарау барысында прокурор айыпталушыны сегіз жылға бас бостандығынан айыруды сұрап, неғұрлым қатаң жаңа тағайындауды алға тартты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Прокурор Азамат Сәрсембаев қылмыстық кодекстің бірнеше бабын тізбектеп, Гүлмира Сатыбалдыны неғұрлым қатаң жаза негізінде бас бостандығынан айыруды сұрады.

- Гүлмира Сатыбалдыны қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі, 28-бабы 3-бөлігі және 125-бабы 2-бөлігі 1,8-тармағында қаралған қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұраймын. Қылмыстық кодекстің 389-бабы 4-бөлігі бойынша – алты жылға бас бостандығынан айыру, 28-баптың 3-бөлігі және 125-баптың 2-бөлігі 1,8-тармағы бойынша – мүлкінен айырусыз сегіз жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 58-бабы 3-бөлігінің негізінде неғұрлым қатаң жаза, яғни Сатыбалдының мүлкін тәркілеусіз сегіз жылға бас бостандығынан айыру тағайындалсын, — деді прокурор Азамат Сәрсембаев.

Сонымен қатар прокурор Гүлмира Сатыбалды жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі абақтыда өтеуін сұрады.

Еске сала кетейік, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалды Универсиада-2017 нысандарын жөндеуге бағытталған қаржыны иеленіп, бизнесті басып алу және заңсыз бас бостандығынан айырудың басқа эпизодтары бойынша тергеуге алынған еді. Жәбірленушілерге келтірілген залалдың алдын ала сомасы 6,6 миллиард теңгеден асады.

Қайрат Сатыбалды 13 наурыз күні, оның бұрынғы әйелі 17 наурызда қамауға алынды.

21 сәуір күнгі сұрақ-жауап сатысында Сатыбалды тағылған айыптың бірқатарын мойындады. Дегенмен сот қазысының қызметіне қарсылық танытты. Гүлмира Сатыбалдының жақтастары сот қазысы Кемеңгер Имашевтің құқықтық үрдісті жүзеге асыру мен бейтарыптық танытуға жағдай жасамады деп айыптайды.

"Адырна" ұлттық порталы 

Пікірлер