Алаяқтардың шетелден шалған 15 млн қоңырауы бұғатталды

2264
Adyrna.kz Telegram

Бұл туралы ІІМ криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Оның атап өтуінше, интернет-алаяқтықтың кең тараған әдістерінің бірі – банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдарының атынан қоңырау шалу.

«Қазір шетелден жасалған қоңырауларды операторлар таниды және бұғаттайды. Тек жыл басынан бері 15 млн осындай қоңыраулар тоқтатылды. Сонымен қатар алаяқтар азаматтарды алдаудың жаңа жолдарын іздеуде. Қазір шетелдік нөмірлерден және «Ватсап» арқылы қоңырау шалу арқылы жасалған алаяқтықтар тіркелуде. Тіркелудің жалпы төмендеуіне қарамастан, 3 айда банк қызметкерлерінің атынан 400-ден аса қылмыс жасалды. Олардың басым бөлігі азаматтарға онлайн-қарыздарды ресімдеумен байланысты», - дейді Жандос Сүйінбай.

Осы орайда ол банк немесе полиция қызметкерлері ешқашан дербес деректерді сұрамайтынын және телефон арқылы арнаулы операция жүргізбейтінін атап өтті.

«Министрлік осындай қылмыстардың алдын алуға және ашуға бағытталған ұйымдастыру іс-шараларын қабылдауда. Банктермен бірлесіп, азаматтардың шоттарының сақталуын қамтамасыз ету және заңсыз кредиттерді ресімдеудің жолын кесу, оның ішінде полициямен жедел өзара іс-қимыл бойынша қосымша іс-шаралар іске асып жатыр», - деді ол.

Пікірлер