Мұндай қомақты қаржыны таба алмаған қаршадай 15 жасар қызды бірнеше рет пышақтап, денесін суға ағызып жібергенін туыстары айтып, зар еңіреп отыр.
Қазір күдіктілер қамауға алынып, тергеу ісі жүріп жатыр. Алайда марқұм туыстарының көңілі күпті. Олар күдіктілер айыптан сытылып, жазадан құтылып кете ме деп қорқады. Өйткені ұсталғандардың бірі бұрынғы әкімнің ұлы, ал екінші күдікті дәулеті тасқан ауқатты отбасынан шыққан.
КТК телеарнасы Аружанның үйінен соңғы мәрте сыртқа шыққан сәтінің бейнекамераға түсіп қалғанын хабарлады. Аружанның "ақырғы бейнесін" көрші үйдің қорасына қойылған құрылғы жазып алған. Деректерге қарасақ, түнгі он екілер шамасында әлдекіммен телефон арқылы тілдескен қыз арық бойын жағалай жүреді. Ертесіне денесі бірер шақырым ұзақтағы арықтың ішінен табылады.
Әжесі немересінің кісі қолынан өлгеніне сенімді. Өйткені үйдің іргесіндегі арықтың маңы әбден қан-жоса болған. Күдіктілер ізін суыту мақсатында Аружанды өзіне қол салғандай көрсетіп, жарақаттаған, кейін арықтың ішіне тастаған дейді.
"Дыбысы шықпасын деп жаңағы 11-сыныптың баласы қолын артқа ұстап тұрған. Қайырып, анау пышақты екі рет ұрған. Одан кейін қыз құлаған. Кейін анау 11-cыныптағы балаға: "Қане, сен қолын кес" деген. Одан кейін ол қолын кескен. Арықтың жағасындағы қан дегенің көл көсір", - деді марқұмның әжесі Құрманкүл Салқынбекова.
Қара жамылған отбасы қыздың жалаңаш фотосын жалпыға жарияламас үшін күдіктілердің Аружаннан 1 миллион теңге талап еткенін айтады.
"Соңғы мәрте, алтысында қызым менен ақша сұрады. Сосын "Әкеңнен сұрашы" деген едім, "Мама, сіздер ондай ақшаны тауып бере алмайсыздар" деді. Менің қызымның күліп ойнайтын әдеті бар еді... Содан соң, "Неғыласың ол ақшаны?" деп қайта-қайта сұрап едім, "Мама, мен шетелге кетем" деді. Міне, шетелге кетті ғой. Осы екі бала бопсалаған. “Ақша бермесең, масқараңды шығарам, сенің суретіңді шығарам” деген", - деді марқұмның анасы Динара Зілғараева.
"Адырна" ұлттық порталы