Парламент Мәжілісінің депутаты Константин Авершин блогерлер мен қоғамда белсенді пікір білдірушілерді әскерге шақыру керек деп санайды, деп жазады "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы ол Қорғаныс министріне бағыттаған депутаттық сауалында айтты.
«Қазір Қарулы күштердің жағдайы туралы пікірталас шиеленісіп тұр. Өкінішке қарай, пікірді әскерде борышын өтеп жатпаған не өтеп көрмеген «диван сарапшылары» топшылайды. Бұл тақырып жауапкершілікпен қарауды талап ететіні, қаңқу сөздерді көтермейтіні айқын. Дегенмен, қоғам ҚР Қарулы күштерінің жай-күйі туралы хабардар болуы тиістігін түсіну қажет. Бұл жерде мәселе ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де, әскерге шақырылғандардың өмірі мен денсаулығына да қатысты болып отыр, олар біреудің баласы, енді біреудің бауыры», - деді Константин Авершин.
Осылайша, депутат әскер туралы блогерлер мен қоғамдық пікір айтушылар тарапынан көпшілікке жеткізілетін ақпараттың шынайылығын арттыру үшін ұсыныс білдірді.
«Жалпыға ортақ әскери міндет және әскери қызмет заңнамасына сәйкес әскерге шақырылмаған (кейінге қалдырылған не басқа себептермен) азаматтардың ерікті түрде тиісті әскери-медициналық комиссиядан өтіп, әскери бөлімдерде уақытша (1-3 ай) жедел әскери қызмет өтеуіне мүмкіндік беруді қарастыру керек», - деді ол.
Айтуынша, бұл шара блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары қатарынан әскери қызметті өткеру аспектілерін шынайы жариялауға шынымен мүдделі адамдарға армия атмосферасына енуге мүмкіндік береді.
«Ал, қоғам олардан Қарулы күштер туралы тікелей ақпарат алады. Сонымен қатар, бұл шара әскерге баруға ниет білдірушілерге, нағыз патриоттарға іс жүзінде елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға өз үлесін қосуына мүмкіндік береді. Осылайша, әскери қызметтің нағыз қиындығы мен ауыртпалығын сезінеді. Менің ойымша, бұл олардың дүниетанымындағы көп нәрсені өзгертеді», - деді депутат.
Сондай-ақ, бұл бастама жедел әскери қызмет өткермеген, қолына автомат ұстамаған азаматтардың ең болмағанда, бастапқы әскери даярлықтан өтуіне мүмкіндік туғызбақ.
«Қорғаныс министрлігіне осы мәселені қарауды, нормативтік-құқықтық актілерге, бұйрықтарға тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар дайындауды, қажет болған жағдайда азаматтардың әскери жиындардан өтуіне қатысты жаңа бұйрықтар әзірлеуді ұсынамын», - деді Константин Авершин.