Депутат Алматының таулы аудандарындағы құрылысқа мораторий жариялауды ұсынды

2054
Adyrna.kz Telegram

Сенат отырысында депутат Андрей Лукин Алматы қаласының таулы және тау бөктеріндегі аудандарда құрылысқа мораторий жариялап, шектеуді ұсынды. Сонымен қатар, ақшаға құнығып, есепсіз баю жолында түскен топтардың әсем қала табиғатын түбі құртып тынатынын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Депутат Алматы қаласындағы жұртшылықтың уәжін жеткізіп, тау бөктерінде қаулаған құрылыстың жұртшылықты толғандырып отырғандығын айтты. Мұнымен қоса, құрылыс салу барысында алма бақтары оталып, даулы мәселелердің күрмеуі көбейе түскен.

"Жекеменшік құрылыс компаниялары бизнесті тексеруге қойылған мораторийді алға тартып, шаруа қожалығы мен бау-бақшаға арналған жердің мақсатын жеке тұрғын үй салуға өзгертіп алады және тау бөктеріндегі аймақтарда көпқабатты тұрғын үй кешендері құрылысын салуды қарқынды жалғастырып келеді. Тау бөктерінің жұмсақ жері күрделі құрылысқа жарамсыз екені белгілі. ТЖМ бұл учаскедегі құрылыс техногендік сипаттағы көшкіндерге әкелуі мүмкін екені бірнеше рет хабардар еткен болатын", - деді депутат Сенаттың жалпы отырысында Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.

Депутат мұндай қарқынды құрылыстың жайдан-жай болып отырған жоқ екендігін де тілге тиек етті. Алма бақтарының оталып, орнына қарқынды тұрғын үйлердің салынуы біреудің мүддесімен немесе салғыртығынан болып отырғандығын қадап айтты.

"Жылжымайтын мүлік саласындағы хабарландыруларды орналастыруға арналған қазақстандық ірі сайттардың бірінде Каменское плато шағын ауданында 50 сотықтан гектарға дейінгі жер учаскелерін сату туралы бірнеше хабарландыру бар. Бұл учаскелер бір кездері шаруа қожалықтары ретінде берілген болатын, ал қазір коттедж қалашықтары, таунхаустар, клуб үйлері үшін «ең жақсы орын» ретінде сатылып жатыр. Бір хабарландыруда меншік иесі тіпті мемлекеттік органдардағы байланыстар арқылы жердің нысаналы мақсатын қайта ресімдеу және өзгерту кезінде көмек көрсетуге дайын", - деді Андрей Лукин.

Сондай-ақ, депутат алма бағы жайнаған Алматы қаласының табиғатына да алаңдаулы. Алматы аудандарының экологиялық күйі мен тау бөктерінің ерекше сұлу табиғаты кейбір топтың пайдаға кенелу мен баюға есепсіз құнығуына байланысты жойылып кетуі мүмкін деп дабыл қақты. Сенатор шұғыл арада Үкіметке осы мәселені қолға алып, бақылауда ұстауды ұсынды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер